Ішкі істер министрлігінде кадрлық ауыс-түйістер жасалды
Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы қызметіне полиция полковнигі Санжар Әділов тағайындалды. Сондай-ақ, президент әкімшілігінің келісімімен көліктегі полиция департаментінің басшысы қызметіне полиция полковнигі Бекиев Оңал Ботаұлы келді. Жаңа басшыларды ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ.
Санжар Әділов 1977 жылы туған. Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері қызмет етіп келеді. Басшылық қызметтерде тәжірибесі мол. Түрлі жылдары құқық қорғау органдарының (ішкі істер мен қаржы полициясы) тергеу бөлімшелерінде, ІІМ тергеу департаментінде жұмыс істеген. 2013 жылдан бері Нұр-Сұлтан мен Алматы полиция департаменттері басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді. Тұрғымбаев министрліктің орталық аппараты қызметтерінің басшыларына ел Президентінің қылмыспен күрес, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмаларын еске салды.
«Тергеу бөлімшелері қылмыстарды жылдам әрі толық ашу мен тергеуді, халықтың конституциялық құқығын қорғауды, жаза қолдану қағидасын қамтамасыз етуі керек», - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Оңал Бекиев 1975 жылғы, 1998 жылдан бері ішкі істер органдары қатарында істеп келеді. Ішкі істер органдарында орта және аға басшы құрамның әр түрлі лауазымдарында қызмет атқарды.
ІІМ кадр саясаты департаменті басшысының орынбасары болған. Алматы облысында және көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары болған.