Президент Үлкен Алматы көлі мен Медеудің қоқыс алаңына айналғанын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының және шаһар маңындағы демалыс және туризм орындарының санитарлық жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг пен азаматтардың өтініштерін талдау кезінде қаланың демалыс және туризм аймақтарының санитарлық жағдайы мәз емес екені анықталды.. Үлкен Алматы көлі, Медеу және басқа да демалыс орындарына қоқыс тастау әдеттегі жағдайға айналды. Тек ағымдағы жылдың өзінде әкімдік 86 қауіпті қоқыс алаңын анықтады, оның 55-і әлі жойылған жоқ», - деді Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Президент бұл жағдайларға байланысты әкімдікке тапсырма берді.
«Әкімдікке Экология және геология, табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, туристік нысандардың ластануын болдырмауға және қоқыс орындарын жоюға арналған шаралар қабылдауды тапсырамын. Қалдықтарды қайта өңдеуді ұйымдастыру керек, бүгінде Алматыда бұл тек 11%-ды құрайды. Қалада қоқысты қайта өңдейтін заманауи кәсіпорындар жоқ», - деді Қазақстан Президенті.