Жанбота Алдабергенова: «8 наурызда адасып кеттік»
Жанбота Алдабергенова, фристайлшы
Алматыда өткен Универсиада ойындарында Оңтүстік Қазақстан облысының атынан барған фристайлшылар Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова дода бастала салысымен ел қоржынына күміс және қола жүлделерді салды. Бұған тек Оңтүстік өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан жанкүйері бөріктерін аспанға атып қуанған еді. Дегенмен, Жанбота уысында тұрған алтыннан айрылып қалғанына өкінді. «Жеңілістен» жігерленген қайсар қыз Жанбота ақыры дегеніне жетіп, келесі күні алтыннан алқа тақты. Сонда Жанботаға сүйсінбеген жұрт қалмады.
Міне, әп-сәтте халықаралық қыз-келіншектер мерекесі келіп те қалды. Біз Жанботаны тек спортшы ретінде білетін едік. Жалпы, спортшы қыздар 8 наурыз мерекесін қалай өткізеді? Осы мерекеде бастарынан қандай қызықты оқиғалар өтті? Осы жайлы Жанботадан сұрап көріп едік:
Жанбота Алдабергенова:
Спортшы болғасын ба, бізде ондай қызықты сәттер бола бермейді. Ылғи дайындықтан-дайындық. Той тойлауға, думандатып жүруге уақыт тапшы. Бірде біз құрамамен бірге АҚШ-қа ұшып бардық. Бұл – 8 наурызға тура келді. Осы күні Нью-Йорк қаласында болдық. Әрине, Нью-Йоркты теледидардан талай көрдік. Сонда керемет тамсанушы едік. «Шіркін, сонда болсам ғой» деп. Адам армандай да білу керек екен. Сөйтіп, арман орындалып, Нью-Йоркқа табаным тиді. Сондағы қуанышымда шек жоқ. Және ол кезде кез-келген нәрсеге шынайы қуанатын жастамын.
Сонымен, бұл саяхат мен үшін нағыз мереке болды. Әйгілі Бруклин көпірінде қыдырдық. Манхэттенді армансыз араладық. Time Square алаңында шытырлатып естелік суретке түстік. Қызды-қыздымен біз Бостандық ескерткішіне баруды жоспарлап, жаттықтырушылардан тым жырақтап кетіппіз. Суретке түсе беріп, телефон қуатын да тауысып қойыппыз. Сондағы өкінгеніміз-ай! Неге бұлай істедік деп. Өзімізше жаттықтырушылардан қашып, ересек сезініп жүргенбіз ғой. Сөйтсек, онымыз құр далбаса екен. Жәутеңдедік де қалдық. Жаттықтырушыларымызбен хабарласу үшін көпшіліктен көмек сұрауға тура келді. Бапкерлеріміз басымыздан сипай қоймады, таксиге отырғызды да жатын орнымызға жөнелтіп жіберді. Сөйтіп Бостандыққа жете алмай өкінгенбіз. Қазір еске алсам күлкім келеді.
Мұрағаттан, 2017 ж