Гроссмейстер дайындаған бапкер Григорий Ким
Неліктен ірі саясаткерлер, әсіресе президенттер шахмат ойнағанды құп көреді? Байқасаңыз, саяси сарындағы деректі һәм көркем фильмдерде президенттер жұмыс бөлмесінде шахмат ойнап отырады. Тіпті, ойнамаған күнде де көрнекі жерде шахмат тақтасын ұстайды. Мазасыз күй кешкенде шаршы тақтадағы мүсіндерге қарап терең ойға батады. Сонымен қатар, саясатта «ат жүрісі» деген кең таралған термин бар. Ат жүрісі – күтпеген жерден шаңырағыңызды шайқап жіберетін жойқын жүріс. Саясаткерлер қарсыластарын көбіне осы ат жүрсімен ұстағанды ұнатады екен.
Осы жөнінде әйгілі гроссмейстер Анатолий Карпов зерттеп көріпті. Сонымен, шахмат ойыны саясаткерлер арасында неліктен өте танымал? Сөйтсек, шахматты жиі ойнайтын адам күйзеліске аз ұшырайды екен. Өте-мөте қиын жағдайға тап болса да, өздерін жоғалтып алмайды. Керісінше, жылы жымиып қана қойып, сол жағдайдан шығу жолдарын қарастырады. Ал, егер шығу қиын жағдайда, тақтадағы бір мүсінді құрбандыққа шалып, басқа мүсіндерді аман алып қалады. Ең бастысы, шахмат ойыны үстінде көптеген саясаткерлер өздерін көшбасшы сезініп, жауапкершілік жүгі мойындарында екенін түсінеді. Бір қызығы, шахматты жиі ойнайтын президент көбіне халқының қамын бірінші орынға қояды екен. Бұл – шахмат ойынының өзіне тән қасиеті.
Болашақ саясаткерлер шоғыры Шымкентте өсіп келеді. Ләззат Тәжиева атындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде. Мұнда Григорий Ким есімді өте тәжірибелі шахмат бапкері бар. Биыл ол 60 жасқа толып отыр. Ол осынша жыл ішінде жемісті еңбегімен көзге түсті. Оның қолынан талай жеткіншек биіктерге самғап ұшты. Нақтырақ айтар болсақ, Жанна Қарабаева қыздар арасында 20 жасқа дейін, Жандос Ағманов – 14 жасқа дейін, Рамазан Жалмаханов – 12 жасқа дейін, Салтанат Мұратова – 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Қазақстан Республикасының жеңімпаздары атанды. Ал, Гүлісхан Нахбаева Оңтүстік өңірінен ең алғаш болып халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атағына қол жеткізді. Және түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарған шәкірттері де аз емес. 3 жыл бұрын Грекияда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасында оның 5 шәкірті ойын өрнегін көрсетті. Және олар командалық есепте 2 орыннан көріне білді. Әрине, мұндай ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке кез-келген бапкер жете алмасы анық.
- 2006 жылдан бастап Григорий Ким менің бапкерім болды. Оған дейін марқұм Космин Вадим Иванович еді. Ол кісі өте жұмсақ болатын. Мен әбден сол кісіге үйреніп қалыппын. Содан шығар, бастапқыда жаңа бапкеріме үйрене алмадым. Шыны керек, ол кісімен жұмыс істеу мен үшін өте қиын болды. Себебі, Г.Ким тым қатал еді. Ол шәкірттеріне өте қатаң талап қоятын,-дейді халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Гүлісхан Нахбаевадан ұстазы Григорий Ким мырза туралы. -Ол бізге шахматқа зор жауапкершілікпен қарауды үйретті. Тік мінезді кісі еді. Шахматқа жүрдім-бардым, салғырт қарайтындармен «есік мұнда» деп арадағы байланысты бірден үзді. Мұндай шәкірттерге уақыт жоғалтқысы келмейтін. Көбісі оның қатаң талабына шыдай алмай кетіп қалатын. Шынымды айтсам, кейде мен де шахматты тастап кеткім келетін. Себебі, оның қаталдығы шектен шығып кетуші еді. Сондайда білдірмей көз жасымды сығып алатынмын.
Есімде, бұрынырақта біз облыстың бір топ жас шахматшылары Г.Киммен бірге Чехияға жарысқа бардық. Жаппай жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Неге дейсіздер ме? Өйткені, біз бапкерімізден қатты қорықтық. «Ұтылсақ бізді аямайды. Қайтсек те ұтуымыз керек» деп. Сонда бізге жүлделі орын да, рейтинг те маңызды емес еді. Маңыздысы – оның бізге разы болғаны. Сол себепті, біз оның көңілінен шығу үшін, ұрыс естімеу үшін барымызды салдық.
Әрине, бәсеке болмаған жерде өсу де болмайды. Г.Ким бізді бәсеке әдісімен жаттықтырды. Өзінің тобындағы жас шахматшыларды бір-бірімен бәсекелестіріп отырды. Бәсекеде жеңіп шыққан үздіктерді өзгелерге мақтап отырады. Сондықтан да, біз үздік болу үшін жанталасатын едік.
Қазір ойлап қарасам, оның тәрбиесін алғаныма қуанамын. Егер ол бізге қаталдық танытпағанда, біз қазіргідей жетістікке жете алар ма едік? Жоқ. Менің гроссмейстер атағын алуыма оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінде мен ол кісімен жиі хабарласып, кездесіп тұрамын. Көрген жерде рақметімді айтуды ұмытпаймын.
Әзірге оның шәкірттерінен тек мен ғана гроссмейстермін. Егер бір бапкер екі және одан көп гроссмейстер дайындаса, ол «ҚР еңбек сіңірген бапкер» деген атаққа ие бола алады.
Мен қазір Шымкентте өз мектебімде жас балаларды шахматқа баулимын. Яғни, бапкермін. Бір түсінгенім, бапкер болған өте ауыр екен. Бапкер психолог болу керек. Әр адам әр түрлі. Сондықтан да әр оқушыға әр түрлі қадам жасайсың. Әдіс-тәсілді үйрету жолдары да әр алуан болғаны жөн. Бір оқушы үйреткеніңді ұғады. Енді бірі еш ұқпайды. Сол себепті, бапкерге тән қасиет – шыдам. Шыдам болған жерде ғана нәтиже болады. Бір гроссмейстерді дайындау үшін бар ғұмырыңызды сарп етесіз. «Бала-шағаның қадірін балалы болғанда білерсің» демекші, мен бапкер болғалы бері, Г.Кимді жақыннан тани түскендеймін. Оның бізге жұмсаған еңбегінің орасан екенін енді ұққандаймын, - деп Гүлісхан ағынан жарылды.
Григорий Ким бір сұхбатында:
«Менің ең басты арманым – шәкіртім әлем чемпионы болса деймін. Меніңше, бұған аз қалды» деп айтып еді. Ендеше біз Григорий мырзаны алпрцыс жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, оған жұмысында тек табыс тілейміз! Шәкіртіңіз әлем чемпионы болып, барша қазақстандықтарды қуанта берсін!
Мұрағаттан, 2017 ж