Үздік 5 кәсіпқой боксшы
Бокс – Қазақстан елінің «ұлттық» спорты іспеттес. Иә, бокс. Күрес емес. Әрбір Олимпиада сайын қазақ халқы күрестен күтпесе де, бокстан ең кемі 3 жүлде күтетіні аян. Соңғы 20 жылда Қазақстан әуесқой бокстан әжептеуір жетістіктерге жетті. Енді әуесқойды қойып, кәсіпқой түріне көше бастадық. Бұрын тек Геннадий Головкин ғана қазақстандықтарды, тіпті керек болса Ресейді қуантып жүруші еді. Қазір Гена секілді жуан жұдырықтылар қарасы көбейіп келеді. Мысалы, биыл соңғы 6 айда біраз кәсіпқой боксшылар қарсыластарын сұлатып үлгерсе, енді бірді-екілі талантты әуесқой боксшылар кәсіпқой боксқа ауыса бастады.
Жақында prosports.kz сайты Қазақстанның кәсіпқой боксшыларының рейтингісін құрыпты. Белбеулеріне қарай. Бұл рейтингке біраз асуларды бағындырып тастаған 5 боксшы енген. Сонымен, рейтингке үңіліп көрелік.
Бұл тізімде 5-ші орыннан «Қазақ» табылыпты. Яғни, Қанат Ислам. «Қазақ» - оның рингтегі лақап аты. Естеріңізде болса, күздігүні біздің «қазақ» Алматыда өткен бокс кешінде Гана елінің боксшысы Патрик Аллотеймен жұдырықтасқан еді. Шаршы алаңдағы кездесу өте тартысты өтті. Итжығыс десе болады. Әйтеуір, Қанат жаралы қолымен соңына дейін айқасты. Нәтижесінде, ұпай санымен жеңіске жетті. Бұл жеңіске ол техникасының емес, ерік-жігерінің арқасында жетті. Қазіргі таңда, кәсіпқой бокс мансабында ешкімнен жеңіліп көрмеген Қанат бразилиялық былғары қолғап шебері Робсон Ассиске қарсы кездесуге дайындалуда. Оның айтуынша, «ұлтжанды болмай, чемпион болып керек емес». («Рейтинг» газеті, №45, 24 қараша, 2016) Сонымен, Қанат туралы қысқаша мәлімет келтіре кетсек:
Туған жері: Алтай, Қытай
Жасы: 32
Салмақ дәрежесі: Бірінші орта салмақ (69 келі)
Жекпе-жектер көрсеткіші: 22 (18КО) – 0
Қанаттан бір саты жоғары орында Иса Ақбербаев тұр. Иә, Исаны ат төбеліндей бокс жанкүйерлері танымаса, қалың қазақ біле бермейді. Ол ең алғашқы жекпе-жегін 2009 жылы Өзбекстанда өзбек боксшысы Шухрат Ишмухаммедовқа қарсы өткізді. Бұл жекпе-жекте ол еш қиындықсыз жеңіске жетеді. Осы ырғақпен ол 10 былғары қолғап шеберін сұлатады. 12-ші жекпе-жегінде Брайан Клукей есімді АҚШ боксшыны қарсы тұрады. Айқас әйгілі Madison Square Garden шаршы алаңында өтеді. Ал, мұнда екінің бірі жұдырықтаса алмайды. Тек, танымал немесе зор қарқынмен таныла бастаған әлеуеті жоғары боксшыларда ғана мүмкіндік бар. Бірақ, осы кездесуде айқын басымдылықпен жеңіске жетсе де, Исаның рейтингісі құлдырай бастайды. Кейінгі кездесулері Германия, Ресей елдерінің шаршы алаңдарында өтеді.
Жалпы, 8 жылда 18 кездесу өткізіпті. Соңғы 2 жылда 3-ақ рет шаршы алаңға шыққан. Бұл аз ба, көп пе? Мүмкін, ауыр салмақтағы боксшы үшін қалыпты шығар. Ендеше, Иса туралы мәліметпен танысып көрелік:
Туған жері: Қостанай, Қазақстан
Жасы: 33
Салмақ дәрежесі: Бірінші ауыр салмақ (90 келіге дейін)
Жекпе-жектер көрсеткіші: 18 (13КО) – 0
Алғашқы үштікті өзіміздің жерлес, 2004 жылғы Афина олимпиадасының қатысушысы Бейбіт Шүменов қорытындылапты. Жалпы, ауыр салмақта жұдырықтасатын боксшыларға тән «жалқаулық» біздің Бейбітте де бар екен. Ол ең алғашқы жекпе-жегін осыдан 10 жыл бұрын АҚШ-та Уолтер Эдвардс есімді боксшыға қарсы өткізіпті. Бір қызығы, Уолтер де сол кезде өзінің мансабын енді бастапты. Осылайша, Бейбіт тәжірибесіз Уолтерді «ойнап жүріп» жеңеді. Бұдан кейінгі кездесулерде ол тәжірибесі жоқ не аз және әркімнен талай жеңілген боксшылармен айқасады. Бәрін жеңеді. Оның кәсіби бокс мансабында ең мықты қарсыласы – әйгілі Бернард Хопкинс болады. Талай азулылармен жұдырықтасқан тісқаққан 49 жасар Бернардқа Бейбіт ешқандай қарсылық таныта алмады. Міне, осы жеңіліс Бейбітке зор серпін алып келді. Ол өзінің қателіктерімен жұмыс істеп, нәтижесінде соңғы 3 кездесуді АҚШ-та өткізеді. Әрі тегеуірінді қарсыластарға қарсы. Үшеуінде де жеңіс тұғырынан көрінеді. Енді биыл ол әлі жеңіліп көрмеген Кубалық Юниер Дортикосқа қарсы өткізеді.
Қазір ол WBA Regular чемпиондық титулына ие. Бұл атаққа ол былтыр қол жеткізді. Бірақ, Бейбіт толыққанды чемпион емес, себебі WBA тұжырымының суперчемпионы – ресейлік Денис Лебедев. Тек ресейлік ұтқан соң Шүменов нағыз чемпион болады.
Туған жері: Шымкент, Қазақстан
Жасы: 33
Салмақ дәрежесі: Бірінші ауыр салмақ (90 келіге дейін)
Жекпе-жектер көрсеткіші: 17 (11КО) – 2
Чемпиондық титулы: WBA Regular
Өткен жұмада Қазақстанда «жаңа» жұлдыз жарқ етіп жанды. Аты-жөні – Жанат Жақиянов. Шыны керек, бұған дейін ол ел ішінде аса танымал емес еді. Афина, Бейжің, Лондон олимпиадаларында бақ сынап көрген Уоррен Роши есімді АҚШ боксшысын ұпай санымен жеңген Жанат оның жеңіл салмақтағы WBA Super және IBO чемпиондық титулдарын «тартып алды». Осылайша, Жанат ойламаған жерден абыройлы һәм олжалы болып шыға келді. Жалпы, Жанат бұл кездесуден 30 мың доллар сыйақы алған. Ал, Уоррен Роши 150 мың доллар алған. Себебі, кездесуге дейін оның атақтары болды. Тіпті, ол Жанатпен жұдырықтаспай қойса да болар еді. Дегенмен, ақшаға қызықты ма әлде Жанатты қарсылас деп есептемеді ме, салдарынан белбеулерінен айрылып қалды. Жұрт та Жанаттан мұндай «сенсацияны» күтпеп еді. Себебі, АҚШ боксшысынын екі рет нокдаун алған Жанатты көпшілік «болды, жеңілді» деп ойлап еді. Дегенмен, Жанат Қанат секілді соңына дейін айқасты. Осыдан-ақ біздің боксшылар қазақ ұлтының өжеттілігі мен табандылығын, темірдей жүйке мен шыдамдылығын әлем елдеріне аш етті десек болады.
Жанат Қазақстан тарихында – төртінші чемпион. В.Жиров, Б.Шүменов және Г.Головкиннен кейін. Оның кәсіпқой рингте тек бір ғана жеңілісі бар. Ол осы мансабының басында «ZZ» ресейлік Сахиб Усаровтан жеңілген.
Туған жері: Петропавл, Қазақстан
Жасы: 33
Салмақ дәрежесі: Аса жеңіл салмақ (53 келі)
Жекпе-жектер көрсеткіші: 27 (18КО) – 1
Чемпиондық титулы: WBA Super, IBO
Құрметті оқырмандар, рейтингте бірінші орында кім тұрғаны айтпаса да түсінікті шығар. Ол – Геннадий Головкин ғой. Біз ол туралы айтпақ-ақ қояйық. Гена туралы баяғының жыраулары секілді тәуліктеп «жырласақ» болады. Дегенмен, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ол жайлы толық біледі десек болады. Сондықтан да, біз тек ол туралы қысқаша мәлімет бере кетейік.
Туған жері: Қарағанды, Қазақстан
Жасы: 34
Салмақ дәрежесі: Орта салмақ (72 келі)
Жекпе-жектер көрсеткіші: 36 (33 КО) – 0
Чемпионды титулы: WBA Super, IBF, IBF, IBO
Әр баста бір арман дейді ғой. Қазіргі тағда Генаның басты мақсаты – абсолютті чемпион атану. Бұл үшін ол Билл Джо Сондерстен WBO белбеуін тартып алу керек. Сонда ол әлемнің ең үздік боксшысы атанады. Мұндай жетістікке ТМД көлемінде ешкім жеткен емес.
Мұрағаттан, 2017 ж