«3 миллиард теңгеге қанша келісілген ойын өткізуге болады?»
Өткен жылы Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы төңірегінде басталған дау әлі тыншымай тұр. Тіпті, өршіп барады. Неге десеңіздер, жуықта «Ордабасыға» атышулы Бақтияр Байсейітов президент болып тағайындалыпты. Бұл хабар клуб жанүйерлеріне өте ауыр тиген. Әділдікті қайдан іздерін білмеген жанкүйерлер ойлана келе Елбасыға ашық хат жазуды ұйғарыпты. Онда былай делінген:
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіздің қазақ футболына деген жанашырлығыңызға алғыс айта отырып, ашық хатты жазу себебін түсіндіре кетуді жөн көрдік. 2015 жылы «Ордабасы» футбол клубына Бақтияр Байсейітов бас бапкер болып келді. Бірақ, біз оны жылы қабылдай қоймадық. Себебі, оны 2003 жылы келісілген ойын өткізді деген күдікпен сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиев «Ордабасыдағы» қызметінен босатқан болатын.
Өкінішке қарай, қайта бас бапкер болған Бақтияр Байсейітовке жанкүйерлер наразылықтарын стадионда (Бақтияр, кет!» деген жазуы бар плакат), баспасөз конференцияларында, БАҚ-та ашық түрде білдірсе де, ол былқ етпеді. Құрғақ уәде беруден шаршамайтын Бақтияр клуб жанкүйерлерінің намысына әдепсіз сөздер айтып тиді (Ит үреді, керуен көшеді!)
Еурокубок ойындары басталар алдында, ол «Ордабасыда» қанаттанған ең негізгі екі ойыншы - Азат Нұрғалиев пен Ғафуржан Сүйімбаевты сатып жіберді. Ол біздің жас ойыншыларға өздерін көрсетуге мүмкіндік бермейді. Керісінше, клубқа мансабын аяқтауы тиіс егде ойыншыларды жинап алды. Әсіресе, оның тұсында клубта легионерлер көбейіп кетті.
Астанадағы беделді тамыр-таныстарына арқа сүйеп үйренген Бақтияр уақыт өте келе шектен шықты. Осының салдарынан ол қазақ футболын масқаралады. Яғни, «Ақтөбемен» сырт алаңда болған ойында 4:4 есебі тіркелген болатын. Осыдан кейін көп өтпей, интернетте Байсейітов пен «Ақтөбе» футбол клубының директоры Д.Васильев арасында телефонмен өрбіген аудиожазба пайда болды. Мұнда олар 360 000 доллар төңірегінде әңгімелеседі. Мүмкін, осыған байланысты шығар, қазір Д.Васильевге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, Байсейітов болса нөсер жаңбырдан құрғақ шықты. Бұл туралы біздің БАҚ-тан бөлек, Ресейлік БАҚ-тар жазса да. Осылай қала берсе мейлі ғой, бәрінен сорақысы – «Ордабасыны» ешқандай ұшпаққа шығара алмаған Бақтияр Байсейітов біздің сүйікті футбол клубына президент болып тағайындалды деген хабар бізді, жанкүйерлерді есеңгіретіп тастады. Және жаңа ойын маусымында «Ордабасыға» 3 миллиард теңге бөлініпті. Біз, осы аталған қаржы талан-тараж бола ма деп қауіптеніп отырмыз. Енді Оңтүстік жұрты Бақтияр өткізетін кездесулерге байкот жариялайтын болады.
Біз өткен жылы желтоқсан айында облыс әкімдігіне клуб бюджетіне есеп-қисап жүргізу жөніндегі мәселемен кірген болатынбыз. Ондағы жоғары лауазымды басшылар аталған мәселені шешу жөнінде осы салаға жауапты шенеуіктерге тапсырма берген болатын. Енді, міне... Байсейітов клубан қуылмай, президент болып тағайындалды. Түк түсінбей қалдық.
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бізді осы сорақылықтан құтқаруды сұраймыз! Біз қазақ футболының болашағы зор екендігіне соңына дейін сенеміз. Сізге деген аса зор құрметпен қазақ футболының жанкүйерлері!»
Осы жерде еске сала кетсек, Vesti.kz сайтының тілшісі Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Байсейітовпен байланысыпты. Сонда Бақтияр мырза:
- Кейде өсекке сену керек. Енді екі қызметті (президент және бас бапкер) қатар алып жүремін, - деп жауап берген.
Әрине, бұл ашық хат президентке жетпес. Дегенмен, кім білсін?!. Біз бұл ашық хаттан терең саяси астар іздеп әуре болмай-ақ қоялық. Көптеген жанкүйерлер Бақтиярдан әбден жеріген секілді. Футболдағы ең масқара жайт – келісілген ойын өткізу. Бұл масқараға «Ордабасы» ілікті. Жанкүйерлер осыған қатты ашынған болу керек. Содан бері Байсейітовке іштері жылымай келеді. Әлеуметтік желілерде жұрт клубқа бөлінген 3 миллиард теңгеге Байсейітов қанша келісілген ойын өткізе алатынын (360 мың доллармен есептегенде) есептеп жатыр. Себебі, бұған дейін де Байсейітов «Қайрат» клубының бас бапкері болып тұрғанда павлодарлық «Энергетикпен» келісілген ойын өткізді деген күдікке ілінген. «Энергетиктен» ұтылған Байсейітов «мені алдап кетті» деп қайта-қайта айта берген көрінеді. Бұны спорттық сайттарда «Қайрат» клубының жанкүйерлері растап жатыр. Және Бақтияр мырза Оңтүстік жанкүйерлеріне егер «Ордабасы» премьер лигада қола алмаса, қызметімнен кетуге әзірмін деп айтқаны да ел есінде. Әрі «Ақтөбемен» болған келісілген ойын Ресейлік мамандар тарапынан 100 пайыз дәлелденді. Бұны Айсұлтан Рахатұлы өз бақылауына алған еді. Осыларды санамалай келе, жанкүйлерлер «осындай кісі» президент болуға лайық па сауал тастайды. Футболды масқара күйге душар етпес үшін, дереу Байсейітовты қызметінен босатуды талап етіп отыр.
Ал, «Ордабасы» футболшылары мұндай біржақты пікірге:
- Біз, «Ордабасы» футболшылары, Шымкент қаласы жанкүйерлерінің Елбасыға Бақтияр Даниярұлын сынап-мінеп жазған ашық хатына таң-тамаша қалдық. Шындығында, барлық жауапкершілік бізде жатыр. Бас бапкер бізді әрбір ойынға тыңғылықты түрде дайындайды. Бірақ, ойында қақпамызға доп жіберіп алсақ, ойтайлы сәтті өз пайдамызға шеше алмасақ, бұған бас бапкер кінәлі емес қой. Біз жанкүйерлерімізден қолдау көрсетуді сұраймыз. Дәл қазір шынайы қолдауға мұқтажбыз. Өкінішке қарай, бұл маусымда көптеген сәтсіз ойындар болды. Баспасөз-конференцияларында Байсейітов бізді жаны шырқырап қорғайтын және бізге сенуді тоқтатпады. Осы себепті де, біз Байсейітовты қатты сыйлаймыз, - деп қарсы уәж айтып, жанкүйерлерді сабырға шақырды. Және сирек болса да кей жанкүйерлер Бақтияр үшін қуанышты екендерін айтуда. Себебі, Байсейітов Қазақстан құрамасын жаттықтырған барлық бапкерлер арасында жеңіске жету жөнінен рекордсмен (57, 14%) екенін еске салуда.
Қысқасы, дәл қазір Байсейітовке қатысты әңгіме көбейіп тұр. Енді не де болса ол «Ордабасы» футбол клубының президенті. Келісім-шарт бар дегендей, жанкүйерлер қанша жерден туласа да, ол бұл қызметінен жуықта кетпейді. Ендеше, Байсейітов мырзаға жаңа қызметінде сәттілік тілеп, біздің сүйікті «Ордабасыны» биіктерге көтеруге тырысыңыз дейміз... Басқа не дейміз?!.
Мұрағаттан, 2017 ж