Еркебұлан Сейдахмет – екінші Месси
Биыл, биылы несі, осы уақытқа дейін қазақ тарихында футболдан дәл мұндай ірі жетістікке жетіп көрмеп едік. Қазақстан финалда! Иә, мұндай екі ауыз сөзді ешқашан естімегенбіз. Міне, енді естідік. Футболдан жасөспірімдер құрамасы (U-19) Санкт Петербургте өткен «Гранаткин» мемориалы турнирінде ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Өкінішке қарай, шешуші ойында алаң иелеріне есе жіберді. Бар болғаны 1:0 есебімен тізе бүкті. Біле білген адамға бұл өте үлкен жетістік!
Жалпы, біздің ұлттық құрама «Гранаткин» турнирінен ылғи масқара болып оралушы еді. Мысалы, 2012 жылы Қазақстан соңғы орыннан көрінді. 2014 жылы да осы «жетістікті» қайталады. Ал, 2015 жылы 10 орынға көтерілді. Әрине, аузыңыз толмайды. Яғни, «ауыз толтырып айтарлықтай» деп мақтануға мүлдем келмейді. Осыдан соң ба, Қазақстан құрамасы 2050 жылға дейін, мүмкін өмір бақи топтық ойындардан ары аспайды, плей-офф ойындарын армандамай-ақ қойса болады екен деп амалсыз көнетінбіз. Бірақ, биылғы жасөспірімдер толқыны Ресейде айды аспанға бір-ақ шығарды. Ешкім күтпеді. Басқа басқа, финалға Қазақстан шығады деп кім ойлаған? Үш, керек болса он рет ұйықтасаңыз да, түсіңізге кірмесі анық еді.
Қазақстан құрамасы ойынын бастан-аяқ тамашалаған Ресейлік спорт сарапшылары дәл осы құрамада болашақ барын жарыса айтуда. Сонымен қатар, олар бұл бар болғаны – жасөспірімдер ойыны дейді. Дандайсып кетуге болмайды. Ересектер ойынында дәреже мүлдем басқа. Дегенмен, ересектер ойынына дәл осы құраманы сақтап, осы құраманы дайындаған жөн. Себебі, «Гранаткин» турнирінде осы құрама алаңда бір-бірімен керемет түсінісе білді. Осыны орыстар мойындап әрі қызыға да, қызғана қарап отыр. Себебі, футбол – топтық ойын. Әрбір футболшы белгілі бір жүйенің бөлшегі. Мұнда бір футболшы бүкіл ойын тағдырын шешіп кетті дейтіндей жайттар мүлдем болмайды. Сонымен қатар, құрамадағы барлық ойыншының техникалары көңіл көншітерлік. «Масыл» дейтіндей ешкім жоқ. Және «Гранаткинде» күміс алуға алматылық бас бапкер Александр Кузнецов үлкен
Және сарапшылар турнирде «ең үздік шабуылшы» деген аталымға ие болған Еркебұлан Сейдахметке тәнті болғандарын жасырмайды. Олар Еркебұланға екінші Месси деген баға берді. Қай Месси? Жас кездегі ме, әлде қазіргі ме? Әйтсе де, осы бір мақтаудан соң-ақ, оңайлықпен ешкімді мақтай қоймайтын орыстар қазақ футболын аз да болса мойындағанын көруге болады.
Бір айта кетерлігі, патриоттық тұрғыдан алсақ, финалда Қазақстан құрамасы сапынан ұзын саны 8 қазақ жігіті доп тепті. Сондықтан да бұл құраманы – Қазақстан құрамасы емес, қазақ құрамасы десе әбден жарасады. Қазақ балалары да доп тебе алады екен. Жалпы, біз осы Ресейдк атой салған жасөспірімдерге қарап ой түйдік. Баланы кішкентайынан футболға баулып өсірсе, нәтиже болады екен. Қазақ футболы өлмепті. Болашағы әлі алда көрінеді. Бұл - қит етсе шетелден дәурені өткен-өтпеген легионерлерді алып келе беретін шенеуіктерге сабақ болды деп үміттенейік.
Еркебұлан Сейдахмет – 2000 жылы дүниеге келген. 16 жасар жасөсірім қазірден жұлдыз болып үлгерді. Ертен жарқыраған жұлдыз тез сөніп қалады дейді ғой. Сонымен қатар, орыс сарапшыларының пікіріне құлақ асқан жөн секілді. Яғни, «Гранаткинде» топ жаруға сәл қалған құраманы сақтап қалсақ қалай болады? Легионерлерді әкеле бергенше? Қысқасы, потенциалы жоғары футболшыларды өз арамыздан іздеген дұрыс екен.
Мұрағаттан, 2017 ж