Олимпиада спорттан бұрын қып-қызыл саясат

Oinet.kz 04-09-2019 1579

Screenshot_2.jpg

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды. Осы ширек ғасыр  ішінде талай жетістікке жеттік. «Біз бағындырмаған белес жоқ». Осылай деп мақтанып-ақ жатырмыз. Әрине, алғашқы қадамын тәй-тәй басқан Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Шынында да көптеген салада ауыз толтырып айтатындай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Соның ішінде спорт саласы да бар.

Әлем елдері спортта өздерін қалай көрсете алады? Әрине, олимпиада ойындарында. 4 жылда бір болатын додаға бүкіл әлем жұртының назары ауады. Осы жерде әр мемлекет өз мүмкіндіктерін көрсетіп қалуға тырысады. Олимпиада ойындары тек   спорт емес, сонымен бірге қып-қызыл саясат. Кезінде қырғи-қабақ қарым-қатынаста болған АҚШ пен Совет империясы дүбірлі додада бір-бірінен озу үшін барын салған. Озып кеткен держава шаң қауып қалған басты қарсыласына мұрнын шүйіре, миығынан күліп қараған. Сол тұста Қазақстан Одақ құрамында болды. «Совет спортшылары» - Ғұсман Қосанов, Әлжан Жармұхамедов, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков сынды таланттар Қазақ елінің, ұлтының намысын жырту мүмкіндігінен айырылды.

Мұндай мүмкіндік бізге ғасырлар тоғысында пайда болды. Қазақстан Тәуелсіз ел ретінде ең алғаш 1996 жылы Атланта олимпиадасына қатысты. Сонда алғаш рет олимпиада төрінде қазақ елінің көк туы желбіреді. Дегенмен, онда бір де бір қазақ алтыннан алқа таға алмады. Осы жағы көңілге кірбің түсірді. Өзге ұлт өкілдері, боксшы Василий Жиров, бессайысшы Александр Парыгин, балуан Юрий Мельниченколар жеңімпаз атанды. Бұл олқылықтың орны 2000 жылы Сиднейде өткен аламан додада толтырылды. Киелі Түркістан өңірінің түлегі Бекзат Саттарханов пен жамбылдық Ермахан Ыбырайымов сынды боксшылар бүкіл қазақ елінің абыройын асқақтатты. Осы жарыста Қазақстан бокстан кез-келген мемлекетпен тайталаса алатыны белгілі болды. Себебі, мұнда Бекзат пен Ермаханнан бөлек, рингте кішкене ғана бақ жетіспеген былғары қолғап шебері Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділовтер күмісті қанағат тұтты.

Жалпы, Сидней олимпиадасы – Қазақстан Республикасының ең ірі жетістікке жеткен олимпиадасы болды. Ұзын саны 200-ге жуық ел арасынан 22 орынға ілікті. Осы жерде сіз Лондон олимпиадасы жайлы сұрақ қоятыныңыз анық. Онда біз 12 орыннан көріне білдік. Және Рио олимпиадасында 3 алтын алып, 22 орынды иелендік. Бұлардан Сидней неге биік тұруы керек? Әрине, мұндай сауалдар болатыны заңды. Турасын айтқанда, мұнда легионер мәселесі алдыңыздан кесе көлденеңдейді. Шыны керек, Қазақстан соңғы жылдары көрсеткіш қуалап кетті. Яғни, сапа емес, сан. Неұрлым көп алтын алсақ, неғұрлым көп айтылсақ деп ойлап, легионерлерге жүгіне бастады. Мысалы, 1996 жылы Атлантада алтын алған – Юрий Мельниченко легионер екен. Ал, Сидней олимпиадасында бірде-бір легионер биіктен   көріне алмады. Қоржынға жүлде салған барлық спортшылар - Қазақ елінің тумалары. Міне, жетістік!

Көзбояушылық жұртты шаршатты

Ал, Лондон олимпиадасындағы толағай табыстарға тоқталсақ, мұны бір ауыз сөзбен еш қысылмай көзбояушылық деп айтуға болады. Шеттен келіп Қазақстанға алтын алып берген ауыр атлетшілер Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедовалар допинг дауына ілігіп, атақтарынан айрылып қалды. Сонымен бірге, еліміздің мақтанышына айналған Илья Ильин қос бірдей дүбірлі додадағы алтындарын қайтарып беруге мәжбүр болды.  Бұдан бөлек, 2008 жылы Бейжіңде ауыр атлет Ирина Некрасова күміс, Мария Грабовецкая және Әсет Мәмбетов грек-рим күресінен қолаға қол жеткізіп еді. Ол да жоқ. Сол жарыста екінші орыннан көрінген легионер ауыр атлетші Алла Важенина жүлдесін ала сала, туған елі Ресейге тайып тұрды. Ал, Риодағы алтынды Әзербайжаннан келген Ниджат Рахымов, қоланы Қытайлық Фархад Харки иеленді. Сонда ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарында ширек ғасырда қазақ ұлтынан жалғыз Жазира Жаппарқұлова ғана жүлде алған болып тұр ғой! Осылайша, легионерлер мен допинг дәрісінің күшімен жалы күдірейіп жүрген бас бапкер Алексей Ни жақында өз еркімен қызметінен кетті. Әйтсе де, қанша жерден патриот болсақ та, біздің құраманың ауыр атлеттері тек биіктерден көріне бергені көңілге  күдік ұялатқаны рас. Жанкүйер ретінде емес, сырт көзбен қарасақ. Ақыры, күдік ұлғая келе, соңы осындай абыройсыздыққа душар етті. Ильяны кінәләудан аулақпыз, дегенмен оның допинг қолданғаны рас болса, онда бұл тірлігі ұят болған. Допинг дауына іліккен басқа ауыр атлеттер мүлдем үндемей, тек, Илья ғана «суға кеткен тал қармайды» демекші, «мен кінәлі емеспін. Егер мен допинг қабылдасам, онда басқалар да қабылдаған» деп мәлімдеме жасады. Осының өзі біраз жайтты аңғартса керек. Өтірік адамға ешқашан абырой әпермесі анық.

Міне, осыған байланысты Сидней олимпиадасын бәрінен жоғары қойдық. Мұнда қазақилық бар. Жанкүйерлер арасында «Қазақстан спортшылары» емес, «қазақ спортшылары» деген ұғым пайда болды. Әрі бұл додаға 130 спортшы қатысты. Бұл рекорд әлі өзгермепті. Бұдан кейінгі олимпиадаларда легионерлер саны күрт арта бастады. Спорт сарапшыларының айтуынша, легионерлер Қазақстанның  намысын емес, тек ақшаны көздейді. Әрі жанкүйерлер оларды мүлдем қабылдай алмайды. Көзден кетсе, көңілден тез кетеді. Әйтпесе, Совет Одағы тұсындағы Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтерді ел әлі таниды ғой. Ал, Георгий Цурцумия, Мхитар Манукян, Даниал Гаджиев сынды Олимпиадада топ жарған легионерлерді көпшілік есіне де алмайды. Рас қой. Біздің спорт саласына жауапты басшылар оңай жолды таңдап, шеттен спортшы алып келе бергенше, қазақ топырағында туып-өскен балаларға шындап жағдай жасағаны маңызды. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын». Қазақты қазақ қана түсінеді. Ал, шеттен келгендер қазақтарды ешқашан бауырым деп айтпайды. Бірдеңе қылып «аузымен» айтқан күнде де, жұрт оған сенбейді. Себебі, оның жүрегі бәрібір өз елін аңсап тұрады. 

«Головкин – Ресей боксшысы емес»

 2004 жылы Афиныда алтынға қолы жетпеген Геннадий Головкин қазір кәсіпқой бокста алдына жан салмай, әлем алдында ел абыройын асқақтатып жүр. Оны білмейтін, оны сүймейтін жанкүйер жоқ десе болады. Тіпті, осыған дейін кейбір ресейлік басылымдар Майқұдықта туған Генаны бізге қимай, «Ресей боксшысы» деп меншіктеп жазғаны әлі ел есінде. Бұл жөнінде біраз шу болды. Гена Елбасымен болған ресми кездесуде: «әкем – орыс, шешем – кәріс, ал, мен – қазақпын» деп мәлімдеме жасады. Әрине, әшейін айтыла салған сөз десек те, Генаны тыңдаған өзге ұлт өкілдері, әсіресе ресейліктер қазақты құрметтей бастағаны анық. Себебі, Гена өзін «асырап, адам еткен» қазақтарды сыйлап, бізге бас иіп отыр емес пе? Рингке әрқашан қазақ шапанын киіп шығады. Бұл да болса, Қазақстанға жарнама, насихат! Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы университет қабырғасында бізге өткізген лекциясында «Сіз Бразилияны қайдан білесіз? Әрине, футболынан. Сіз Бразилияның президентін танымасаңыз да, оның футболшылары Пеле, Рональдиньоларды танисыз. Аргентиналық Мессиді білесіз. Францияны хош иіс әтірінен, Германияны көлігінен, Жапония, Кореяларды телефон, теледидарынан білесіз. Гена – Қазақстан бренді. Ол Қазақстанды әлемге танытып жүр. Біздің билік Қазақстанды әлемге таныту үшін миллиондаған долларларға керексіз жиындарды көп өткізеді. Одан да осындай мықты спортшыларды дайындау керек, сапалы тауарлар шығару керек» деп айтқан болатын.  

Тағы бір айта кетерлігі, 69 келі салмақта қазақ боксшылары 2004 жылдан бері Олимпиадалардан жүлдесіз қайтып көрген емес. Бір қызығы, біздікілер  әрбір олимпиада сайын боксшыларымыз міндетті түрде жүлде алады деп мақтанғанмен, оның себебі бар екен. Өркениетті елдер әуесқой боксқа дұрыстап көңіл бөлмейтін көрінеді. Бар болғаны бір жүлде үшін боксшы дайындап әуре болғанша, бір спортшымен оншақты жүлде алуды қалайды екен. Мысалы, су спорты. АҚШ әзірге су спортынан өзгелерге дес бермей келеді. Қуанышқа орай, Риода қазақстандық Дмитрий Баландин деген жүзгішіміз  бірінші орын алып, жанкүйерлерге тосын сый жасады. Осы бір тарихи жеңістен соң, су спортына көңіл айтарлықтай бөлінеді, жаңа чемпиондар өсіп шығады деп сенейік.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда шахматшы Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нақбаева, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен сынды көптеген спортшылар ел намысын дүние жүзі деңгейінде қорғап жүр.

25 жылда қазақ футболы біраз жетістікке жетіп үлгерді. Мысалы, 2015 жылы «Астана» футбол клубы бір мезетте 1 миллиардтан астам адам көретін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл өте үлкен жетістік. «Астана» сонда финалға шыққан азулы «Атлетико Мадрид» клубымен өз жерінде тең түсті. Қазіргі таңда «Қайрат» клубы жұртты қуантып келеді. Шындығында, осыған дейін мазақ болып келген қазақ футболының жанкүйерлер шоғыры пайда болды. Дегенмен, Қазақстан футболшылары клубтық ойындарда әлсін-әлсін оң нәтижелер көрсетіп жатқанымен, ұлттық құрамада ешқандай жетістікке жете алмады.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, бұл 25 жыл – қазақ спортының даму бастамасы, алар асулары әлі алда деп үміттенейік! 

Абылай Сматуллаұлы,

Мұрағаттан, 2016 ж

Гүлісхан Нахбаева: «Жауапкершілік жетістікке жетелейді»
Спортшылар қалай құнсызданады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу