Спортшылар қалай құнсызданады?
Бүгін кинопрокатқа «Навстречу мечте» атты отандық фильм шықты. Жаңа жылдық комедия. Фильмде негізгі (басты емес) рөлдерде – Рио олимпиадасында ірі жетістіктерге жеткен қазақстандық спортшылар ойнайды. Нақтырақ айтсақ, боксшы Данияр мен Василий, ауыр атлет Жазира, жүзгіш Дмитрий Баландин және балуан Елдос Сметов. Және бұған дейінгі олимпиадаларда жүлде алған бір топ спортшылар төбе көрсетеді. Фильм сюжеті бойынша Санжар есімді балақай кумирі Василий Левитқа өзі қолдан жасаған «алтын» кубокты тапсырғысы келеді. Мұның сәті Жаңа жыл кешінде түседі. Фильмде Василий рэп оқиды. Данияр замануи стильде билейді.
- Фильмге түсуіме менің билей алатындығым себеп болды. Түсіру процесі өте ұзаққа созылды. Әйтеуір, түсіру алаңында өз-өзіме дән риза болдым. Сонда істеген жұмысыма 5 деген баға қоямын. Себебі, менің рөлім өте қысқа әрі оңай болды. Жалпы, мен өзім шоу бизнестен қашпаймын, - деп фильм премьерасына қатысқан Данияр журналистерге мәз-мейрам болып сұхбат берді.
Осы фильмнің төңірегіндегі әңгімелерді естіген «Ринго» тобының продюсері Алуа Қонарова Vesti.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында, егер Данияр қарсылық білдірмесе, оны өзінің клипіне түсіргісі келетінін ашып айтты. Себебі, дәл қазіргі сәтте Рио жеңімпаздары – елінің сүйіктілері. Олар не істесе де, халық оң көзбен қарайды. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, Алуа осы алтын сәтті өз пайдасына шешкісі келіп тұрғаны анық. Ал, Данияр шоу- бизнестен қашпайтынын хабарлап еді. Шамасы, жуық арада «Ринго» тобының Данияр түскен клипін көріп қалуымыз ғажап емес. Бұны біз неге айтып отырмыз?
Негізі, Олимпиададан жүлде алған біздің спортшылар «жұлдыз» ауруына шалдықпай, шікірейіп кетпегені қуантады. Олар әрқашан ел ішінде. Шақырған жерден қалмайды. Осы уақытқа дейін олар оқушылармен, студенттермен талай кездесу өткізіп үлгерді. Талай телешоуларға қатысты. Теледидардан жиі көретін болдық. Шыны керек, алғашында саңлақтарды көрген жұрт қуанып қалатын. Кейін ол қатысқан бағдарламаны ден қойып көрмей, басқа арнаға ауыстыра салатын дәрежеге жәй-жәй жақындап келеді. Неге? Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын, мына жазбаны оқып көрелік:
«Әр елде үйге кірсе, төр беретін, сыйлайтын тұлғалары болады. Сондай сыйлылар қатарына - түрлі аламанда медаль алған спортшылар кіреді. Себебі олар біз сияқты өзін әлемге мойындата алмай жүрген ел байрағын шет елде желбіретті. Алайда сол Олимпиада чемпиондарын, Қазақ барыстарын және өзгелерін біз 1 жылда құнсыздандырамыз және олар соған көнеді. Оның жолы былай:
- басында әкімдерге кіргізеді
- кейін патриоттық шара, жиналысқа қатыстырады
- содан ірі ТВ шоулардың қатысушысы
- соңында ұсақ, жеңіл ойын-сауық жобада ән айтқызады, доп тептіреді
- әлеуметтік желіде жеке өмірін лақ етіп елге жар салады
- көрінген сайт, блоггермен сансыз сұхбат, фотолар
- соңында нағыз "қолжетімді" қатардағы кісіге айналады».
Бұл жазбаны «Қазақстан» Ұлттық арнасының продюсері Нұрмұхамед Байғараев өзінің әлеуметтік желісінде жариялады. Жайдан-жай емес. Естеріңізде ме, кезінде мүйізі қарағайдай отандық арнадан «Екі жұлдыз» деген шоу бағдарлама жүріп еді ғой. Сонда Бақыт Сәрсекбаев, Илья Ильин секілді «алтын» жігіттер әншілермен бірге киелі сахнада өлең айтып, айды аспанға шығарған. Енді, спортшы деген жылмиған әнші емес қой. Дауыстары жоқ. Әнші-бишілер ор текедей ойқастаған сахнада өздерін робот секілді ұстайды. Ол кемшіліктері айқын аңғарылып, жанкүйерлерін ыңғайсыз жағдайда қалдырған еді. Жалпы, ел сыйлайтын спортшының ән айтып, би билеп, фильмге түскені құптарлық па? Оны жұрт қалай қабылдайды?
Кейіннен Серік Сәпиев бастаған «Нұр Отандық» спортшылар жұлдыздармен бірге ән айтып, клипке түсе бастады. Әлгі клиптері теледидардан қайта-қайта жылтыңдап шыға берді. Олимпиада өткен сайын, ешбір шоу спортшысыз өтпейтін дәрежеге жетті. Әсіресе, Лондондағы додадан кейін. Әрине, бұл жерде спортшыға жаны ашып отырған ешкім жоқ. Көпшілігі телеарна, сайт, газет-журнал, мекеме рейтингісі үшін алашапқын болды ғой.
Әрқашан ел назарында болғанға үйреніп қалған кейбір гипербелсенді спортшылар әлеуметтік желіден парақшалар ашып, күніне оншақты сурет жариялайтынды шығарды. «Мен спортзалдамын», «Мен үйдемін», «Мен шәй ішіп отырмын», «Енді досыммен ішіп отырмын». Бұл әрине, оқырмандарды жалықтырды. Өзіне деген қызығушылықты жоя бастады. Уақыт өте келе Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтарға қатысты түрлі дау-дамайлар көбейіп кетті. «Бақыт бапкерімен дауласты, әйелімен соттасты; Бақтияр түнгі клубта бір қыз үшін мойнындағы жібін үзе жаздады» дегендей жаңалықтардан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Міне, осы тізбектелген оқиғаларға қарап, Нұрмұхамед жариялаған жазба ащы шындық екенін аңғардық. Шындығында, саңлақтарды қолдан бұзатын – біз ғой. Оларды түрлі іс-шараларға, сұхбаттарға қоймай шақыра береміз. Егер келмесе, «жұлдыз» болып кетті деп жерден алып, жерге саламыз. Сонда олар не істейді? Амал жоқ, көнеді. Спортзалда түнейді деген өте салмақты деген спортшының өзі уақыт өте салтанат сарайларынан, студиялардан шықпайтын болып кетеді. Өткенде В.Левит осындай ешбір бітпейтін іс-шаралардан әбден жалыққанын, спортзалға оралғысы келетінін жұқалап жеткізген еді.
Әйгілі Бауыржан Момышұлы: «Өзіңді сыйлайын жерге қайта-қайта бара берме» деп айтып еді. Ендеше, өзің сыйлайтын адамды қайта-қайта мазалай берген қаншалықты жөн? Өз эгомыздан бұрын оның абыройын ойлаған дұрыс секілді. Әйтпесе, Қожекеңнің «Шапанды халқым өзі кигізді, сосын өзі шешіп алды» деген сөзі еске түсіп кете береді екен.
Мұрағаттан, 2016 ж