Өсек қайдан шығады?
Француз басылымдарында 1963 жылдың 3 мамырында «КСРО футболшысы 30 метрден қақпаға соққы жасаймын деп, қақпашыны өлтіріп алды» деген мақала басылып шығады. Газет баспадан шықпай жатып тыңшылар арқылы Кеңес өкіметі бұл ақпарды естіп футболшыға шара қолданамыз деп шешім шығарады. Бірақ оқиға мүлде басқаша өрбіген еді.
1963 жылдың 2 мамырында Мали Республикасының астанасы Бамако қаласында Мали құрамасы мен СКА құрамасы жолдастық матч өткізеді. СКА аяқдопшысы Виктор Понедельник Мали қақпасынан 30 метр ұзақтықтан соққы жолдайды. Доп қақпашының жанында тұрған малиліктердің сәттілік бойтұмары саналған маймылға тиеді. Өте екпінді соққыдан есін жоғалтқан маймылдың өзіне келуін күтіп Мали құрамасы алаңды босатады.
Суретте шабуылшы Виктор Понедельник.
«Жетістікке жетелейтін бойтұмар» 20 минуттан соң ес жияды. Мали құрамасы содан кейін маймылды қақпа жанына қойып , ойынға кіріседі. Осы оқиғадан соң шабуылшы Виктор Мали қақпасына мүлде соққы жұмсамайды. Себебі, маймылға тағы доп тиетін болса, СКА футболшылары алаңнан тірі шығуы неғайбыл еді. КСРО құрамасы мен Мали құрамасы 1:1 есебін місе, тұтып қайыр қош айтысады. Еліне оралған кеңестік құраманы тосын жайт күтіп жатқан еді. Француз басылымының қателігін білген сәтте кеңестік партия өкілдері Викторға маймылды өлтіріп алмағаны үшін алғысын білдіреді. Виктор Понедельник турасындағы фейк ақпараттар мұнымен аяқталмайды. «Виктор ешкімді өлтіріп қоймайын деп аяғына қара жіп байлап алаңға шығады екен», «Ажал аяқдопшысы» секілді тіркестер баспасөзде жиі қолданылып жүрді.
Көрнекі суреттер ашық дереккөзден алынды.