Ана өлімінің артқаны облыс әкімін айрықша алаңдатып отыр

Oinet.kz 03-12-2009 1116

Screenshot_18.jpg

Құдайға шүкір, Оңтүстік өзінің ақ жаулықты аналарымен мақтана алады. Облыста дүниеге 10-нан астам бала әкелген, тіпті жиырмадан астам бала туған нағыз алтын құрсақты аналар жетерлік. Бала туу көрсеткіші кешегі өтпелі кезеңде біраз төмендегенімен, кейінгі жылдары оның қайта жанданғаны қуантады. Мәселен, былтыр облыста 75 399 ана босанып, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 7445-ке артқан. Өткен жылы ана өлімі 38-ден 24-ке төмендеді. Бұлай болуы тек жауапты басшылардың дұрыс жұмыс жүргізуі деумен шектелмеген жөн. Өйткені жыл санап денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының көлемі көбейді. Емдеу мекемелерінің жағдайы жақсарды. Медицинаның сапасына барынша көңіл бөлінуде. Көп жағдайда ана мен бала денсаулығы медицинаның сапасына байланысты емес пе?! Ақ халатты абзал жандарды ажалдың арашашысы деп тегін атамаған ғой. Бірақ...

 Биылғы жағдайға қарап көңіл құлазиды. Облыс әкімі аппараты әлеуметтік даму мониторингі бөлімінің меңгерушісі Жанат Жұмақованың мәліметіне сүйенсек 2009 жылдың қазан айына дейін облыста 17 ана өлімі тіркелсе, қараша айында 5, ал, желтоқсан айының алғашқы 7 күнінде 4 ана өлімі тіркелген.  Осылайша жыл бітпей жатып-ақ биылғы ана өлімі былтырғы көрсеткіштен асып, 26-ға жеткен. «Бұл жағдай ай сайын өткізіліп отырған штаб отырысында талқыланып, нақты сараптама жасалынып, тиісті тапсырмалар беріліп отырған. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының тиісті салаға  тікелей жетекшілік ететін орынбасары Үкібаева Гаухар Сапартайқызы тарапынан ана өлімін жасыру фактісі орын алып,  қатаң сөгіс алса да, берілген ескерту нәтижесіз қалып отыр. Яғни, денсаулық сақтау басқармасының бүгінгі таңда ана өлімін төмендету мақсатында атқарып жатқан жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмей, сапасы өте төмен дәрежеде қалуда» дейді ол. Қайтыс болған 26 ананың тізіміне көз жүгіртсеңіз, жүрегіңіз қан жылайды. О дүниелік болғандардың басым бөлігі жас аналар. Араларында жасы жиырмаға жетпегендері де бар.  Әрине, ажал тура келсе, шара жоқ. Бірақ денсаулық сақтау басқармасы қолдан келген бар шараны қолданып бақты дегенге көңіл сенбей тұр.              

Облыс әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің ана мен бала өлімін төмендету бойынша өңірлік штабтың 25 қыркүйектегі отырысында облыста сол уақытқа дейін тіркелген 16 ана өліміне жүргізген сараптаманың қорытындысы жарияланған болатын. Ол бойынша 8 айда тіркелген 16 ана өлімінің 85,7 пайызында өлімнен аман алып қалу мүмкіндігі болған. Яғни, бұл жерде медициналық қызмет сапасы тиісті деңгейде болмаған деген сөз. Осыған байланысты  Үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаров облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмаиловқа ана мен бала өлімінің алдын алу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны үшін және 2009 жылғы 21 мамырда Жетісай қаласындағы Мақтаарал  ауданының орталық ауруханасында ана өлімін жасыру фактісіне тікелей қатысы болғаны үшін оның орынбасары Г.Үкбаеваны қызметінен босату туралы тапсырма берген еді. Алайда Гаухар Сапартайқызы сол жолы  қатаң сөгіспен құтылған. Ендігі жерде даулы мәселені шешуді қабырғасынан қойған  облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Тапсырма неге орындалмады? 5 күн. Орындап, баяндаңыз» деп қатаң ескерту жасап, 8 желтоқсанда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа қызметтік хат жолданғаны туралы ақпарат алдық. Қаншама адам қатысқан Үйлестіру кеңесінің  жиынында түзілген хаттаманың негізінде қабылданған ортақ шешімді мойындамай, облыс әкімінің осы салаға тікелей жауапты орынбасары Уәлихан Қайназаровтың уәжімен келіспей, өзге де ресми адамдардың пікірімен санаспай,  сондай-ақ осынау тақырыпқа нақты дәлел-дәйекпен қалам тартқан  «Рейтинг» газетінің сынынан қорытынды шығармай шу шығарып жүрген Гаухар Үкбаева облыс әкіміне де қарсылық таныта ма, қайтер екен? Біз алдағы уақытта даулы тақырыпқа жан-жақты журналистік зерттеу жүргізбекшіміз.

Бақилық болған 10 ана. Яғни, қатаң сөгістен ешқандай  нәтиже шыққан жоқ. Қайта керісінше, ана өлімінің үдей түскенін немен түсіндіруге  болады? Бір қынжылары, Оңтүстіктегі мұндай келеңсіздік мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысымызға келіп ана мен бала денсаулығын жақсарту жөнінде арнайы республикалық жиын өткізгеннен кейін орын алып отыр. 

Жәнібек Тархан

Әлия Юсупова тұрмысқа шықты
Бекзат Саттархановтың соңғы сұхбаттарының бірі: Үш дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу