Зульфия Чиншанло: «Тым сенгіштігім үшін опық жедім»
Биыл қазақ зілтеміршілері үшін Лондон олимпиадасынан кейінгі табысты жыл болады. Дәлірегі болуы тиіс. Өйткені күзде Алматыда ауыр алетикадан әлем чемпионаты өтеді. «Өз үйімізде» өтетін дүбірлі додадан спортшыларымыз алтынды күреп алады деген үміт басым. Алтын спортшыларымыздың бірі Зүлфия Чиншанло.
Жасыратыны жоқ, Лондон олимпиадасындағы тамаша жеңісінен кейін қазақ жанкүйерлері Зулфиямен бір рет өкпелесіп қайта татуласты. Жуырда Зулфия осы келеңсіз оқиға туралы Vesti.kz сайтының журналистеріне былай депті:
- 2012 жылы олимпиадан кейін мен екі ай демалыс алып, Қытайға бардым. Осында бірнеше қытайлық журналистерге сұхбат берген болатынмын. Сөзімді бұрмалап жариялапты. Олар Зүлфия Қытай туының астында өнер көрсетуі үшін туған отанына қайтып оралды деп жазды. Кейінен мен бұл ақпаратты жоққы шығардым. Дегенмен маған, менің туыстарыма Қытай тарапынан қысым күшейіп кетті. Мен сол кезде тым сенгіш болған екенмін, ақырында осы сенгіштігім үшін опық жедім,-- дейді Зүлфия.
Қытай баспасөзі таратқан ақпаратқа арандаған бірқатар журналистердің «орманға қарап ұлыған қасқыр туралы» әңгіме айтып, біраз күңкілдегенін білеміз. Зүлфия Қазақстанда өзі туралы жазылған дүниелерді оқығанын, бірақ ол үшін ешкімге ренжімейтінін білдіріпті.
- Адамдар мен туралы бәрібір бірдеңе дейді. Не десе де маған бәрібір. Мен Қытайдан қайтып оралдым. Сөйтіп бәрін дәлелдедім, --дейді зілтемірші қыз.
Зүлфия былтыр бірде-бір жарысқа қатысқан жоқ. Лондон олимпиадасынан кейін демалып жатыр. Осы демалысында өзінің ескі досына тұрмысқа шыққан. Биыл жиырмаға толады. Осы жасқа дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанған ол бұл атақты биыл Алматыда үшінші мәрте бағындырса дейміз.