Ата-ананың өмірін қалай ұзартуға болады?
Ғалымдар тың жаңалықтарымен бізді жиі таңқалдырып тұрады. Мәселен жақында Калифорния университетінің оқымыстылары ата-аналарымыздың өмір жасын ұзартудың амалын ойлап тауыпты. Ол қалай дейсіз ғой? Бәрі де оп-оңай. Зерттеушілердің айтуынша адамның тез қартаюы мен өліміне себеп болатын негізгі фактор – жалғыздық екен. Университет ғалымдары 70-тен асқан 1600 қарттың өмірін бақылауға алыпты. Зерттеушілерді олардың денсаулығы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қызықтырмаған. Алты жылғы зерттеу нәтижесінде қатысушылардың ішінде жалғыз бастылардың 23 пайызы өмірден өтсе, туыстарының жанында өмір сүргендердің 14 пайызы өмірмен қош айтысқан.
Ата-анамыз қартайғанда бала секілді болатыны рас емес пе? Олар әрдайым өздеріне көңіл бөліп, бір дастархан басында тамақтанып, жиі әңгімелескенді ұнатады. Жасы келген адамдар ішіндегі мұңын, сырын, ақылын біреуге ақтарғысы келіп отырады. Ұрпағының өсіп-жетілгеніне көз жеткізі келіп, немерелерінің қылықтарын көргісі келеді. Міне, бала-шаға, немере, келіндерінің ортасында қартайып, батасын беріп жүрген қариялар ұзақ жасайды екен. Ал қартайғанда қу тізені құшақтап жалғыз қалған, іздеуі, сұрауы жоқ қарттар іштей уайымнан ертерек көз жұмады. Сондықтан ана-аналарыңыздың әлі көзі тірі болса оларға жиі барып тұрыңыздар. Тым болмаса аптасына бір рет қоңырау шалып тұруды ұмытпаңыздар. Немерелерінің маңдайынан бір иіскетіп қайтсаңыз олардан асқан бақытты жан болмайды.
Темірлан Әзімбай,
Қызылорда облысы