Ербол Бейілхан. «Сетер Қыз»
Былтырғыдан биыл мүлде бөтен күз,
Күздей мұңлы, күздей қоңыр екенбіз!
Жазды аяқтап жайлаудан ел көшкенде,
Жаздай болып сен жолықтың, Сетер Қыз!
Жаздай болып сен жолықтың, Сетер Қыз,
Балдан тәтті, тәттіден бал шекерміз!
Бал күндерді дөңгелетіп қаңбақтай,
Көз алдымда көшіп жатыр шетен күз.
Көз алдымда көшіп жатыр шетен күз,
Шетен күзге шер төгумен өтерміз.
Жаһандағы жалғыз ағаш секілді,
Біз адамдар бөлек-бөлек екенбіз!
Бөлектенбей, мені өмірдей сүйген қыз,
Сағыныш қой жапырақтар күйген түз.
Өтпек желдей өткінші бұл ғұмырға,
Сен екеуміз сағыныш боп келгенбіз!
Сенде қалай?
Менде тағы Жалғыздық!
Жан дертімді ұрттап ішем жалбыз қып.
Күңіреніп күз аспаны жылайды,
Жүрегімді тамшылары айғыз қып.
Былтырғыдан биыл мүлде бөтен күз,
Күздей мұңлы, күздей қоңыр екенбіз!
Жазды аяқтап жайлаудан ел көшкенде,
Жаздай болып сен жолықтың, Сетер Қыз...