Жақсылық жасауым ұры атандыра жаздады

Oinet.kz 14-08-2019 1174

Screenshot_4.jpg

Ел ішінде «Тапқан тапқандікі, ешкі баққандікі» деген сөз бар емес пе? Мұны жолы болғыштық дейміз бе, әлде «малтабар» дейміз бе, әйтеуір көшеден ақша, кейде онша-мұнша заттарды жиі тауып аламын.

Жаздың шіліңгір ыстық күні болатын. Таңертең әйелім шәйдің қамымен жүргесін, дүкенге нан алуға шықтым. Ойымда ештеңе жоқ. Келе жатсам арықтың бойынан қызараңдаған зат көзіме түсті. Жақындап қарап едім әйелдер ұстайтын  әмиян екен. Өзі жап-жаңа көрінеді. Жан-жағыма қарап едім, ешкім көрінбеді. Содан әмиянды алдым да дүкенге кіріп, сатушы қызға «жақын арада ешкім әмиян іздеп келген жоқ па? Мына біреуді дүкен маңынан тауып алдым» дедім. Көз таныс болып қалған Сабира «Жоқ, аға ешкім келген жоқ» деді. Заттың иесі осы маңға жоғалтып алғанын есіне түсірсе бірден дүкенге келір деген оймен Сабираға «әмиян сенде тұра берсін, егесі келсе алып кетер» деп едім, сатушы қыз «біреудің затына жауапкершілік ала алмаймын» деп бас тартты. Сөйтіп «іздеп келгендер болса біздің үйді нұсқап жіберерсің» дедім де әмияды үйге алып келдім. «Сақтықта қорлық жоқ» демей ме? Ертеңгі күні сөзім дәлелді болсын деп ішін ашып қарадым. Әмиянда бақандай екі жүз елу мың теңге бар екен. Басқа ештеңе жоқ. Арада екі күн өткесін кешқұрым үйге бір жас келіншек келді. Өзін Индирамын деп таныстырған әйел әмиянды өзіне тиесілі екенін айтты. Бөтеннің мүлкінен құтылғаныма қуанып кеттім де, әмиянды қайтарып бердім. Ол ризашылығын айтып, жөніне кете барды. Бұл оқиға ұмытыла бастаған кезде үйге орта жастағы әйел мен ер кісі келді де, әмиянды жоғалтып алғандарын айтты. Түкке түсінбеген мен осыдан бір апта бұрын Индира есімді қыздың алып кеткендігін айттым. Алайда ерлі-зайыптылар менің сөзіме сенбей, «ұрлап алдың, ақшаны әдейі бермей отырсың» деп өзіме жала жапты. Не керек бұл дау-дамайға полиция араласты да ақ-қарасын анықтап берді. Сөйтсек үйге  бірінші болып келген жас келіншек алаяқ екен. Сол сәтте әлгі әмиянды тауып алғаным үшін және оны бірден полицияға хабарлап айтпағаным үшін өкініп қалдым. Осылайша біреуге жақсылық жасаймын деп ұры атана жаздадым. Сондықтан жерден тауып алған бір теңгенің де, бір түйір моншақтың да сұрауы бар екенін  ұмытпаңыздар. Және де зат немесе ақша тауып алсаңыздар бірден полицияға тапсырсаңыз, өз басыңызды жамандықтан сақтап қаласыз.       

Берік Қамалбаев, 

Жамбыл облысы

Немере бала болмайды екен
Адам уақытын не ұрлап жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу