Немере бала болмайды екен
«Адам – ұрпағымен көрікті» дейміз. Алайда Алла маңдайыңа ұрпақсыз өтуді жазса көнбеске шараң жоқ екен. Осыдан отыз жыл бұрын сүйікті жігітіме тұрмысқа шығып, айдай сұлу қызды өмірге әкелген бақытты ана едім. Қарлығаш дүниеге келгенде жарымның қуанышында шек болмады. Қыз балаларды сондай жақсы көретін. Қызғалдағымыздың қызығына тоймай жүріп, әне-міне дегенше ол бірінші сыныпты аттады. Арада жеті жыл өте шықты. Екінші рет құрсақ көтеруді жоспарлап жүрдім. Күйеуім де қызыма бауыр керектігін айтты. Сабырмен тағы бір перзентті күтіп жүрдік. Бірақ...
Дәрігердің алдына барған сол күнді ешқашан ұмыта алмаймын. Соңғы күндері басым айналып, ұйқым келе бергесін жүрегімнің астында тағы бір тіршілік иесі пайда болған шығар деп емханаға бардым. Алып-ұшып дәрігердің алдына кірдім. Денсаулығымдағы өзгерістерді айтқан соң ол толық тексеруден өту керектігін айтты. Мамандардың айтқанындай барлық тексеруден өтіп шықтым. Ең қорқыныштысы да сол талдаулардың қорытындысы еді. Жүкті болармын деген үмітім бір-ақ күнде күлге айналып, екінші рет ана атана алмайтынымды білдім. Бұл жаңалық Бақытбекке ауыр тисе де маған білдірмей іштей тынып жүргенін сездім. Уақыт өте келе тағдырдың жазуына көне бастадық. Күйеуім де баласының жоқтығын айтып, менің бедеулігімді бетіме басқан емес. Алайда жиын-тойларда құрдас-достары ұлдарын әңгіме етіп қалғанда жарымның басы салбырап, көзіне мұң жиыла қалатынын көргенше көрмегенім артық еді. Әрине, қай еркек ұрпақсыз қалуды қалайды дейсіз?!
Қызымыз бойжеткенде бала асырап алуды ойладық. Бірақ айналадағы түрлі оқиғаларды естіген соң өз қаныңнан жаралған перзент болмағасын оны бауырымызға қалай басамыз деп қиналдық. Қарлығашты жиырма жасында қияға қондырып, құда-құдағи атандық. Көп ұзамай алғашқы қос немереміз Дияс пен Мирас өмірге келді. Отбасында жалғыз болып өскен қызымыз біздің жан-жарамызды байқамады дейсіз бе? Ол ата-енесімен, күйеуімен ақылдаса келе егіз ұлдың бірін бізге беруді ұйғарды. Жас нәрестенің иісін әбден сағынып қалған біздер Мирасты бауырымызға бастық. Тәрбие бердік, оқыттық. Балаға ес кіргеннен біз оның ата-әжесі, ал Қарлығаш пен Сайлауды ата-анаң деп санасына құя бердік. Қызымыз үйге келгенде «ана» деп мойныма асылушы еді. Бәрі Мирас ақыл тоқтатқаннан кейін өзгере бастады. Соңғы кездері ол ата-анасына қабақ шытып, дөрекі сөйлеуді үйренді. Тамыз айының 15-і Мирастың туылған күні болатын. Бәріміз дастархан басына жиналып, ақ тілектерді жаудырттық. Кезек Қарлығашқа келді. Ол «Ұлым...» деп сөзін енді бастап еді, Мирас «мен сіздің ұлыңыз емеспін, мені асырап-баққан сіз емес. Сізді көргім келмейді» деп жүгіріп бөлмеден шығып кетті. Мына сөздерді есіту қызыма қаншалықты ауыр соққанын білемін. Күйеу баламның және оның көзіне жас үйіріліп, булығып қалды. Сол күннен бастап бұл оқиғаға өзімді кінәлі сезіндім. Ешкімнің ұрлауға хақысы жоқ ана мен баланың махаббатын ұрлағанымды сол сәтте барып білдім. Әттең, енді кеш. Бақытбек баланы отбасына қайтарып берейік дегенмен Мирас оған көнбеді. Біздің енді қанша жасайтынымызды Алла ғана біледі. Егер біз өмірден өтсек байғұс баламның жағдайы не болмақ? Өз әке-шешесіне, бауырларына сіңісіп кете ала ма? Ал қызымның жүрегіндегі жараның емі бар ма? Осы уақытқа дейін өз баласын құмарлана иіскей алмаған оны немерем қабылдай ала ма? Егер баяғыда бөтен болса да бала асырап алғанда әркім өз отбасында бақытты ғұмыр кешер еді деген ой ұйқымды ұрлап бітті.
Роза Сейітқұлова,
Жамбыл облысы