Педофилді піштіру керек пе?
Егер педофилдер жасаған қылмысы үшін сот алдында тиісті жазасын алып, бостандыққа шыққаннан кейін ескі әдетін қайталаса, онда оны химиялық кастрация жазасына кесуге болады. «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» үкіметтік емес ұйымының өкілі Ермек Әбдірасулов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай пікір білдірді.
«Бұл ретте халықаралық тәжірибелерді зерделеп, қылмысқа қатысты оның қайталануын, ауқымын ескеру керек. Егер қылмыскер осындай қылмысты бұған дейін де жасап, сол бойынша жазасын өтеп, сосын оны қайтадан қайталаса, онда әрине, жазаның сондай түрін қабылдау қажет болатыны анық», - дейді Ермек Әбдірасулов..
Жалпы биыл елімізде балаларға зорлық-зомбылық жасау фактісі күрт өсіп кеткен. Бірінші жартыжылдықта осы сипаттағы 665 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Мәселенің маңыздылығын осыдан-ақ біле беріңіз.
Бүлдіршіндерге қарсы айуандық қылмыс жасағандарды піштіруді біз ойлап тапқан жоқпыз. Мұны қазір негізінен христиан елдері қолданатын сияқты. Мәселен, Франция, Бельгия, Польша, Израиль.
Осы ретте мына бір әңгіме еске түседі. Қожанасыр баласын дүкенге барып пістемай алып келуге жұмсапты. Кетер кезде Қожекең баласына қарап «майды неге төгесің?» деп, жағынан тартып жіберіпті. Баласы аң-таң. «Әке, мен майды төкпек түгілі, әлі дүкенге барғаным да жоқ қой» депті. Сонда Қожекең, «балам майды төккеннен кейін ұрдың не, ұрмадың не, бәрібір емес пе?» деген екен. Сол айтпақшы түрмеден шыққан педофил бәз-баяғы қылмысын қайталаса, оны бұдан кейін піштірдің не, піштірмедің не? Ол онсыз да ұзақ жылға сотталып кетеді. Ал осындай қауіпті адамға кез болған бейкүнә сәбидің тағдырын кім ойлайды? Бүлдіршіннің өмірі қақпанға қойылатын ірімшік емес қой.