Арқаның кербез сұлу Көкшетауы

Oinet.kz 13-05-2019 2709

31316.jpg

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы

Қарбалас жұмысты, қауырт шаруаны қалт кідірте тұрып, тәнге де тыным берер, жанға да тыныс сыйлар керемет шақ – жаз ғой, шіркін. Үш ай демалысқа шығып, сабақтан қолдары босаған балалармен бірге саяхатқа аттануға тіпті таптырмас кезең. Рас, қазір кім қайда барам десе де, оған жан-жақты мүмкіндік бар. Өз еліміздегі демалыс орындарын олқысына бастаған отандастарымыздың біразы тіпті Түркияда тынығып қайтып, Кипрге қыдырып барып, қайсыбір қуанышын Америкада атап өтіп те жатыр. Бірақ Қазақстанда да демалысты пайдалы һәм қызықты ұйымдастыра алар жерлер жетерлік. Соның бірі – аты аңызға айналған Көкшетау өңірі.

Таулы жер, сулы мекен, көрікті аймақ

Шын мәнінде демалушыларды ең әуелі не қызықтырады? Дұрыс айтасыз, көркем табиғат, таза ауа. Мұның екеуі де – Көкшетауға дөп келетін сипаттамалар. Қазақ даласын қанша араласаңыз да, дәл мұндағыдай сұлу табиғат, саф ауа таба алуыңыз неғайбыл.

Туристерді еліктіретін екінші нәрсе – демалар қоныстың тауға таяу болуы. Бұл жағынан да Көкшетауға жетер жер сирек. Өзіңіз ойлап көріңіз, Көкше өңірінің шығысынан батысына қарай Көкше, Жақсы Жалғызтау, Жаман Жалғызтау, Имантау, Жыланды, Сандықтау, Зеренді, Айыртау, Сырымбет секілді сан алуан таулар орналасқан! Және бұлардың бәрі дерлік кей аймақтардағы секілді – түксиген, жалаңаш, сұр таулар емес, етегін мейлінше жасыл желек көмкерген, арша мен шыршаның, өзге бұталар мен өсімдіктердің түр-түрі өсетін, көруге көз керек көрікті таулар.

Жазғы демалыстың ең маңызды шарты – суға шомылу. Мамыражай маусымда, шіліңгір шілдеде немесе тамылжыған тамызда демалысқа шығып тұрып, суға түспеуге бола ма? Демек, турист атаулыға ең керек мекен – өзен-көлді, демек, сулы, нулы өңір. Бұл сипаттамаға да Көкшетаудан лайықты жерді табу қиын-ақ. Шортанды, Бурабай, Айнакөл, Қопа, Атансор, Майлысор, Мамай, Саумалкөл, Шайтанкөл, Үлкен Қоскөл, Кіші Қоскөл, Шағалалытеңіз, Сілетітеңіз, Үлкен Қараой, Кіші Қараой, Қалибек – осыншама көлі бар көркем аймақты басқа қай елден кездестіресіз?! Бұған атақты Есіл өзенін, оған құятын Иманбұрлық және Аққанбұрлық өзендерін, Жыланды тауынан бастау алып, Шағалалытеңіз көліне құятын Шағалалы өзенін және тағы басқаларды қосыңыз. Өзіңізді бір жағын су, бір жағын тау қоршап тұрған тамаша табиғат аясында елестетіп көріңізші! Мұндай жер тұрғанда бізге шекара асып, шетел қыдырудың қажеті бола қояр ма..

Бурабай – «Қазақстан Швейцариясы»

Көкшетау аймағындағы сұлудың мойнындағы алқадай көзге ерекше ілінер, ауызға алдымен түсер әйгілі көл – Астана мен Көкшетау қалаларынан бірдей қашықтықта, екі аралықта орналасқан Бурабай. «Ерназардың сегіз ұлы бір төбе, Ер Төстігі бір төбе» дегендей, сексен көлдің ішіндегі бір төбе саналатын оның суы тұщы және таза. Мөлдірлігі сондай, тіпті ең терең жерiндегi су асты өсімдіктері мен балықтар да көзге айқын көрiніп тұрады. Көлдiң айналасы – сыңсыған қалың қарағайлы, қайыңды орман. Көкшенiң әйгiлi шоқылары – «Жұмбақтас» пен «Оқжетпес» Бурабай көлiн ерекше көрiктi етiп көрсетеді. Сол себептi жұрт оны «Қазақстан Швейцариясы» деп те атайды. 

Табиғатының көркемдiгi жөнiнен әлем курорттарының iшiнде жетекші орындардың бірін иеленетін Бурабай көлі теңіз деңгейінен 320,9 метр биіктікте орналасқан. Мұнда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы да бар. Ол 2000 жылы құрылған. Аумағы – 83 510 гектар, оның ішінде 47 361 гектары, яғни, тең жартысына жуығы – ну жасыл орман алқабы. Мұнда хайуанаттар әлемінің 305 түрі бар, оның ішінде 87-сі – сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері: сібір елігі, қабан, бұлан, қасқыр,түлкі, қарсақ, борсық, сарыкүзен, орман сусары, сілеусін, т.б. 

Қазір, өздеріңіз білесіздер, Көкшетау облысы жоқ, 1997 жылы таратылған. Көкшетау бүгінде – тарихи-географиялық аймақ қана. Бүгінгі Ақмола облысының солтүстік бөлігі мен оған шектес Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Ақжар, Ш.Уәлиханов аудандарын қамтиды. Мұнда «Көкшетау» ұлттық табиғи саябағы бар. Оның аумағы Көкшетау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 60 шақырым аралығындағы 182 мың гектардан аса алқапты алып жатыр. Саябақ жерінің құрамына Зеренді, Шалқар, Имантау және Айыртау табиғи аймақтарының таулы-орманды, өзен-көлді өлкелері енеді.

671946bb32dd20559509f9454bc09758_L.jpg

Ботайлықтар – арғы ата-бабаларымыз

Ұлттық саябақтың аумағында мемлекет қорғауына алынған 185 археологиялық, тарихи, сәулет ескерткіштері бар: қорғандар, қалашықтар, сонымен қатар, әлемге әйгілі неолит дәуірінің мұрасы – Ботай қонысы. 

Ботай – ертедегі жылқы өсіруші тайпалардың мекені. Ол жерден 60 мыңнан астам сүйек пен тастан жасалған бұйымдар, балталар мен пышақтар, жебе және найза ұштары, сүйектен жасалған инелер, қыштан жасалған ыдыстар және т.б. табылған. Тастан, ағаштан және балшықтан жасалған ботайлықтардың қонысы дөңгелек пішінді болған. Қазақтың киіз үйіне өте ұқсас. Ғалымдар бұл тайпаларды қазақ халқының арғы ата-бабалары дейді.

Қоныс 15 гектар жерді алып жатыр. Әлем ғалымдары зерттеулерінің нәтижесінде б.д.д. V-IV ғасырларда жылқыны алғаш қолға үйреткен осы жұрт екені белгілі болды. Қазір Ботай ескерткіштері Әлемдік Мәдениет құндылықтары тізіміне енген және ЮНЕСКО-ның қорғауында. Арнайы рұқсат алынған жағдайда бұл тарихи орындарды туристердің де тамашалауына болады.

Хан ордасын тіккен жер

Көкшетау – қазақтың тарихы мен мәдениетінде ерекше орны бар өлке. Хан Абылайдың тұсында Қазақ хандығының Ордасы осы Көкшеде орналасқан. Абылай ханның немересі Кенесары бастаған, Қазақ хандығын қайтадан қалпына келтіруге ұмтылған халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысы да алғаш осы өңірде бастау алды. 1823 жылы Орта жүз ханы Уәлидің жесірі Айғанымға Сырымбет тауында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) арнайы қыстау салынды. Осы үйде 1835 жылы Құсмұрын қамалының маңында дүниеге келген әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өтті. 

Қазақтың белгілі өнерпаздары – Шөже ақын, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлар да осы Көкше өңірінде дүниеге келген. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы мен осы аттас әні, Мағжан Жұмабайұлының «Батыр Баян» поэмасы, Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов, т.б. ақын-жазушылардың бірқатар шығармалары Көкшетау тақырыбына арналған. Тарих пен мәдениетке қызығатын демалушылар Көкшетаудағы тарихи-өлкетану музейіне бас сұғып, өңірдің кешегісі мен кемеңгерлері туралы мәліметтерге қаныға алады.

Демалу ғана емес, ем алуға да болады

Бурабай көлінің айналасында курорт, демалыс орындары, шипажайлар, туристік базалар, мейрамханалар, дүкендер, дискотекалы пансиондар көп-ақ. Емдік балшығы, минералды су қайнарлары да бар. Басқа ем-домдарын былай қойғанда, бұл жердің дала шөптері мен қылқан жапырақты орман жұпарымен суарылған саф ауасы мен бұрқыраған қымызының өзі – адамға мың да бір шипа. Мұнда асқазан-ішек, тыныс алу органдарының, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен аяқ-қол ауруларын емдейді. 

Жаз бойы күн нұрын төгіп тұратын климаты да жайлы. Шілде айындағы орташа температура – 25 градустан жоғарыламайды. Яғни, мұнда ешқашан қатты қапырық болмайды. Соған қарамастан, көл суы жылы болады, маусым айында-ақ суға емін-еркін түсе беруге мүмкіндік бар. Қайықпен, катамаранмен серуендеуге барлық жағдай жасалған. Бурабайдың шығыс жағалауы – құмды жағажай, күнге қыздырынып, демалуға қолайлы. 

Ең тереңі – Шортанды, ең тазасы – Үлкен Шабақты

Бурабайдан басқа оның маңындағы көлдердің де өз кереметтері баршылық. 

Мәселен, Жеке батыр жотасының шығыс табанында жатқан Шортанды көлі – Көкше өңіріндегі ең терең көл саналады (18 метр). Оның ұзындығы 7 шақырымға, ені 3 шақырымға созылып жатыр. Көл балық түрлеріне өте бай: мұнда алабұға, шортан, түрпі, сазан, лақалар көп кездеседі. Көл Шортанды (кейде Щучинск деп те атаушылар бар) атты қалашыққа таяу орналасқан. Көкшеге пойызбен баруды қалайтын туристердің назарына: Шортанды қалашығында «Бурабай курорты» атты теміржол стансасы бар. 

Өңірдегі ең үлкен де мөлдір көлдердің бірі – Үлкен Шабақты көлі. Суының тазалығы сондай, түбіндегі ұсақ шаяндардың қыбыр-жыбырына дейін анық көрінеді. Көлдің туристер демалатын бөлігінде балықтардың түр-түрі өте көп, және оларды ұстауға, тағам ретінде пайдалануға рұқсат етілген.

***

Көкшетауға саяхат – әрі демалатын, әрі ем алатын, әрі рухани қуаттанып, шабыттанып қайтатын, адамның жадында мәңгі сақталатын мазмұнды сапар боларына ешқандай күмән жоқ. Сондай тамаша әсерге, керемет көңіл-күйге бөленіп қайтуыңызға титтей болсын септігімізді тигізе алсақ, қуаныштымыз...

С.СЫБАНБАЙ

Мұрағаттан: 12.06.2014


Құлагер тағдыр Құрасбек Тыныбеков. Оған «у беріп өлтірілген» деген диагноз қойылды
Әбілда Аймақ та өтті бұл өмірден…
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу