КВН-ді қазақшалау Шымкенттен басталған

Oinet.kz 23-03-2019 1323

Screenshot_18.jpg

КВН бүкіл әлемге кеңінен танылып келе жатқан ойын. Әсіресе студенттер арасында ерекше дамыған көңілді тапқырлар клубының әзіл-қалжыңы біршама сұранысқа ие. Біздің елде де  қазақ тіліндегі КВН-нің өз аудиториясы, көрермені бар. Ал КВН ойындарын қазақшалаудағы басты мақсат – қазақ тілін дамыту, жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау болғанын ерекше атап өткеніміз абзал. 

КВН-ді қазақшалауда жерлесіміз Есен Елеукеннің сіңірген еңбегі атап өтуге тұрарлық. Кезінде орыс КВН командаларында өнер көрсеткен ол КВН-ді қазақшалауға бел шеше кірісті. Қазақ тіліндегі тұңғыш КВН ойыны 1999 жылы өткізілген. Ал 2005 жылы «Қазақстан КВН одағы» жастар қоғамдық бірлестігі құрылып, бұл бағыттағы жұмыс бір жүйеге түсті. Содан бергі уақытта қазақша КВН қанатын кеңге жайып, даму үстінде. Бүгінгі таңда республика бойынша қаза тілінде 200-ге жуық студенттік, 500-ден астам оқушылар КВН құрама командалары бар екен. Әрбір оқу орнында, мейлі университет, мейлі колледж болсын, тым болмаса бір КВН командасы өнер көрсетеді. Студенттік  командалар республикалық деңгейдегі жарыстарда оқу орнының намысын қорғайды. 

Көңілді тапқырлар жарысында әсіресе шымкенттік командалардың алар орны ерекше. Ұтымды әзілі мен тапқырлығымен мыңдаған көрерменді баурап алған шымкенттік жастар мемлекеттік тілдің насихатына зор үлес қосып жүр. Осыны билік органдары да сәтті пайдалануда. Біраздан бері облыстық тілдерді дамыту басқармасы   «Қазақстан КВН Одағымен» бірлесе отырып  «Тіл болмаса, түгің жоқ...» байқауын өткізіп келеді. Алдыңғы жылдарда оған «АИЮ қонжықтары», «ОҚМУ жастар құрамасы», «Оазис», «Бес саусақ»,  «Экспресс», «Жастар КZ»,  «Аялдама»,  «Қызылорда жастар құрамасы» құрама командалары қатысты. КВН арқылы өзге ұлттың жастары да қазақша сөйлей бастағанына жұрт куә. Ендеше, көңілді тапқырлар клубына мүше қыздер мен жігіттер қазақ тілін мейлінше насихаттау ісін  алдағы уақытта да ойдағыдай жалғастыра береріне сенім мол.  

Мұрағаттан: 24.09.2012

Қазақша сөйлеу Татьяна Мартыненкоға тамаша сәттілік сыйлапты
Қарттардың денсаулықтары басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу