Қазақша сөйлеу Татьяна Мартыненкоға тамаша сәттілік сыйлапты
Үш Татьяна. Қазақ әндерін әуелеткен өзге ұлт өкілдері Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавская. Алғаш «Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында тұсауы кесілген топтың, яғни Татьяналардың таланты кеңінен танылып, лезде-ақ өнер сүйер қауымның сүйіктісіне айналғаны аға буын өкілдерінің әлі есінен шыға қойған жоқ. Кеңес заманында өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, славяндықтардың қазақ тілінде сөйлеуі, қазақша ән айтуы үлкен мақтаныш, соны жаңалық, тіпті, сенсация болатын. Осылайша қазақ өнерінде үлкен сенсация жасаған топ жарқ етіп бес-алты жыл сахнада жүрді де, кейін көрінбей кетті. Күнделікті күйбең тіршілік оларды сахнаданжыраққа жетелеп әкетті. Бірақ, үш Татьяна да өнер базарын тастап шыққанымен, қайнаған өмір базарының бел ортасынан алшақтаған жоқ. Біздің білуімізше, Татьяна Полтавская Ресейге қоныс аударса, Татьяна Бурмистрова Қазақстанда. Жиі болмаса да көрермендерімен көк сандық арқылы қауышып тұрады. Ал Татьяна Мартыненко Шымкент қаласының тұрғыны. №66 «Болашақ» бала бақшасының меңгерушісі.
Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Ордабасы ауданы Шұбар ауылында дүниеге келген Татьяна Мартыненконың фамилиясы украинша болғанымен, құжаттағы ұлты орыс. Орыс мектебінде дәріс алған. Алайда, кішкентай кезінен көрші тұрған қазақ балаларымен ойнап жүріп-ақ қазақ тілін жетік меңгеріп алады. Қазақ тілінде әңгімелескенде титтей де ерекшелік байқалмайды. Таза, мөлдіретіп сөйлейді. Тіпті, оңтүстіктің жергілікті диалектикалық сөздерін де мықтап меңгерген. Әрине, Шұбар ауылында Татьяна секілді өзге ұлттың өкілдері көп. Алайда, олардың барлығы да қазақ тілін дәл Татьянадай меңгерген деп айта алмайсың. Бұл болашақ қазақ келініне табиғаттың берген ерекше сыйы, дарыны болар...
«...Үшеуміздің тағдырымызды тоғыстырған телеарна. Алғаш Бурмистрованы көгілдір экраннан көріп жүретінмін. Мен ол кезде Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова сынды жұлдыздарды тәрбиелеген Шымкенттегі Мәдениет және өнер институтында оқитынмын. Оқу орнының атын шығарып жүрген атақты «Фараби сазы» ансамблінің белді мүшесімін. Институт басшылығы телеарна басшыларымен тығыз байланыста болатын. Осы байланыстың арқасында бізді «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсетуге шақырды. Сөйтіп, үш Татьянаның басын қосты. Кейіннен концерттерде ғана емес, түрлі сьездерде, форумдарда жұбымыз жазылмаған күйі қатысып жүрдік. Кеңес одағының кезінде мұндай насихаттарға ерекше мән беретін. 5-6 жылдай осылай жүрдік. Сосын әрқайсымыз өз жолымызды таңдап, тіршілік сан қырлы соқпағына түстік. Өйткені, біз үшеуіміз де кәсіби әртіс емес едік. Бурмистрова медицина саласының қызметкері еді, мен педагогпын. Оның үстіне шырқаған әнің үшін телеарналар қомақты қаламақы төлемейтін. Тіпті, бір тиын да төлемейтін кездер болды. Екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді ғой, мен педагогтік жолды таңдадым...» Атақты үш Татьянаның елді сүйіспеншілігіне бөленген сәттерін Мартыненко осылай деп еске алады.
Әрине, Мартыненко қалай да қазақ тілін үйренуім керек деп, жаттап жүрмеді. Өмірдің өзі үйретті. Бірақ, бұл Мартыненко үшін болашақ тағдырының күрт өзгеруіне себеп болды. Әрине, жақсы жағына қарай. Ең алдымен қазақтан жақсы жар жолықтырды. Құдай қосқан қосағы Сәкенді, оның ата-анасын, бауырларын, ағайын-туыстарын, дос-жарандарын құрмет тұтады. Әсіресе, 85 жасқа толған енесімен арадағы қарым-қатынас, сыйластық өте жоғары деңгейде. Қазақтың салт-дәстүріне де құрметпен қарайды, ұстанады. Екеуі тағдыр қосып, шаңырақ көтергенде қазақтың салты бойынша Сәкең болашақ жарын алып қашты, басына орамал жапты. Ауыл молдасы некелерін қиды, беташар болды, құдалық шақырысты. Енесі мен қайынағаларына иіліп сәлем салды. Таңертең тұрып сиыр сауды, қара жұмыстан қашпады. Олар да келіндерін жатсынбай жақсы көрді, еркелетті. Енді қазақтың ұрпағын көбейтіп отыр. Сәкеңнің де Татьянаның отбасына деген құрметі ерекше. Қайын жұрты жағымен өте тату. Екі жақ бір-бірлеріне ізетті.
Сәкең мен Татьянаның отбасында ерекше жағдай қалыптасқан. Отанын, дінін, сүйегін сату сатқындықтың шегі деп санайтын Татьяна өз ата-бабалары ұстанған жолдан айнымады, дінін өзгерткен жоқ. Сәкең болса мұсылман дінін ұстанады. Алайда, бұл отбасыда көзқарас қарама-қайшылығы жоқ, болған да емес. Сол себепті бұл отбасында мұсылмандардың да, христиандардың да діни мерекелері атаусыз қалмайды. Бір-біріне түсіністікпен қарайды. Бұл дәстүрге олардың ұл-қыздары да үйренген. Әрине, олар мұсылмандар, бірақ, аналарының да діни сеніміне қарсылық білдірмей түсіністік танытады. Үлкен ұлы әжесінің тәрбиесін көрді. Қос ұлы қазақ мектебін бітірсе, қызы орыс мектебінде дәріс алады. Бірақ, қазақша таза сөйлейді.
Тіл меңгеру Татьянаның қызметтік карьерасында да сәттіліктер сыйлады. Теледидардан жиі көрініп жүрген сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары танымалдығы көп жеңілдіктер әкелді. Әкімшілікке барса да, ауруханаға бас сұқса да есік айқара ашық, көргені құрмет. Әсіресе, әйелдер үшін тапшылық жүйкені жұқартқан кезеңдерде дүкендерде де асығы алшысынан тұрған кездері аз емес. Ол кездері Шымқаладағы бір балабақшада бүлдіршіндерге ән сабағынан дәріс беретін. Бір күні Әл-Фараби ауданының әкімі тосын ұсыныс жасайды. Ол ұсыныс бойынша Татьяна осы ауданға өтетін болса, қалаған қызметке отырғызуға уәде етіпті. «Татьяна біздің ауданда істейді» дегеннің өзі оларға абырой, мақтаныш болатын. Осы ұсынысты қабыл алғаннан кейін Татьяна кейін екі топтық қана кішкентай балабақшаның тізгінін қолға алады. Сондан бері, міне, он жылдан аса уақыт өтті, қазір қаладағы үлкен, беделді балабақшалардың бірін басқарып отыр.
- Қазіргі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Өйткені, біріншіден, көпшілікпен жұмыс жасағанды ұнатсам, онан кейін кішкентай балаларды өте жақсы көремін. Сол себепті мен таңертең асыға жұмысқа келіп, кешке қуана үйге қайтатын жандардың қатарынанмын, - дейді Татьяна Владимирқызы өмірге ғашық екенін сездіріп.
Қазақ, орыс топтары аралас «Болашақ» балалар бақшасында бүлдіршіндер 4 жасқа дейін ұлт ерекшелігіне қарамастан бірге тәрбиеленеді. Содан кейін ата-аналарының таңдауына орай топтарға бөлінеді. «Мен өзім тірі насихатпын ғой» деген Татьяна Владимирқызының тигізген әсерінен де болуы мүмкін, балаларын қазақ тобына беріп жатқан өзге ұлт өкілдері, әсіресе, орыстар көп екен.
Татьяна Мартыненко сахнадан алыстағанымен, өнерден алыстаған жоқ. Қонаққа барғанда, қонақ күткенде, ағайын-туыстардың тойына барғанда тамылжытып ән салатыны бар. Татьяна үшін жанды дауыста ән айту аса қиын емес, баянын құшақтайды да әдемі дауысымен қазақша әндерді әуелете жөнеледі. Керісінше, бүгінде белең алып кеткен фонограммамен ән айтқанды жаны қаламайды. Қиналады. Сол себепті де үлкен сахнадан бойын аулақ ұстауға тырысады.
Сөз арасындағы сыр
Өз ана тілім мен қазақ тілі жаныма бірдей жақын болып кеткені соншалық, кейде теледидардан тамашалаған қызықты бағдарламаның қай тілде жүргенін де байқамай қаламын. Ертеңіне «осындай тамаша бағдарлама болды» деп әңгіме айтып отырғанда оның қай тілде өткенін сұраса есіме түсіре алмаймын. Қазақтармен де, орыстармен де көп араласамын. Әрине, орыстардың көпшілігі қазақ тілін үйренгісі келеді. Бірақ, жасы ұлғайған адам үшін бұл өте қиын шаруа. Сол себепті мемлекеттік тілді үйретуді мүмкіндігінше бүлдіршіндерден бастауымыз керек. Олардың миы тың, санасы сергек, ақпаратты тез қабылдайды. Өзара қазақша сөйлескеннің өзінен-ақ көп нәрсені қағып алады. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді көпке дейін меңгере алмай жүргенінің тағы бір себебі бар. Мәселен, он қазақтың ішінде бір орыс отырса, барлығы орысша сөйлеуге тырысады. Бұл тіл үйренемін деген өзге ұлт өкілдері үшін қиындық тудырады. Қайта ондай жерде қазақша сөйлесу керек. Сонда оны үйренуге жеңіл болады. Тағы бір айтарым, мектепте қазақ тілін аптасына екі-үш рет емес, күн сайын оқыту қажет. Сондай-ақ, қазақ тілі пәнінен дәріс беретін мұғалімдерді жиі-жиі аттестациядан өткізіп тұрған жөн. Өйткені, тілді меңгеру бар да, оны үйрету мүлдем бөлек нәрсе. Кез-келген адамның қолынан келе бермейтін қиын да жауапты шаруа.
Мұрағаттан: 24.09.2012