Ақырзаман—2012 сәйкестік пе, әлде...
Ақырзаман туралы түсінік әр халықта бар. Құран Кәрімнің «Инфитар» сүресінің 1-4 аяттарын оқысаңыз, ақырзаман тап бір ғарыштық апаттың нәтижесінде болатындай әсерде қаласыз. Өйткені онда ақырзаман туралы «Көк жарылған сәтте, жұлдыздар төгілген сәтте, теңіздер тасыған сәтте, қабірлер қопарылған сәтте…» деп суреттелген. Қияметтің алғашқы белгілері туралы пайғамбарымыздың бірнеше хадистері де бар. Ерте ме, кеш пе тіршілік үшін ақырғы сәттің болары ақиқат. Өйткені барлық істің басталуы бар да, аяқталуы бар. Бірақ бұл ақыреттің қашан келері жұмбақ.
«Ақырзаман 2012 жылдың 21 желтоқсанында болады» деген алып-қашты әңгімелердің шыққаны қашан. Бұл туралы Голливудта кино да түсірілді. Түрлі болжамдарға құрылған деректі фильмдер екінің күннің бірінде теледидардан көретіледі. Қиямет туралы әңгімені қоздатушылардың айтқандарына құлақ түрсеңіз, «сәйкестік пе, әлде ақырзаман расында да биыл болады ма?» деген екіұдай күйде қаларыңыз анық.
Бәрі де Орталық Америкада біздің жыл санауымыздан 2000 жыл бұрын өмір сүрген Майя тайпасының күнтізбесінен шықты. Өз заманында аспан денелерінің қозғалысын бес саусағындай біліп отырған Майя абыздарының есептеулеріне қарағанда, 2012 жылы өзіміз өмір сүріп отырған өркениетке-- «Бесінші күнге» ақырзаман төнеді екен. Майя тайпасының түсінігі бойынша «Бірінші күн» 4008 жылға созылып, жер сілкінісінен қираған. «Екінші күннің» ғұмыры бұдан екі жылға артығырақ, яғни 4010 жылға созылып, дауылдан, «Үшінші күн» 4081 жылға созылып, жанартаулардың атқылауынан, «Төртінші күн» су тасқынынан құрдымға кеткен. Ал өзіміз өмір сүріп отырған «Бесінші күннің» тынысы 2012 жылдың 21 желтоқсанында тоқтайды. Яғни қысқы күн тоқырауы болар сәтте күнді айнала қозғалып жүрген Жер, Марс, Сатурн және Юпитер ғаламшарлары бір сызықтың бойына орналасады. Бұл ғарыштық құбылыс астрономдарға «ғаламшарлар шеруі» деген атпен бұрыннан белгілі. Бірақ бұл жолғы шеруге ғаламшарлар ғана емес, жалпы Құс жолы галактикасындағы миллиардттаған жұлдыздар да қатысатын көрінеді. Осы «шеруде» күн галактиканың дәл ортасына келіп, жұлдыздар өзара сап түземек. Соның әсерінен жерге өзге ғаламшарлардың тартылыс әсері күшейіп, нәтижесінде жанартаулар оянып, мұхиттар тасуы мүмкін. «Майя абыздары осыны мыңдаған жылдар бұрын болжап білген, сондықтан да олардың күнтізбесі 2012 жылдың 21 желтоқсанында аяқталады» дейді білгіштер.
2012 жылы жердің магниттік полюстері өзгеруі мүмкін. Осындай мәліметтер ақпарат құралдарында, интернетте астроном мамандарының аузымен айтылып жүр. Полюстердің өзгеру нәтижесінде күннен келетін магниттік дауылдар күшейеді. Нәтижесінде миллиондаған адам шыбындай қырылмақ-мыс.
1995 жылы өзін жатпланеталықтармен байланыс жасап жүрмін деген ғалым Захария Ситчин 2012 жылы күн жүйесіне Ниби́ру деп аталатын ғаламшар еніп, ол Марс пен Юпитердің арасынан өтеді деген мәлімет таратты. Оның айтуынша, әрбір 3600 жылда жерге бір мәрте жақындап өтетін Нибирудің көрінуін ежелгі шумерліктер жақсылықтың нышаны санамапты. Ол біздің ғаламшарға адам айтқысыз апат, яғни ақырзаман әкеледі-мыс. Кейбір оптимистер 2012 жылы ғарыштық өзгерістердің нәтжесінде адамзат жаңа өркениетке қадам басады, осыдан кейін ғылымда таңдай қағарлық жаңалықтар ашылады дейді. Кім біледі?
Ал ғылымның өзі бұған не дейді?
Жуырда АҚШ-тың ғарыш кеңестігін зерттеу жөніндегі Ұлттық агенттігі--«NASA» ғалымдары «2012 жылы ешқандай да ақырзаман болмайды» деп кесіп айтты.
--Майя тайпасының күнтізбесі болашаққа сәуегейлік жасау үшін емес, өткен оқиғаларды жазу үшін жасалынған. Күнтізбеден ақырзаман жасау қиялы жүйріктердің ойлап тапқан жаңалығы,--дейді ғалымдар.
Нибиру туралы ақпарат та шындыққа жанаспайтын болып шықты. Қазіргі уақытта күн жүйесінде ірі аспан денелерін анықтаумен астроном Майкл Браун бастаған топ айналысып жатыр. 2001жылдан бастап іске кіріскен олар күні бүгінге дейін күн жүйесінде ешқандай да белгісіз ірі аспан денесін таба алмаған.
--Егер Нибиру немесе ғылымға «Х ғаламшар» деген аптен кірген аспан денесі жерге 2012 жылы жақындайтын болса, онда ол 2010 жылы телескопсыз, жай көзге байқалар еді. Алайда бүгінге дейін жерге қауіп төндіретін ешқандай ғарыш денесі анықталған жоқ,--дейді Майкл Браун.
2012 жылы жердің магнит полюстері туралы өзгереді деген мәлімет те жаңсақ. NASA бұл ақпаратты да жоққа шығарды. Сол сияқты «ғаламшарлар шеруінен» де келіп-кетер қауіп жоқ сияқты. Өйткені дәл осындай құбылысты ертеректе американ метеорологы Альберт Порт 1919 жылдың 17 желтоқсанында болатынын айтқан екен. Бірақ оның болғаны немесе болмағаны туралы мәлімет жоқ.
«Ақырзаман қашан болады?» деген сауалға келгенде тіпті айтқаны айдай келетін сәуегейлердің өздері де қаталескен екен. Атақты көріпкел Нострадамус ақырзаман 2009 жылы ғарыштық апатың салдарынан болады деген. Қателесті. Жалпы тарихта осындай қателесулердің ұзын-ырғасы жүзден асып жығылады.
-- Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары елең еткізерлік мәліметтер таратып, сол арқылы танымал болуды мақсат етеді. Осы мақсатта олар жылт еткен нәрседен сенсация жасағылары келеді. Ал ақырзаман бұған таптырмайтын тақырып. Өйткені адамдар өздеріне, айналасына қауіп төндіруі мүмкін деген мәліметке тез әсерленеді. Оның шынайлығын тексермейді, көзсіз иланады,--дейді психологтар.
Дегенмен кім біледі?..
Мұрағаттан: 19.04.2012