Д.Қонаев: «Шығыс жері ешкімді еркелете қоймайды»
Неге екенін кім білсін, комбинатты қайта құру ісі кешеуілдей берді. Бұрын өндірісте жүріп, елмен қоян-қолтық араласып, шаруабасты болып қалған адамға кеңсешілдік, анырақ айтқанда, төрешілдік жұмыс менің қолым емес екеніне көзім жетті. Жаның қаламаған тірлікке қолың бармайды екен. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Федор Зиновьевич Рванцевке көңілімдегі осы күдікті айтып едім:
- Сіздің тағдырыңызды тек Скворцов жолдас шешеді, - деп теріс айналды.
Ләжсіз Николай Александровичке ресми хат жазып, қолқа салдым. «Комбинат» жайы біржақты болғанша, менің орным – «өндіріс», деген уәжді алға тарттым. Тілегім орындалып, Риддер кенішіне директор болып тағайындалдым. Қараша айының 9-ы күні аяғыма керзі етік, үстіме брезент, басыма «дулыға» киіп, маған таныс, бейтаныс кеншілердің қалың ортасына қойып кеттім.
Маған «таныс, бейтаныс кеншілер» деуімнің мынадай мәнісі бар. Мен Риддерді студент кезімнен білемін. 1934 жылы тамыз айының орта тұсында қыркүйектің алғашқы он күндігіне дейін практикамызды өткеріп, кеншілермен дәм-тұздас болғанбыз.
Риддерге жету деген бір қиямет-қайым еді. Семейге дейін итіңдеп пойызбен жетіп, одан әрі Ертіс бойымен, әлі есімде, «Лобков» деген параходпен Өскеменге дейін жүзіп бардық.
Ертіс – ел мен елдің дәнекері, ұлан-байтақ жердің нәрі ғана емес, жолаушылар мен жүк тасымалдаудың күре тамыры. Сары ала күздегі оның екі жағасы көздің құртын жейтін. Сұлулығында шек жоқ еді. Жеміс-жидектен де құралақан емес еді. Көктемнің кербез шағын айтпағынның өзінде, мың бұралып, иірім жасай ағатын суы алты ай арнасынан асып, асау мінез аңғартатын. Үлбі өзені, оның тылсым табиғаты бірін-бірі толықтырып, ғажайып әлемге жетелейді.
Өскеменнен Риддерге дейін тар табан темір жол төселген, соған қарамастан комбинат үшін қажетті материалдар мен дайын өнімдер Ертіс арқылы тасымалданады. Тар табан жол Үлбіні жағалап отырып, көркем суреттерден ғана көріп, тамсанып жүретін ғажайып тау бөктеріне тұмсық тірейді де, қарағай аралас қалың қылқан ағашты орманға сүңгіп кетер еді. Одан қайтып шығу тек қимастық сезіміңді оятып, көңіліңді жабырқатады. Сұлулыққа сұқтанбас, одан ләззат алуға ұмтылмас тірі пенде табылмас. Кешегі студенттік шақта табылған табиғатқа деген іңкәрлік есейіп, алды-артыңды ойлар шаққа келгенде де еріксіз ықылас аудартқан, оның тілмен айтып жеткізе алмас ғажайып көріністерін көкірек көзбен көруге ұмтылтқан.
Студентке бір ауыз жылы сөздің өзі ат мінгізіп, шапан жапқандай ғой. Жатын жеріміздің жайымен директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Мадалеевқа жолыққанбыз. Жылы жүзбен қарсы алды. Бұрынғы партия қызметкері, алғашқы бес жылдық тұсында Қазақ мыс құрылысы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істепті. Ол аштықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта еске алып отырып:
- Тағдыр мені Риддерге текке әкеп тастамаған шығар. Елдің ертеңі – мына сендерге қамқор болар бір жан керек деген де. Бірақ сендер бірер қонып аттанатын жолаушының тірлігін істемей, бір күн болса да жұмысқа өз шаруаларыңдай қараңдар, - деп ағалық ескертпе жасады.
Ол сөзінде тұрды. Бізді қаланың бір шеті – оңтүстік теріскей бетіндегі жатақханаға алып кеп жайғастырды. Әбден жол-соқты болып, арып-ашып келген жалаңаяқ студенттер үшін Мадалеев әкеміз жасамаған жақсылық жасағандай сезіндік. Мұның өзі қамқорлық қана емес, бір жағынан кеніш басшылығы білдірген сенім еді. Ол жауапкершілікті біз жақсы сезіндік. Қайда жұмсамасын, тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындап отырдық. Кезі келсе кетпен шауып, орайы келсе орақ ордық. Белді бекем буып, аз ғана уақыт забойшыны алмастырдық; кен тасушы болып та қайрат таныттық; тиянақ жасаушыларды да жоқтатпадық.
Осылай кенші өмірінің мектебінен өттік. Қалай дегенмен де ел еңсесін енді-енді көтеріп, техника тілін үйрене бастаған тұс. Механизмнен гөрі қол еңбегі – қара жұмыстың басым уақыты. Тау-кен өндірісінде техника атаулы өңің түгілі түсіңе кірмейді. Соған қарамастан елдің еңбекке деген ықыласы ерекше еді. Ең оздырған шаруамыз: жаңа жолдас, жақсы дос таптық, ақылшы ағалармен жүздестік. Соның бірі – белгілі геолог, Риддердің ғана емес, сонымен бірге күллі кенді Алтайды бес саусағындай білетін П.П.Буров.
Ол:
- Риддердің тарихы бай әрі қызық, - деп отырар еді. – Оны Қазақстанның Алтай бөлігіндегі кен өндіретін кәсіпорындар мен түсті металдар өндірісінің бастауы деп қарау керек. Риддер тарихын I Петрдің, патшазада Елизавета Петр қызының, көрнекті тау-кен зерттеушісі А.Демидовтың заманынан іздеген жөн.
Шынында да, тарихқа үңілсең, көбімізге жұмбақ болып келген сырларға қанығасың. Екінші Екатерина 1786 жылы «асыл тастар мен пайдалы қазбаларға» барлау жасау туралы жарлық шығарады. Патшазаданың өкімі екі етілмек емес, Барнаулдан бірнеше барлау экспедициясы қатар аттанады. Олар Катон, Үбі және Үлбі өзендерінің жоғарғы жағына қарай ат басын бұрады. Тау-кен ісінің білгірі саналатын офицер Ф.Риддер бастаған барлау партиясы сол жылы – 1786 жылы келешегі кереметтей кен орнын ашып, қада қағады. Кен орны да, өзен де сол геологтың есімімен аталады. 1791 жылы Зырян, ал 1797 жылы Белоусов кен орны ашылып, Риддерде 1791 жылы тау-кен жұмыстары басталады. Тарихшылардың деректеріне қарағанда, Ф.Риддер кен өндіруді ұлғайту үшін жиіаралық бұрғылау тәсілін өндіріске енгізеді. Ал, кенді қопару дәрінің күшімен жүргізіледі. Жұмыс үш ауысыммен істеледі. Ауысымға зембіл орнына арбалар пайдаланылады. Кен табанына жиналған суды насоспен тартып алуды жүзеге асыра бастайды. Риддер кеніші осы аудандағы кен орындарын ашып, пайдалануға берудің үлгісіне айналады. Мәселен, 1812 жылы Крюков, араға бес жыл салып Филиппов, ал 1820 жылы Сокольный кеніштері іске қосылады. Алтайда бағалы металдардың көзін тауып, кен қазу және оны өңдеу ісіне А.Демидов деген ірі өндірісшінің сіңірген еңбегі аз болмапты. Бірақ Шығыс Қазақстанға келуге тағдыр жазбаса керек, 1745 жылы дүние салыпты. Артынша, 1747 жылы оның Алтай өңіріндегі заводтары мен кеніштері мұрагерлерінен тартып алынады да, патшазада Елизевета Петр қызының қолына көшіріледі. Арада жеті жыл салып екінші Екатерина мүбәрәк қолымен әлгі кеніштер мен заводтар өзінің игілігіне көшкенін, яки Демидовтан қалған Алтайдағы бар игіліктің қожасы тек өзі екенін жазады. Дүние тұтқасы қолында тұрған патшазадаға тірі пенде бетіне келу қайда. Қазіргі Шығыс Қазақстан, Кемерово, Новосібір, Томск облысының бір бөлігі, Алтай өлкесі түгел ағзамның боданына айналады. Кешегі Қазан төңкерісіне дейін осынша ұлан-ғайыр жердің көл-көсір байлығын император әулеті теспей сорды. Бар қазына басқаға емес, тікелей ақ патшаның жеке өзінің үлесіне түсіп отырды.
XIX ғасырдың аяқ шені мен XX ғасырдың басында император әулетінің кабинетін басқаратын алпауыттар өздері кеңірдектеп біткен соң, шет ел капиталистерімен ауыз жаласып, кен орындарын бірінен кейін бірін концессияға өткізе бастайды. 1908 жылы отыз жыл мерзімге Австрия компаниясы шылқа майға батады. Бұл шарт тек 1911 жылы күшін жойды. Бірақ 1914 жылға дейін түйені түгімен жұтқан Федоровпен тонның ішкі бауындай аралас-құралас лейтенант Романов аталмыш кеніштерді барынша өз пайдасына асырады. Сол жылы Риддер кен орны ағылшын миллионерінің компаниясындағы концессияға - өз пайдасы жолында сынақ инеге дейін кәдесіне асыра білетін іскер жан, қазақ топырағында аса ірі корпорация ұйымдастырған Лесли Уркварттың еншісіне тиеді. Содан төрт жыл бойына түгін тартса майы шығатын жердегі қол жетпес қазынаны есепсіз пайдаланған Уркварт кен қазу жұмысын 1918 жылғы 11 мамырда В.И.Ленин қол қойған Халық комиссариатының қаулысынан кейін іләжсіз тоқтатады. Барлық кәсіпорын, сондай-ақ Риддер темір жолы Кеңес мемлекетінің қарамағына өтеді.
Қараша айында Шығыс жері ешкімді еркелете қоймайды. Қара суығы мен сүйрең қаққан қызыл желі етек-жеңді жинақы ұстауға қамшы болатын. Бірақ жаңа шаңырақ көтерген Зуһра екеумізге Риддерден пәтер тие қоймады, біз де берсең де бересің, бермесең де бересің деп, тақақтай қойғанымыз жоқ. Оның үстіне соқа басымыз, сыймай жатқан басы артық дүниеміз жоқ. «Алтай» қонақ үйінен екі бөлмелік номер беріліп, біраз сонда тұрдық. Көп кешікпей, ұмытпасам, желтоқсанның ішінде Береговой деген көшеден төрт бөлмелі үй ұсынды. Шаруашылық басқарушысы қарық қылдым деген болу керек:
- Екі қабат үй, екі бөлмесі екінші қабатта, екі бөлмесі төменгі – бірінші қабатта. Терезелері күнге қараған, тұрған ауданы да кісі қызыққандай, - деп жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді.
- Терезелерінің күнге қарағаны, тұрған жерінің жақсы болғаны дұрыс, ал екі қабат үйге түгел жайғасатындай атым бәйгеден келген жоқ, - дедім.
Күмілжіген ол:
- Үлкен бір кеніштің директоры... – деп өз аяғын сиырқұйымшақтатып жіберді.
- Маған қисаң, екінші қабатын бер, сенің жасаған жақсылығың сол болсын, ал бірінші қабаттағы екі бөлмеге осы кеніште үйсіз-күйсіз жүрген біреулер бар шығар. Соған бер, - деп пышақ кесті пікірімді айттым.
26.08.2012 ж