Төркініне көмектесемін деп қайын жұртта абыройсыз қалды

Oinet.kz 21-07-2020 931

Біз бұл қыздармен кішкентай кезімізден бірге өстік. Көшені бермей шуылдап, ойнап жүретінбіз. Олар үлкен болып бізді суға, дүкенге көп жұмсайтын. Кейде жұмсағанына ренжіп, бір шетте томпиып отыратынбыз. Бүгінде көшені бермей ойнап жүрген қыздар әр отбасынын түтінін түтетіп, перзент тәрбиелеп отырған аяулы анаға айналды. Бірақ анамның айтқан әңгімесінен кейін Лауранын тағдыры мені алаңдатты. 

unnamed (4).jpg

Кішкентайынан ата-анасы, бауыры десе шығарға жаны бөлек болып тұратын, өте мейірімді Лаура тағдыр қиыншылығын көп көрді. Інісі екеуі ата-анасынан жол апаты кезінде айырылып, жетім қалды. Тағдырдың сынағы бітер ме, кей күндері жейтін нан таппай, біздің үйден тамақ ішіп жүретін. Өзі мектепті үздік аяқтап, жоғарғы оқу орнына грантты ұтып алды. Інісін ауылдағы ағайын ағаларының үйіне қалдырып, өзі білім алу үшін ұзақ қалаға кетті. Тек қысқы және жазғы демалыстарда ауылға келіп тұратын. Лаураның жаратылысы тым сұлу болатын. Ауыл жігіттері оның көргенде естен танып, таңқалатын. Лаура жоғары оқу орнында үздік аяқтап, табысы жақсы мекемеге жұмысқа орналасты.  

Әрине, қызды кім айттырмайды, Лаураны жан-жақтан сұрап келіп жатқан жігіттер қаншама?! Бірақ Лаура олардың біріне де қарамады. Оның басты мақсаты інісі – Арманды оқытып, оны үйлі ету болды. Арман мектепті орта дәрежеде аяқтап, университеттін ақылы бөліміне оқуға түсті. Әрине, оның оқу ақысын, жейтін тамағын, тұрар жатақханасын бір Лаура өзі төледі. Лаура тынымсыз жұмыс істеп жүріп інісі екеуіне жайлы үй сатып алды. Осынша жақсылық жасап жүрген інісі бұл жақсылықты мүлдем түсінбеді. Оқуды да Лаураның абыройымен бітіріп, соның таныстарымен жұмысқа орналасты. Бірақ жұмысқа ептілігі болмай көп жерден босатылып, жұмыссыз қалып та отырды. Онысымен қоса Арманның жаман әдеттері тағы бар. Түні бойы жолдастарымен клубтарға барып, ішімдік ішіп, жаман әдеттерге үйір болды. Үйге таңата келіп, күні бойы ұйықтап, кешке тағы кететін. Ендігі Лаураның бар уайымы інісі болды. Өзі жасы өтіп, тұрмыс құра алмай жүргені тағы бар.  

Туысқандарының ақылымен Лаура інісін үйлендірмекші болды. Жақсы отбасының қызымен таныстырып, екі жақ сөз байластырып, тойдын әрекетін бастап жіберді. Екі айдың төңірегінде той өтіп, Лаура шаңырағына келін түсірді. Обалы не керек, келіні өте тәрбиелі, әпкесін құрметтеп, алдында құрдай жорғалайтын. Арман да тұрақты жұмысқа орналасып, өмірі бір қалыпқа келді. Бірақ сол күн бәрі өзгерді. 

Әдеттегідей, Лаура жұмыстан келіп, ашық тұрған есіктен кіргенде келіні мен інісінің әңгімесін естіп қалады.  

- Қашанға дейін бізбен тұрады? Қашанға дейін онын көңіліне қарап өмір сүреміз? Өз қалауымызша өмір сүрейікші, - деп айтқан келінінің сөздерін естіп Лауранын бойын ерекше қорқыныш биледі. Сыртқа шығып, қай жерде қателестім деп көп ойланды. Сөйтіп кеш қарайғанда үйге кірді. Әдеттегідей келіні алдынан күліп шығып, сәлемін салды. Бірақ бұл жолы Лаура келінінің екіжүзділігіне қатты ызаланып, бөлмесіне кіріп кетті. 

Араға бірер жыл салып, Лаура да өз теңін тауып, тұрмысқа шықты. Теңін деймін-ау, әйелі жол апатынан қайтыс болған, екі баласы бар жесір азаматқа тұрмысқа шықты. Жаңа отбасына, нақтырақ «екі баласына» үйренісуі қатты қиын болды. Олардың көңілінен шығу үшін барын салды. Көп уақыт солардың қасында болу үшін жұмысынан да шығып, үйде отырды. Енді өмірі бір ретке түсіп жатқан Лаура бақытты еді. Өзі де бала көтеріп, шекесі торсықтай ұл бала босанды. Сол кезде Лаура шексіз бақытты болды.  

Бұл кездерде Арман бұрынғы әдетіне қайта басып, жұмыстан шығып, үйде бос жататын болды. Бұрынғыша кеш батқанда көшеге кетіп, таң ата келіп жүрді. Әйелімен ұрсысып, тіпті кейде оған қол көтеріп, үйінде жанжал болып тұрды. Онысымен қоса Арман құмар ойындарын ойнап, мыңдаған доллар қарызға белшесінен батқан. Әрине, мұның бәрін әпкесінен жасырып жүрген. Бірақ келіні бұл қарыздан қалай құтыларын білмеген соң бар шындықты Лаураға айтып берді. Арман да «осы қарыздан құтылған соң, енді құмар ойын ойнамаймын, көмектесші» деп жалынып тұрған соң Лаура амалсыздан банктен қомақты қарыз алды. Інісін қайта таныстарымен сөйлесіп жүріп жұмысқа орналастырды.  Бірақ, Арман берген уәдесін көп өтпей-ақ ұмытып, қайта бастады. Несиені төлеп жүрмін деп алдап, тапқан ақшасын қайта құмар ойындарына жұмсады. 

Бір күні үйіңде Лаура жоқ кезде банк қызметкерлері келіп, несиені төлеу керектігін айтқанда барып күйеуі бұл жайлы білді. Сол сәттен бастап үйде ұрыс басталып, отбасының берекесі кетті. Күйеуінің Лаурадан көңілі мен сенімі қалды. Ата-енесі де келінің қылығына ренжіп, бас тартты. Лаура тура екі оттың ортасында қалғандай күй кешті. Бір жағында жар дегенде жалғыз бауыры, бір жағында отбасы. Бірақ Лаураның күйеуі ақылды азамат болатын. Қомақты алған несиесін төлеп, қарыздан құтылды. Дегенмен бұл оқиға Лаураның абыройына кір келтіріп, қайын жұртта сөзге қалды. 

​Жүкті әйел асүй пышағымен ішін тіліп, сәбиін өз қолымен алып шықты
Жұмбақ үйдегі бейкүнә сәби өлімі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу