Ерсін Қойбағаров: Әрбір адамның тағдыры оқылмаған кітап

Oinet.kz 15-03-2012 1383

main.jpg

- Жақында алған «Алаш» сыйлығыңыз құтты болсын! Бұл марапат Сізге қаншалықты маңызды?

- «Алаш» деген атаудың өзі қандай керемет. Көңілді ерекше қуанышқа бөлеп, шабытқа серпін сыйлайды. Бұл сыйлық маған қосымша жауапкершілік жүктеді. Ендігі жерде менің осы кезге дейінгі қаламымнан туған дүниелерімнен төмен деңгейде жазуға құқым жоқ. Мен осыны сезіндім.

- Биыл бұл сыйлық 42 адамға берілді. Бұрын-соңды бұлайша үлестірілмеген болатын. Қазір зиялы қауым арасында «Алаш» сыйлығының да құны төмендеп кеткен жоқ па деген пікір қалыптасты. Сіз қалай ойлайсыз?

- Иә, оныңыз рас. Мұндай пікірді газеттерден де оқыдым, Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің өзі де айтты. Тоқтап қалған төрт жылға жүлдегерлерді теңдей етіп бөліп жіберсеңіз жеңімпаздар қатары селдіреп шыға келеді. Ал үміткерлер қатары бұрынғыдан әлдеқайда көп.

         «Әпкемнің өлімі мені медицинаға алып келді»

- Қаламға бала кезіңізден үйір болдыңыз ба?

- Мектепті алтын медальмен бітірдім. Сызу мен суретке өте жақын болдым. Мектебіміздің «Шаян» деген қабырға газетіндегі сықақ өлеңдер де, тәртібі төмен оқушыларды сын садағына алатын суреттер де менің қаламымнан шықты. Математика кружогын басқардым. Студенттік шағымда да 6 жыл бойы бос уақытымда сурет салып, плакат жазып жүріп, бірде-бір қызбен көңіл жарастырмаппын. Мектепте шығарма жазарда тек қана еркін тақырыпты таңдайтынмын. Одан төрттік баға алған емеспін. Көркем дүниелер оқып, қалам шимақтағаннан жаным рахат табатын.

- Ендеше неліктен жаныңыз қалап тұрған саланы емес медицинаны таңдадыңыз?

- Менен үлкен әпкем болды. Сурет салып, ою-өрнек өргенде талантына еріксіз таңқаласың. Балшықтан жасаған неше түрлі бейнелер көз жауын алады. Маған алғаш ұстаз болған да осы әпкем деп айта аламын. Өкінішке орай әпкем түсініксіз дертке душар болып, көп қиналды. Соны емдеймін, жазамын деген ой, арман мені тыныш жатқызбады. Бірақ, ол ақыры көз жұмды. Осы оқиға менің өмірлік бағытымды өзге арнаға бұрып жіберді. Дегенмен, бойда бар талант, құдай берген қасиет бәрібір іште жатпайды екен. Дәрігер мамандығын иеленсем де қолымнан қаламым түскен жоқ. Қолым қалт еткенде қысқа әңгімелер, өлеңдер жазумен шұғылдандым.

           «Психотерапия тұнып тұрған кейіпкер»

- Кейіпкерлерді, оқиғаны қайдан іздейсіз?

- Мен педиатор, әрі психотерапевтпін. Ал психотерапия деген тұнып тұрған кейіпкер. Кез-келген адаммен сырласа білсең, шығармаңа дайын кейіпкер. Тек сол адамның тағдырын көре білсең, сыр сандығын аша білсең болғаны. Ал оны қалай ашуға болады? Менің мамандығым осы құпияға қол жеткізуде көп пайдасын тигізді. Мен, тіпті, біреулерді жерлеп жатқанын, бейіттердегі төмпешіктерді көрсем, олар жайлы «оқылмаған кітаптар» деп айтамын. «Тағдыр тауқыметі» деген әңгімемдегі кейіпкерлердің барлығы да өзбек ағайындар. Оқиға да Ташкентте өрбіген.

Шипажайдың «физругы» Юсуф Қаратаев деген өзбек жігіті еді. Өзі спорт шебері. Кандидаттықты әскерде жүріп қорғаған. Бір күні кешкісін жұмыстан шығып келе жатсам, жаттығу жасатып жүрген ол бір қызық әңгіменің басын шалып қалды. Салған жерден кешкісін үйге шақырдым. Ол келгенше «Романтик» деген магнитофонды жаңа екі касетасымен дайындап, кішігірім дастархан жасап, арақ-шарап алдырып қойдым. Ол келгесін дастарханға жайғасып, дәм ауыз тигеннен кейін әңгіме тізгінін ағытып, магнитофонды қосып қойдым. Шараптың қызуы қосылғаннан кейін, тіпті, ашыла түсті. Сөйтіп, 90 минуттық екі касета толды. Қонағымды шығарып сала салысымен жазу үстеліне жайғасып, тоқтаусыз қағазға түсіре бердім. Оның тағдыры өте қызық, теперішке толы. Жазушылық фантазиямды іске қосып, тәп-тәуір дүние туындады. Мұны кейін Өзбекстанның халық жазушысы Насыр Фазылов өз тіліне аударып, «Шарқ жұлдызы» деген әдеби журналға беріп жіберіпті. Өзбек тілінде «Жастығым, бейбастығым» деген тақырыппен жеке кітапша болып та шықты. Кейін қарақалпақ ағайындар көшіріп басты.

- Жұрт арасында кеңінен тараған «Бала мен қайыршы» пьесасының туу тарихына тоқталып өтіңізші.

- Жатсам-тұрсам жазушылық санамнан кетпейтін жастық шағымда өзіммен бұл тақырыпта шер тарқататын жалғыз досым болды. Ол екеуміз үнемі темір жолдың бойында отырып алып, арман-қиялға ерік береміз. Бір күні темір жол бойында үстіне ақ көйлек киген бір ер адам қисалаңдап келе жатыр екен. Түр-тұлғасына қарасаңыз қайыршыға келіңкірейді. Сол кісі әңгімемізді бірге тыңдап отырған адамдай жақындап келіп, «Шыңғыс Айтматовтай ұлы жазушы болыңдар» деп, бетін сыйпады. Сәйкестікке таңқалдық. Кейін білдік, ол бір кездері Қырғызстанда обкомның бірінші хатшысы болған қазақ кісі екен. Қудалауға түсіпті. Ақ көйгелінің жағасын көрсетіп, «мына жаға ақ, ешқашан қарайған емес, қараймайды да» деп қояды. Біраз уақыт осылай сөйлеп тұрды да бізден ақша сұрады. Үйден шыға салған бетіміз ғой, қалтамызда ақша жоқ еді. Ол кеткеннен кейін мен досыма «мына кісіні тауып алайық та ақша берейік, тегін адам емес сияқты ғой» дедім. Кейін оны бір автобустың ішінде көріп қалдым. Жағасы кірлемек түгілі шайыр болып кеткен. Барып, ақша беремін дегенше, автобустан түсіп кетті. Қайтып оны көрмедім. Сол оқиғадан кейін қайыршыларға деген өзгеше көзқарас пайда болды да осы тақырыпты қаузай бердім, қаузай бердім. Осылайша өмірге «Бала мен қайыршы» пьесасы келді. Бұл туындым Ресейдің «Евразия» деген журналында жарық көрді. Сол қайыршының батасы қабыл болды ма, әйтеуір осы шығармамның арқасында Ресейдің әдебиет институтының конкурсынан өтіп, оқуға шақырылдым. Жол жүруге төрт-ақ күн қалғанда мені көлік қағып кетті. Төрт ай төсектен тұра алмай, ол оқудан қалып қойдым.

- Қазір қандай шығармалар жазып жүрсіз?

- Сонау 90-жылдары жазып, шықпай қалған бірнеше әңгімелерім мен сатираларым бар. Соларды сараптап, жарайтынын қайта жазып шығуым керек. Бұл дүниелерім төртінші томға жүк бола алады. Басымда бұдан басқа да біраз ойлар бар.

- Жігітке жеті өнер де аз. Көпшілік біле бермейтін қандай өнерлеріңіз бар?

- Опера дауыспен ән салғанда көп адам таңқалатын. Бір кісідей билейтін өнерім де бар. Мектеп қабырғасында домбыра кружогында дәріс алып, мандалинде шебер ойнадым. Кей-кейде той-томалақтарда ән айтатынмын. Сондай сәттерде «медицинаны таста, өнерге өт» деп үгіттегендер де болды. Бала кезімде құстардың сайрағанын, иттердің үргенін, мысықтардың таласқанын айнытпай салатынмын. Түрлі ұлттың анекдоттарын жаттап алып, жұртты отырған жерінде күлкіден құлататын өнерім болған. Бокспен де шұғылданғанмын.   

- Балалар дәрігерісіз ғой, қазір жасөспірімдер арасында қандай дерт қауіпті?

- Суицид асқынып кетті. Оның дәл емі әлі табылмай жатыр ғой. Дегенмен, психолог есебінде оның себебін былайша түсіндірер едім. Бүгінде теледидардан атыс-шабысқа толы фильмдер шектеусіз көрсетіліп жатыр. Компьютерлік ойындар да осындай. Ауылда өскен балалар әйтеуір далада көбірек жүріп, мал төлдерімен қызықтап, уақыт өткізеді. Ал тас үйде тұратындар теледидардан бас алмайды. Ондағы кейіпкерлер үшін адамның қолын кесе салу, басын шаба салу түкке тұрмайды. Мұны көрген баланың мінезінде де қатыгездік пайда болуы мүмкін. Кезінде Америкада да осындай ахуал қалыптасқан. Қазір онда қатыгездікті насихаттайтын фильмдерді көрсетуге тыйым салған. Біз де осыны қолға алуымыз керек.

Ата-аналардың жұмысбасты болып, бала тәрбиесіне селқос қарауы да бұл дерттің ушығуына себеп болып жатқан сыңайлы. Менің ойымша, балалар жеке қалып қойып, жаман ойларға ерік беріп қояды-ау. Суицид негізінен көңілдің құлазуынан пайда болады. Байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтықтың ұлғаюы да бұл кеселге әсері жоқ емес.

Әңгімелескен Шадияр Молдабек,

"Рейтинг" газеті №11, 15 наурыз 2012 жыл

Ақбота Керімбекова төртінші рет тұрмыс құра ма?
Әнші Мария әлемдегі ең таңдаулы опера әншілерінің тізіміне енді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу