Өмір қандай болса да, мен оны сүйемін

Oinet.kz 18-12-2014 904

Он екі мүшеміз сау бола тұра, кейде өмірге өкпе айтып, тағдырымызға налып жататын кездеріміз болады. Ал, жаны жаралы мүгедек жандар үшін бұл ғұмырдың әрбір сәті, әр минуты қызық, қымбат. Мүмкіндігін шектеулі болғанымен, олардың бойындағы қажыр-қайрат,  темірдей төзім, өмірге деген құштарлықты көріп қайран қаласыз. Жарымжан екендігіне қарамастан сау адамдармен теңесе отырып еңбекке араласып жүрген, тіптен аяғымен сурет салатын, он саусағынан өнер тамған, көз жанарынан айырылғанына қармастан керемет ән салатын жандар қаншама. Оларды көріп, адамның мүмкіндігінде шек жоқ екендігін амалсыз мойындайсыз.      

image.png      

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз екі қолынан айрылса да, бойында қайсарлық пен сенімділікті ұялатқан өжет қыз--Әйгерім Бибатырова.  

Әйгерім 13 жасында далада ойнап жүріп, көшеге жақын орналасқан темір жолдың ток желісіне оралып қалған кептерді көреді. Құрбыларымен оны құтқармақ болып шешеді. Ойын баласы емес пе, бейшара құсқа жаны ашыған олар сол сәтте өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын сезбеген сияқты.  Әттең-ай, десеңізші. Қолдарына ұзын темірді ұстап, құстың аяғына байланған касета үлдірін үзіп, ток желісіне тигізе бергенде, жоғары кернеулі тоқ бірден үш «құтқарушыны» ұрады. Ток өткен темір Әйгерімнің қолында қалып кеткендіктен, жарақаты тым ауыр болды. Ауруханаға жеткізілген соң дәрігерлер оның екі қолын білек тұсынан кесіп тастайды. Қыздың өмірін сақтап қалудың басқа жолы қалмаған екен.

 51 күн аурухананың төсегінде жатқан Әйгерім балалық сезіммен болған жағдайды алғашқыда толық түсінгенім жоқ дейді.

-- Бұл жөнінде терең ойланбаппын. Бар тілегім ауруханадан тезірек шығу еді. Сол жерден шықсам, өмір одан да қызықтырақ,  бәрі керемет болатындай көрінді,-- дейді ол. Мектепте зерек болған Әйгерімді мектеп ұжымы оқуын әрі қарай жалғастыра беруіне мүмкіндік жасайды. Осылайша мектепті сыныптастарымен бірге аяқтап шығады.  Анасына «қызыңды үйде оқытпайсың ба?» деп айтқандар да болыпты. Бірақ анасы «үйде оқығаннан не білім болады және достарынан, сыныптастарынан алшақтап қалады» депті.  

Әйгерім қолынан айрылғанымен, «мүмкіндігім шектеулі» деп, қарап отырмаған. Мектепте сабағын жақсы оқып, компьютерді  меңгеріп алды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде инженер-технолог, бұдан кейін Шымкент Әлеуметтік педагогикалық университетінде информатика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Қазір Оңтүстік Қазақстан облыстық мүгедектерді оңалту орталығында емделушілерге компьютерден сабақ береді. Дәл осы мекемеге келуіне де оның жігерлігі мен білімділігі себеп болыпты.

--2009 жылы екінші курс оқып жүргенімде таныс достарым «8 наурызға осы жерде концерт қоямыз, сен де келіп тамашалап кет» деп шақырды. Содан ұсыныстарына келісіп, концерттерін көрдім. Өзім секілді қыздар-жігіттердің ән айтып, би билегенін тамашаладым. Сол күннен бастап мені бір ой мазалай бастады. Тағдырдың сынына ұшыраған жандарға қандай да бір көмегімді, пайдамды тигізсем дедім. Бірақ, қалай? Не болса да ойымды жеткізейін деп  орталықтың директорына жолықтым. «Мен осында келетін мүгедек жандарға компьютерден дәріс беріп, сауаттарын ашсам деген ұсынысым бар, маған жәрдемдесе аласыз ба?» дедім. Ол кісі бірден келісіп, сол күннен бастап орталықта ерікті қызметкер болып жүрдім. Сабағымнан шығып, осындағы мүгедек жандарға білгенімді  үйретемін, олармен әңгімелесемін.Мұндағы адамдардың барлығы менің отбасым секілді болып кетті. Бір жыл жеті ай тегін дәріс бердім. Бірақ тегін жұмыс істедім дегенім жоқ.  Әр келгенімде  қоғамға пайдамның бар екенін сезініп қайтатын едім,-- дейді Әйгерім. 

Оқуды бітірген соң орталықтың жаңа басшысы Мырзахан Керімұлы Әйгерімнің қарым-қабілетін көріп, оны қабылдау бөліміне қызметкер етіп жұмысқа алады. Бұл қызметтен кейін орталықта мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы болады. Іс-шараларға сценарии жазып, ән айтып, концертті жүргізіп, режиссердің да кейпіне еніп көрді. 

--Қолымды көргенде көпшлілік мені  ештеңе жасай алмайды деп ойлайды, бірақ мен осы қолдарыммен жазамын да, сызамын да , компьютерде де жұмыс істеймін. Үйде ата-анам, бауырларым мені үй шаруасына мүлдем араластырған емес. Жеті бауырмның ішінде мен  еркелеу өстім. Отбасымда ата-анам, бауырларым бар мүмкіншілікті  жасап, барлығын алдыма тосып отырды. Алғашқы кезде әрине, бөтен адамдардан қысылатынмын. Көшеде жүрсем барлығы маған қарап қалады. Сонда анама: «Неге маған қарай береді?» дегенімде «Сен ханшайымсың, саған қарамаса сен ауырып қаласың» деп айтатын. Сондықтан көшеде жүргенде үнемі өзімді ханшайымша сезініп, көтеріңкі көңіл-күйде жүремін. Кейде пенде болған соң  жүрегімізді жаралап алатын кездер болады. Әлі есімде, екінші курс оқып жүргенімде, университеттен біреудің «қолың жоқ» бетке айтпаса да, жанамалап білдірген  сөзіне қатты ренжіп, автобусқа әрең міндім. Әлгінің  сөзі көкейімде тұрды да қалды. Сол сәтте автобустың әйнегінен қолдарымның жоқтығын көріп, алғаш рет өзімнің мүгедек екеніме налыдым. Бір аптадай өз-өзіме келе алмай, бүкіл әлем мен үшін қызықсыз болып қалғандай көрінді. Менің қиналып жүрегімді көріп, анам «Неге сонша қынжыласың, сенің осы күніңе зар болып жүрген жандар көп» деп мені сабама түсірді. Мен азаптансам, жақындарым одан сайын қиналатынын   сонда барып түсіндім. Егер сол кезде мені осылай жұбатпағанда кім білсін, қазір сол қайғының тұңғиығына батып кетер ме едім. Әкемнің «Өмір не сенімен, не сенсіз өтеді. Әрине сенімен өткені жақсы» деген сөзінен қуат алып, тек алға жылжып келемін. Ол менің өмірлік ұстанымыма айналды. Өмір қандай болса да, мен оны сүйемін,-- дейді Әйгерім.     

 Әйгерімнің алға қойған мақсаты көп. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап компьютер оқыту орталығын ашуға ниеттеніп жүр. Өмірдегі серігін тауып, көңіл жарастырып, отау құрғанына алты айдың жүзі болыпты. Бұрынғыдай ата-ана, бауырлардың қамқорлығы болмағанына мойымай, жұмыспен қатар үй шаруасына  үлгеріп жүр. Ең бастысы, болашақта ана атанып, перзенттерінің маңдайынан сүйсем деген асқақ арманы бар.       

«Өмір қандай болса да, мен оны сүйемін» деген Әйгерімнің сөзі бізді де бей-жай қалдырмады. Басқа түскен іс, әрине, тағдырдың жазуы. Бірақ қиындықпен күресу, оны жеңе білу нағыз адамның ғана қолынан келеді. Оған жетелейтін күш әрине, өмірге деген құштарлық. Әйгерімнің әңгімесінен кейін осыны тереңірек түсінгендей болдық.  

Мұрағаттан: 03.05.2013

Тағдыр тауқыметін сабырмен жеңген Мадина
Тәушен Әбуова - айтыстың ақберені
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу