Тәушен Әбуова - айтыстың ақберені
Сара, Ұлбике ақындардың жалғасы, Отырардың от ауызды, орақ тілді суырып салма ақыны, барша қазақ қадір тұтқан ана Тәушен Әбуова тірі болса биыл 84 жасқа толар еді. Замандастары айтыстың ақберені деп атап кеткен айтулы ақынның арамыздан кеткеніне он жыл толыпты. Осы он жылда қазақтың қара өлеңімен талай қазақтың құлақ құрышын қандырған, тауып айтып, жырымен елін сүйсінткен Тәушен ақынды халқы сағынады, әлі де іздейді. Осының бір дәлелі--жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде Тәушен Әбуованы еске алуға арналған облыстық ақындар айтысы өтті.
Тәушен Әбуованы айтысқа кештеу келді дейді. Рас, қолына домбырасын алып, облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, талай шалдың шаңын қағып, тағынан түсіргенде ақынның жасы 50-ден асып қалған екен. Бірақ Қостеректе кіндік қаны тамған ақынның өзінің айтуынша өлең оған 13 жасында жабысқан. Бұл арғы бабалардан қонған қасиет. Құдай берген, тау суындай таза талант. Жас Тәушен мектеп қабырғасында жүріп-ақ ақын, келешегінен көп үміт күттіретін дарын ретінде танылған, мойындалған. Оның ақындық қасиетін байқаған аудандық білім бөлімі талантын ұштау үшін Шымкент қаласындағы мектеп-интернатқа жолдама берген екен. Алайда жас ақынның талабына тұрмыс тауқыметі кедергі жасапты. Тәушен апа өнерін алғаш рет ауылішілік той-жиындарда шыңдаған. Оның жезделерімен айтысқаны ел ішінде әлі күнге айтылады... Алайда жас келіннің айтысуын қайын жұртындағы туыстары теріс көрген деседі.
Алмас қылыш қап түбінде жатпайды. Елуден асқанда Тәушен апамыз осы сөздің тегін айтылмағанын дәлелдеп кетті. Ұзақ уақыт булығып қалған талант көкке көтерілді. Іштегі шерін жырмен шығарған ақын жеңілдеп, тынысы кеңейе түседі. Ақынның алғашқы қадамын қуаттап, қол ұшын созған оның адал жары Серікбай мен ақын Көпбай Омаров еді.
Айтыста Тәушен Әбуова екпінімен ешкімді қарсы келтірмеген. Халық ақыны Әселхан Қалыбековаша айтсақ, талай шалдар кемпірден күтпеген жеңіліске ұшырады. Ақынның тауып айтқан сөздері, әдемі қалжыңы әлі күнге елдің көкейінде. Облыстық, республикалық, халықаралық додаларда бас жүлдені иеленді. Республикалық телесайыстың бас жүлдесін де қанжығасына байлады. Айтыс өнерін Мәскеу төрінде де алып барды. Ақынды халық алақанында ұстады десек те болады. «Сізге Халық ақыны атағын неге бермейді?» дегендерге Тәушен апамыз «Маған бұл атақты халық беріп қойған, қағаз жүзіндегі атақ керек емес» дейді екен. Тәушен Әбуова туралы кезінде екі деректі фильм, екі кітап шығарылды. Кеудесіне «Достық» орденін тақты. 2002 жылы оның 70 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіліп, ақынға «темір тұлпар» сыйға тартылды. Осының бәрі де елдің оған деген ыстық ықыласы, құрметі еді.
Жоғарыда жазғанымыздай, кешегі Сара, Ұлбике ақындардың жалғасы болған ақын апамыз соңынан бір қауым шәкірт ертті. Солардың ішінде Анар Жаппарқұлованы, Ақмарал Леубаеваны, Карима Оралованы бүгінде айтыс өнерінің көгіндегі жарық жұлдыздарға теңуге болады.
Тәушен ақын ғана емес, тіршілігінде жомарт жанды, қайырымды ізетті қазақтың анасы бола білген жан.
- Анам бес уақыт намазын үзген жоқ. Балаларын дәретсіз емізбейді екен. Арғы аталарымыз қажы болған, бұл солардан қалған қасиет болса керек. Шүкір, бүгінде анамыздың берген тәрбиесінің арқасында ұл-қыздары, немерелері, намаз оқып, имандылық жолын ұстанады,--дейді Тәушен Әбуованың ұлы мен қызы Ырысболат пен Мәдина.
Сонымен Отырарда дүркіреп өткен айтысқа оралсақ. Бұл айтыс жас өрендердің талантын шыңдап, елге танытты. Солардың бірі шымкенттік Аян Ниязбек, отырарлық Дәурен Полатбековтың арасындағы айтысқа көпшілік дүркірете шапалақ ұрды.
Халық ақыны Әселхан Қалыбекова төрайымдық еткен қазылар алқа екі ақынға да ең жоғары ұпайды берді. Ал бас жүлдеге Анар Жаппарқұлова лайық деп танылып, 300 мың теңгені еншіледі. Бірінші орын әдемі қалжыңдарымен қарсыласын қапы қалдырған Асхат Садықбековке, екінші орындар Дәурен Полатбеков пен Аян Ниязбекке, үшінші орындар созақтық Қалижан Білдашовқа, сарығаштық Жарқынбек Наушабекке және шымкенттің атынан сынға түскен Біржан Байтуовқа берілді. Өз кезегінде Тәушен апамыздың ұл-қыздары осындай іс-шараға демеушілік жасаған «Заречная» кәсіпорынының басшыларына шапан жауып, алғыстарын білдірді. Ауданның іскер әкімі Салыхан Полатов үлкен қолдау танытқан, оның осы салаға жауапты орынбасары Берік Ибадуллаевтың ұтымды үйымдастыруымен бұл жолғы айтыс бір сөзбен айтқанда дүркіреп өтті.
Ақындықтың қанмен бітетін қасиет екені рас. Ал Ұлы Отырар ежелден қасиет қонған мекен. Осы айтыста арнау айтқан Бекарыс Шойбековше айтсақ, «бұл жерден мұнай шықпауы мүмкін шығар, бірақ ақын шықпауы мүмкін емес». Тәушен ақын екі айналып келмейді, бірақ Тәушеннің жолын қуған таланттар келеді. Тек жас өрендердің тұсауын кесіп, томағасын сыпыратын осындай айтысты ұйымдастыру алдағы уақытта дәстүрге айналса игі дейміз.