Айгүл Бажанова балалық шақтағы естелігімен бөлісті

Oinet.kz 30-03-2019 1010

    --Балалық адамның  кіршіксіз көңілмен өмір сүретін ең  бақытты шағы. Қазір сол күндерді сағынсақ та, әттең, қайта оралу мүмкін емес. Жадымызда тек жарқын естеліктердің жаңғырығы қалады. Сол естеліктерді еске түсіргеннің өзі бір бақыт деп есептеймін. 

9e3d0b2db00fa3b2aca6e9633d5986bf.jpg

      Үйдің кенжесі болдым. Әке-шешеме еркелеп жүріп, қалай бойжеткенімізді байқамай да қалыппын. «Үлкендерге қолғабыс етейін, бір жағынан қырға шығып емін-еркін ән салып келейін» деп бұлақтан су әкелмекші болдым. Шелек көтеруге  шамам жетпеген соң, қолыма шәугім алдым. Менің зуылдап кетіп бара жатқанымды көрген үйдегілер: «Қайда барасың?» деді. «Бұлақтан су әкелемін» дедім. Жалғыз жіберуге қорыққан анам: «Айгүл қызым, бұлақ алыста ғой, сен әлі кішкентайсың, жалғыз жүруге болмайды, қорқып қаласың, оның үстіне үйге жетемін дегенше шаршайсың, бармай-ақ қой, үйде су жетеді» деп, мені тоқтауға тырысты. Оған көніп тұрған мен жоқ. Сонымен ерке қыздың айтқанына көніп, олар амал жоқ жіберді. Бұлақ ауылдан әжептәуір алыста болатын.  Бос шәугімді арқалап, қияға әрең шығып, су алдым. Қайтарда ән айтып, асықпай аяңдап қиял құшағында  көп жүріп қалдым. Бір кезде төбеде қалықтап жүрген дәу қара құсты көргенде, бүркіт деп ойлап, қатты қорықтым. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей  төбемде қалықтаған құс тура маған қарай ұшып келе жатқандай сезілді. Жан-жағыма қарасам жан баласы жоқ, ішімнен «анамның айтқанын тыңдамай, неге үйде отыра бермедім екен» деп аздап өкініп қалдым. Бойымды үрей билеп, алды-артыма қарамай ауыл жаққа қаштым. Жүгіріп келе жатып, жығылып, суымның барлығын төгіп алдым. Сөйтіп үйге бос ыдыспен қайта оралдым. Жастайымнан өлең жазуға құмар болдым. Осы оқиғадан кейін мындай бір шумақ өлең жазғаным есімде: 

Біздің үйдің кенжесі

Кетіп еді бұлаққа,

Көп күттірді, келмеді,

Қалыпты әне, құлап та!

      Бұлақ басына, қырға шығуға құмарттырған туған жерімнің табиғаты керемет еді. Балалығым өткен ауылға, туған жерге деген сағынышым басылған емес.

Қонаққа бала ертіп барған дұрыс па?
Шәмшагүл Меңдиярова: «Жақсы образ жан дүниеңді байытады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу