Шәмшагүл Меңдиярова: «Жақсы образ жан дүниеңді байытады»

Oinet.kz 06-03-2014 1015

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы:

e0273a295eb563c50435b7b5239deffd.jpg

– Менің балалық шағым соғыстан кейінгі уақытқа тап келді, – деп бастады апа әңгімесін. – Мен туған соң сегіз айдан кейін әкем қайтыс болып, анам жесір қалыпты. Әкем Балқаш маңындағы «Балықшы» колхозында бақылаушы болып жұмыс істеген екен. Бір күні қыстың аязында балықшыларды аралап қайтуға кеткен ол жеті күн сыртта жүріп, үйге орала салысымен ауырып қайтыс болған. Шешемнің айтуынша, үйден сап-сау кеткен әкеме қатты суық тиген. Ол кезде үкіметтің жұмысын жаныңды салып істейсің, әйтпесе «халық жауы» деген бәлекетке ілігіп кетесің... Содан шешем небәрі 33 жасында жесір қалған. Мені әлдилеп ұйықтату үшін күнде жоқтау айтатын. Әуелде қосылып бірге жылаушы едім, кейін ес білгенде «керек емес әлдиің!» деп тыңдамайтын болдым. Зарлы жоқтауға сәби жүрегі төзбейді ғой. 

Өмірберген деген жалғыз ағам болды. Ол мені жанынан тастамай ертіп жүретін. Ауыл балаларына қосылып түрлі ойындар ойнап, ән салатынмын. Отбасымыз Қаратал өзенінің Балқашқа құяр жерінде отыратын. Ауылдың бір жағы көл, бір жағы өзен еді. Бала күнімізде қызық думанға батып өстік. Ауылдағы қыз-жігіттер жиналып, «ақсүйек» ойнайтын. Үлкен балалар сүйекті лақтырып жіберетін де, біз жүгіріп іздейтінбіз. Сүйекті тек кішкентай балалар тауып аламыз. Сөйтсек, ересек қыз-жігіттер бізді ойынға алдаусыратып, өздері оңаша кездесу жасап жүреді екен ғой.  

Анам таң атқанан кеш батқанға дейін жұмыс істеді. Мені көршіміз Әуесбала деген апамның үйіне тастап кететін. Ол кісі маған барын беріп, мейірбандық көрсетуші еді. Баламын ғой, кейде қулық жасайтынмын. Қағазды жіңішкелеп шиыршықтап мұрнымның ішіне тығып алам да, түшкірем келіп, түшкірем келіп. Ана кісі ойбайлайды, «ойбуй, мынау ауырып қалды ғой» деп шыр-пыры шығады. «Жат-жат» деп жылылап орап, сүтке тарыны салып сапырып, ішкізеді. Мен тойып алам да, пырылдап ұйықтаймын. Міне, осындай мейірлі адамдардың ортасы жасынан жетім қалған маған жалғыздық көрсеткен жоқ. 

Бала күнімде зерек болдым. Бірнәрсені естісем, көрсем бітті, жаттап алушы едім. Өнер адамдарына жас күндегі үйренген дүниелері көп пайда екен. Анам бізді қиындықтарға қарамай, тарықтырмай өсірді. Марқұм әкемізге өмірінің соңына дейін адал болды. 33 жасында жесір қалып, 86 жасында дүниеден озды. Анама разымын, бірақ сонда да әкенің орны бөлек екен. Әйтеуір біреу жетіспей тұрғандай, өмірде бір олқылық бардай сезіледі де тұрады. Міне, амандық болса, үш-төрт жылда жетпіске келемін ғой. Әлі күнге әкеме деген сағынышым басылған жоқ. 

– Ал, өнерге қалай келдіңіз?

– Мен өнерге өз тағдырыммен келдім. Анамның жоқтауын, зарлы әндерін жаттап өстім ғой. Әуенді сезіне алдым. Жаркентте педучилищеде оқып жүргенде бір кісі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін қойды. Маған алдымен Таңсық рөлін беріп, кейіннен Баянды ойнатты. Содан ауданда өткен бір конкурсқа қатысып, бірінші орын алдық. Кейін оқуым біткен соң сол кездегі Талдықорған облысының Мұқыр деген жерінен «Халық театры ашылып жатыр» дегенді естіп, соған бардым. Сол жерден театр жетекшісі, бұрын Қызылорда театрында режиссер болған Жақып Әбілтаев ағамды жолықтырдым. Ол кісі маған әкемдей қамқорлық жасап, тәрбие берді. Арада біраз уақыт өткен соң, «Қызым, сен, үлкен сахнаға лайықсың» деп, Алматыға оқуға жіберді. 1968 жылы консерваторияның ән факультетіне, опера әншісі болуға келдім. Сөйтсем, ол жылы әншілерді қабылдамайды екен. Алайда, ауылға қайтқым келген жоқ. М.Әуезов театрында студия бар еді, сонда қабылдандым. А.И.Лакшин деген жақсы педагог кісінің курсында оқыдым. Кейін оқу аяқталған соң 21 жасымда театрда жұмысқа қалдырды.  

– Өнер мен өмірді қаншалықты байланыстыра алдыңыз? 

– Ауылда қазақтың бар дәстүрін көріп өстім ғой. Анамнан естіген жоқтауларды да сахнада пайдаландым. Анам жиі-жиі айтатын бір жоқтауды «Батыр Баян» фильміндегі Баянның Ноянды өлтірген жеріндегі оқиғаға қиюластырып айтып бердім. Кинода бар, бірақ бастапқыда басқа біреу орындап, оған режиссердің көңілі толмай, мені тауып алып қайта жазғызған соң ба, әйтеуір титрға енбей қалыппын. Естайдың «Қорланында» «Арқадан соққан самалым, айдай, Еркелеп өскен заманым, айдай...» деп келетін ән бар, соны мен М.Мақатаевтың өлеңіне салып, «Кебін киген өледі, айдай, Кебенек киген келеді, айдай. Майданға көкем кеткенде, айдай, осылай бәрі деп еді, айдай» деп  орындадым. Анам үйреткен «Аяғы сынған қыздың зарын» «Қаракөз» спектаклінде айттым. Міне, өмірден алдым, сахнаға бердім.    

– Рөлдеріңізге тоқталсақ. Қызығымен есіңізде ерекше қалғандары қайсысы?

– Мен сахнаға алғаш Шахмат Құсайыновтың «Қилы-қилы тағдырлар» спектаклінде Дариға деген қыздың шағын рөлімен шықтым. Әріптестерім – Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова апайларым кезектесіп, менің анамның рөлін сомдады. Алғашқы рөлің болған соң қол-аяғың дірілдеп, елдің бетіне жаута-жаутаң қарайсың ғой. Екі апайымның мінезі екі түрлі. Шолпан апай мені іш тартып, өзіне жақын ұстады. Ол кісіні рөл барысында емін-еркін барып құшақтап аламын. Ал, Хадиша апама өйтіп жақын бара алмаймын, мысы басып тұратындай. Кейін екеуіне де үйренісіп кеттім ғой. 

Жас актриса болғандықтан бастапқыда кілең эпизодтарда ғана көрініп жүрдім. Кейіннен «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» деген қойылымдарда Нұрсұлудың рөлін ойнадым. Сосын Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектаклінде мінезі қызық Мәнпази деген көрші қыздың бейнесін сомдадым. Әріптестерім – Әнуар Молдабеков, Сәбира Майқанова және Гүлзипа Сыздықова апайларым. Гүлзипа апайдың мінезі өте жұмсақ еді. Спектакльде Әнуардың мені, яғни, Мәнпазиді «аямай ұратын» тұсы бар. Бір күні маған таяқ расымен де батып кетті. Гүлзипа апамыз денелі, көйлегінің етегі жайылып жататын, жүгіріп барып соған кірдім де кеттім. Әнуар мені шынымен таба алмай жүр. Ақыры апамның етегінің астынан шықтым да, қашып барып сахнадан шығып кеттім. Қойылым біткен соң Әнуар аға «әй, бәлекет-ай, фантазияңды іске қосып, тауып кеттің!» деп күлген. Ренжіген жоқ. Гүлзипа апам да мені еркелетіп, «өй, иттің күшігі» дейтін. Ол сөзі маған бір ана мейірі түскендей, айналайын деп тұрғандай естілетін. 

Актриса ретінде сахнадағы барлық рөлімді жақсы көремін. Себебі, іштен шыққан шұбар жылан», бәрібір ыстық. Жалпы өнерпаздың өсуіне, жолының ашылып кетуіне бір адамдардың септігі тиеді. Бұл – театрдағы заңдылық. Маған септігі тиген адам – режиссер Болат Атабаев. Неміс театрымен қосылып «Мүслима» деген спектакль қойдық. Мен Мүслиманы сомдадым. Жалпы, Атабаевтың көп спектакльдерінде ойнадым: «Шыңғыс ханда» –  Бөрте, «Мәңгілік бала бейнеде» – Шөкіш, «Абай десемде» – Хабиба апамның үйретуімен Абайдың «Сегіз аяқ» әнін де айттым, жан-жақты ашылдым. 

Кей актерлер кішігірім рөлдерді алғысы келмей жатады. Шағын образдардың да салмағы ауыр. «Мен ішпеген у бар ма?», «Отыз ұлың болғанша» қойылымдарында кемпірдің рөлінде шығамын. Кішкене рөл деп қарай алмаймын. Cақау кемпірдің рөлінде «р» дыбысын «и»-ге ауыстырып айтам. Үйге келіп алып, бір апта бойы шалыммен сақау боп сөйлестім. Ол да маған «р»-ға тілі келмеген адамның «л»-ға да тілі келмейді деп ескертіп, содан бірге жаттықтық. Шағын рөл саған шағын ғана мүмкіндік береді. Сол аз уақытта образ жасап үлгеріп қалуың керек. Ең бастысы – сенім.

Рөл актерді тәрбиелейді. Сахнада жүргендер жақсы біледі, жақсы рөл ішкі жан-дүниеңді байытады. Ал, жаман кейіптегі рөлдер сенің өзіңе белгісіз немесе құтыла алмай жүрген жағымсыз мінезіңнен арылуға көмектеседі. Трагедиялық қойылымдар жүйкені шыңдап, сабырға шақырады. Біздің рөлдеріміз – өмірде бар бейнелер. Сондықтан, актер жан-жағына қарап, өмірдегі адамдарды зерттеп жүреді. 

– Сіз жасаған еңбегіңізді, өнеріңізді орденмен марапаттап, өлшеуге қалай қарайсыз?   

– Бұл – өте қиын сұрақ. Өйткені, әр кезеңнің өз сәні бар. Кеңес өкіметі кезінде бір суретші Ленин туралы сериялы полотнолар жасады, сол дәуірдегі барлық сыйлықтарды алды. Ал, қазір мүлде айтылмайды. Керісінше, орден-марапат алмаса, көрермен үшін нағыз халық әртісіндей болған адамдар бар. Сондықтан бұл сұрағыңа нақты жауап бере алмаймын. 

Театрға керемет еңбек сіңірген дарындар бар. Бірақ, кинодағыдай, телевизиядағыдай кең ауқымда танымал бола алмай жатады сондай азаматтар. Баяғыда керісінше еді. Халық актерді театр, спектакль арқылы танитын. Ал, театрдың машақатын білген адам ғана айта алады. Біздің әріптестер спектакль үшін мың өліп, мың тіріліп жүреді. Театрымызда бір техникалық қызметкер болған, сол кісі бір күні көрпеше алып келіпті. «Сендерді құр секеңдеп жүр екен десем, суық еденде отырады екенсіңдер ғой» дейді. Сөйтсек, біздің сахнадағы еденде жалаңаш тізерлеп отыратынымызды көреді екен. Содан әлгі көрпешесін білдірмей төсеп қойып, рөлге шыққанда соның үстіне отырып жүрдік. Талай актриса бүйіріне суық тиіп ауырып қалды. Азабы да, абыройы да бар жұмыс қой.  

– Өзіңізден басқа отбасыңызда өнерге жақын кімдер бар? 

– Күйеуім Бақытжан – мүсінші. Менің өнерімді қолдайды. Мен де оның шығармашылығын қолдауға тырысамын. Мүсіншілердің өз мінезі, өз көзқарасы, ұстанымы болады. Көпшілік түсіне бермейді. Бақытжан жолдастарымен бірге Алматыдағы Жамбыл Жабаевтың мүсінін құйған. Оның бірінші көрермені, бірінші сыншысымын. Балаларымыз өз алдарына отау құрған, қазір әр салада қызмет атқарады... 

Сұхбаттасқан Біржан АСАН

Айгүл Бажанова балалық шақтағы естелігімен бөлісті
Құрдастар қалжыңы. Екі шиша арақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу