Құрдастар қалжыңы. Екі шиша арақ
Құрдастардың қалжыңы дегенде есiме Сламбай атам түседi. Бiздiң Майбұлақ ауылы екi құрдас – Сламбай мен Сейфолла аталарымыздың қалжыңын әлi күнге жыр қып айтады. Сламбай Тоқбергенұлы 1989 жылы, Сейфолла Әшiрбекұлы бертінде қайтыс болды. Осы екi атамның қызық уақиғаларын естiген сайын құрдас болып қалжыңдай бiлу де бiр өнер екенiн сеземiн. Ол да бiр ғанибет тiрлiк. Ендеше Сiз құрдасыңызбен қалжыңдай бiлесiз бе? Қалжыңның да түр-түрi бар. Бiрақ құрдастардың қалжыңына ештеңе жетпейдi.
ЕКI ШИША АРАҚ
Ауылдың қақ ортасында жәпiрейiп, iргетасы жерге кiрiп кеткен шағын дүкен болатын. Сламбай атам сол дүкенде сатушы. Дүкеннiң iшi тар болғандықтан жәшiктер, тай-тай мата, май құйылған темiр бөшке, темiр-терсек, басқа да тауарлар араласа сығылысып тұрушы едi. Ал Сейфолла атамыз тауда қой бағады. Қойды ауысыммен бағады. Яғни, екi күн тауда, екi күн үйiнде болады. Кiм ойлап тапқанын қайдам, әйтеуiр, тауда екi қойшы кезек ауыстыратын кезде мiндеттi түрде бiр шиша арақ iшу дәстүрге енiп кетiптi. Яғни, ауылдан барған қойшы қоржынға екi шиша арақ сала барады, бiреуiн екеуi қақ бөлiп iшедi, қалған бiреуiн тауда қалған қойшы екi күн бойы “талғажау” етедi. Әр екi күн сайын араққа ақша таба беру оңай емес. Содан Сейфолла атамыз тоғайдан сары жылан ұстап алып, дүкенге келедi екен. Жаратылысынан жорғалаған нәрседен қатты қорқатын Сламбай атамыз ысылдап, ирелеңдеген жыланды көргенде көзi бақырайып, қабырғаға жабысып қалатын көрiнедi. Сейфолла бiр қолында жылан, екiншi қолымен жақын тұрған жәшiктен екi шиша арақты iлiп алып, қарқ-қарқ күлген күйi шығып кетедi екен. Осы жағдай бiрнеше мәрте қайталаныпты.
Бiрде тағы да араққа ақша таппай қалған қойшы атамыз жылан ұстап дүкенге кiредi ғой. Жайлап жәшiкке қол созып жатса, Сламбай атамыз: “Әй, Сейфолла сен өзi бала болып кеткенсiң бе? Бiз құрдас емеспiз бе, сұрасаң, екi шиша арақты әшейiн-ақ беремiн ғой”, – дептi. “Ойпырмай, сенiң ақылың кiрейiн дептi ғой. Осы сөздi қашан айтар екен деп жүр едiм. Әкел, арағыңды...”, – дейдi мынау елп етiп. Дүкеншi екi шиша арақты алдына қоя салады. “Е, бәсе, осылай болуы керек қой, маладес...”, – деп Сейфолла атамыз арақты құшақтаған күйi қарқ-қарқ күлiп дүкеннен шыға бередi.
Тау алыс. Жол бойы дүкендегi әлгi жағдайды қайта-қайта есiне алып, iштей мырс-мырс күлген Сейфолла қойға түс ауа жетiптi. Сонадайдан оны көрген қойшы алдынан жүгiрiп шығады. Сәкең аттан түсiп, амандасып болған соң, қоржындағы арақтың бiреуiн қойшыға ұстатып, “ашып, стақанға құя бер” дейдi ғой. Екi күн тауда жатқан қойшы апыл-ғұпыл тiсiмен арақты ашып жiберiп, стақанға толтыра құяды. Аттың тартпасын босатып жатқан Сейфолла атамыз анаған “алдымен өзiң тартып жiбер” дейдi. Стаканды басына бiр-ақ көтерген қойшы көзi бақырайып тұрып қалыпты. Сөйтсе, шишаның iшiндегi арақ емес, кәдiмгi су екен. Жапатармағай екiншi шишаны ашады. Ол да су. “Әп, бәлем, Сламбай... Бәсе, екi шиша арақты қалай ғана тегiн бере салды деп едiм, қатырған екен ғой...” деген Сейфолла атамыз сылқ етiп отыра кетiптi. Сейфолланың жылан ұстап, дүкенге бiр бас сұғатынын сезген Сламбай атамыз екi шишаға су құйып, аузын қолмен бекiтiп, арнайы дайындап қойған екен. “Сөйтiп, Сламбай атаң менi қатырған...”, – деп Сейфолла атамыз әлi күнге осы жайтты жыр қып айтып отырады. Қария құрдасқа деген сағынышын бiр жағы өткен-кеткендi осылайша еске алып, әңгiмелеу арқылы басатын сықылды.
МОЛДА ШАҚЫРУ
Жаздың шiлiңгiр ыстығында Сламбай атамның дүкенiне көршi өзбек ауылынан атқа мiнген бiр жiгiт келiптi. Мотоциклдiң бiр темiр-терсегiн iздеп жүр екен. Ол кездiң дүкеншiлерi өте паң, өте тәкаппар, бар заттың өзiн “жоқ” деп отыра бередi. Iздеген затының осы дүкенде бар екенiн бiреуден естiген өзбек жiгiтi атама “тауып берiңiз” деп жата жабысыпты. Атам: “Мейлi, тауып берейiн, бiрақ бiр өтiнiшiм бар, орындайсың ба?” – дептi. “Не айтсаңыз да орындаймын”, – деп жiгiт одан бетер жiк-жапар болады. “Онда былай, – дептi сонда Сламбай ата. – Ауылдағы Сейфолланы танисың ғой, сол кеше қайтыс болған, соның жаназасын шығаратын молда таппай жатырмыз. Бiздiң ауылдың молдасы алыс жаққа сапарлап кетiптi. Сен ауылыңдағы молдаға айтшы, келiп жаназасын шығарып берсiн”. Iздеген темiрiн алып, өзбек жiгiтi атымен ауылына құйын болып шаба жөнеледi.
Арада бiраз уақыт өтедi. Дүкеннiң көлеңкесiнде Сламбай ата пiсте шағып отырса, есiктiң алдына бiр “Москвич” көлiгi келiп тоқтапты. Алдында сәлделi бiр молда отыр. “Әй, балам, – деп дауыстапты молда. – Сейфолланың үйi қай жақта?” Iшi қылп ете қалған атам жүгiрiп барып молдамен амандасады. “Ойбай, молдеке, көлiктен түссеңiзшi, кiшкене дем бассаңызшы”, – дейдi ғой сасқанынан. Сөйтсе молда “Жоқ, түспеймiн, әлгi Сейфолла қайтыс болған екен, молда таппай жатыр екен, күн қызбай тұрып жаназасын шығарып тастайын”, – дейтiн көрiнедi. Ендi болмаса ойыннан от шығарып аларын сезген Сламбай ата өзбек молданың асты-үстiне түсiп, зорға дегенде дүкенге кiргiзедi. Мұның бәрi құрдастық қалжың екенiн түсiндiрiп, “айыбым” деп молдекеңе бiрнеше тал шай, өрiк-мейiз, кәмпит арқалатып жiберген екен.
ОЛ ҚАЙ НАТАША?!
Бiр жаңа жыл мерекесiнiң қарсаңында Сламбай ата, жұбайы Мәрия апа, інісі Әбдiраш үшеуi Торғай жаққа сапарлап барады. Шу стансасынан түскен бұлар ары қарай басқа пойызға отыруы керек. Перронда пойыз күтiп отырғанда Мәрия апамның ойына бiр қулық келе қалады. Мәрия апамыз орыс мектебiн бiтiрген, бiр кiсiдей орысша сауаты бар. Сол жерден бiр “открытка” сатып алып, Наташа деген қыздың атынан Сейфоллаға құт-тықтау жiбередi. Жаңа жылмен құттықтай отырып, Сейфолладан баласы бар екенiн, баласы тура өзiне ұқсайтынын, жасы жетiге келiп қалғанын жұқалап жеткiзедi ғой. Ол жылдары Сейфолла атамыз ауылдан қалаға қатынап, үлкен зауытта жұмыс iстейтiн.
Арада бiр апта өткенде көкемдер Торғайдан оралады. Ол кезде Әбдіраш колхозда санақшы, жұмыс бабымен әр үйге кiредi. Содан таңертең Сейфолла атамыздың үйiне бас сұғады. Баласы, кемпiрi үшеуi шай iшiп отыр екен, “кел-кел, жоғары шық” деп Сәкең бәйек бола кетедi. Шай үстiнде байқайды, үшеуiнiң де көңiл-күйлерi жоқ, бiр-бiрiн жақтырмай отыр. Тiптi, кемпiрi атамызға терiс қарап отырған көрiнедi. Соған қарағанда, үйде бiр ұрыс-керiс болғаны анық. Шайдан кейiн апамыз самаурынды көтерiп сыртқа, баласы басқа бөлмеге кетедi. Осы кезде Сейфолла атамыз терең бiр күрсiнген көрiнедi. Сонда әкем түк бiлмегенсiп: “Көке, не болды, қатты күрсiндiңiз ғой?.. ” деп сұрапты. Сейфолла атамыз: “Мына бiр Наташа деген бiреу бәле болды, балаң бар деп хат жазыпты. Қай Наташа екенiн есiме еш түсiре алмадым. Жұмыстағы анау қыз ба деп қоямын... Содан берi үйде береке жоқ, күнде ұрыс-керiс. Бала жүр қырын қарап, апаң жүр терiс қарап... Атаңа нәлет, ол қай Наташа болды екен, ә?” – деп бұрқылдай жөнелiптi.
Шәмші ҚАЛДЫБАЙ