Ерболат Төлегенов: «Кемпірдің» сөзін министрлер талқылап жатыр

Oinet.kz 06-03-2014 1140

 - Ерболат, әженің рөліне жақсы қалыптасып алдыңыз. Бұл образды шынайы өмірден алдыңыз ба, әлде қиялыңыздан туған кейіпкер ме?

 - Шынайы өмірден алынған деуге болмас. Жастайымнан актер болуды армандап,  өнердегі, театрдағы ағаларымызға еліктеп өстім. Олардың сахнадағы сомдаған  образдарына қызығып, әр іс-қимыл, сөздерін бақылай отырып, кейіннен өз образымды таптым. Әсіресе «Екі езу» театрындағы қолы дірілдеп тұратын Шатақгүл әжені ойнайтын  Кенжебек Шайхақов ағамыз маған қатты әсер етті. Еліктеді  дегенде тура сол кемпірді көшіріп алды деп ойлап қалмаңыз, Кенжебек ағамызды үлгі ете отырып, дәу көзілдірікті әжені «өмірге» әкелдім. 

47c431b0e1a4333890ecf20e9143694e.jpg

 - «Әжеңізге» сценариді өзіңіз жазасыз ба?

 - Көп жағдайда өзім жазамын және әріптестерім атсалысады. Бізге арнайы сценарий жазып беретін адам жоқ. Театрдағы жігіттердің қай-қайсымызға идея келсе, соны ортаға салып, кімге лайық келетінін анықтап, бірге жазамыз. Сахнаға жеке-жеке шыққанымызбен, өзге театрдың әртістеріндей бірге дайындалып, бір-бірімізге көмектесеміз.   

 - «Әзіл әлемінің» жігіттері сахнада жеке-жеке өнер көрсетіп, қазылар алқасы, көрермендер баға беріп, сайысқа түсіп жатасыздар. Бір театрдың пұшпағын илеп жүрген әртіс емессіздер ме, неге өзара жарысасыздар?

 - Оны шынайы жарыс деп қабылдауға болмайды. Жоғарыда айтқанымдай концертке барлығымыз бірге дайындалып, бірге ақылдасып  жүреміз. Театр директоры Тұрсынбек Қабатов мұны біреулерді жарыстырып, бәсекелес етейін деген оймен емес, көрерменге тартымды, қызықты болсын деп, өзге театрлардан ерекшелену үшін жасалған дүние. Сахнаға жеке шыққанымызбен жігіттердің арасында  ешқандай қызғаныш, көреалмаушылық болған емес. Бір үйдің балаларындай татумыз.

 - «Әзіл – түбі зіл» дегендей сахнада кемпірдің аузына салып  біраз әлеуметтік мәселелерді шайқап қоясыз. Қоғамға мұның  пайдасы тиіп жатыр ма?    

 - Әр әзілдің астарында бір шындықтың жататыны белгілі. Біз әртістер кейде көрерменді күлдіріп отырып, ойландырып қоямыз. Сұрағыңыздың дәлелі ретінде айтайын, бір концертте   кемпірлердің атына қойылған мүліктер туралы айтқанмын. Қазір  бір қызы қымбат көлігін, біреуі пәтер секілді  мүліктерін салықты азайту үшін зейнетке шыққан ата-аналарының атына жаздырып қойып жатқандар көп. Осы қойылымнан кейін жоғарыда отырған министрлер осы жағдайға назар аударып, салықты көбейтіп және  кемпір — шалдың атына қойылса бір көліктен артық қойылмайды деген заңды талқылап жатқандығын естідім.  

 - Жанна Исабаеваның «Алматыда пәктіктен айырылғанда» (Теряя невинность в Алма-ате) фильміне түскеніңізден хабардармыз. Жастардың анайы қылықтарын бейнелейтін фильмге түсуіңізге не себеп болды?

 - Көрерменнің есінде болса осыған дейін Жанна Исабаеваның «Ойпырм-ай или дорогие мой дети!» фильміне түскен болатынмын. Комедия жанрындағы кинода кенже әрі ерке баланың рөлін сомдадым. Фильм көпшіліктің көңілінен шықты десем де болады.  Кейіннен Жанна апайымыз маған хабарласып, тағы бір фильм түсіріп жатқандығын айтып, бір рөлді маған ұсынды. Режиссермен бұдан бұрын жұмыс жасап жүргендіктен, келісімімді бердім.  Оның үстіне менің кейіпкерім фильмде ешқандай оғаш қылықтар жасамайды. Қарапайым баланың ролін сомдағанда тұрған ештеңе жоқ деп есептеймін.    

 - Үйленгенсіз бе?

 - Ия, әйелім және екі балам бар.

Хемингуэйдің өмірін тозаққа айналдырған кім?
Шымкентте Ұлы Абайдың ұрпағы тұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу