Шымкентте Ұлы Абайдың ұрпағы тұрады

Oinet.kz 04-04-2013 1490

 image.png

Бақыт Мәуленбердиев, Абай  Құнанбаев әулетінің ұрпағы

«Әкем екеуміз жолыққан кісі Әуезов екенін кейіннен білдім»

— Бақыт аға, алдымен Абайдан өзіңізге дейінгі шежірені айтып берсеңіз?

Мен Абайдың атасы Өскенбайдың Жақып деген ұлынан тараған ұрпағымын. Жақыптан Мәуленберді, одан Мұсатай, Мұсатайдан менің атам Алатай тараған. Яғни Жақып пен Құнанбайдың әкесі Өскенбай -Мәуленберді мен Абайдың атасы. Алатайдан әкем Қайрекеш, Сартай және Мағмет тараған. Қайрекештен біз алты ағайындымыз. Әпкем, қарындасым, екі ағам және інім. Бүгінде әпкем және әкемнің көзі тірі жалғыз қарындасы Алматыда тіршілік кешіп жатса, өзімнің бір кіндіктен тараған қарындасым Шымкент қаласының тұрғыны. Ал ағаларым Марс пен Бауыржан, інім Нұржан қайтыс болып кеткен.

Ұлы Абай әулетінің ұрпақтары Оңтүстік Қазақтан өлкесіне қалай келген?

— Кеңес Одағы кезеңінде, 1920 жылдары байлардың малдарын тартып алып, жаппай кәмпескелеу кезінде Абайдың ұрпақтары, туған-туыстары бір жерде топталмасын, бастары қосылмасын деп Қазақстанның түкпір-түкпіріне жіберген. Сонда атам Алатайды Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданына жібереді. Ол кісі өте сауатты адам болған. Араб, латын, орыс тілдерін керемет білген. Сол білімділігінің арқасында Созақ жеріне келген соң бірден колхоздың жұмыстарына араласып кетеді. Осы жерде үйленіп, отау құрады. Әкем де атам секілді білімге құштар болып өседі. Араб, латын, орыс тілдерін де тез меңгеріп алады. Он бес жасынан бастап ол колхоздың есеп-қисап жұмысын істеп, көп жылдар бойы түрлі лауазымды қызметтерді атқарып жүрді. 1941 жылы атам, әкем және оның інісі Сартайды соғысқа әкетіп қалады. Жарты жылдан кейін атам жарақаттанып, елге қайтады. Әкем 1945 жылы соғыстан аман-есен оралады, ал інісі Сартайдан әлі күнге дейін еш хабар жоқ. Кейін әкем үйленіп, содан Сарыағаш ауданындағы Абай өңіріне көшіп кетеді. Мен сол жерде туылғанмын. 

— Атаңыз, әкеңіз Абай туралы жиі айтып отыратын ба еді? 

— Ия. Бала кезімізде үлкендердің бастары қосылса болды өткен өмірлерінен сыр шертіп, ішінде Абайды да айтып отыратын. Атамның айтқандарынан есімде қалғаны атам Алатай алты, жеті жасында Абайдың үйіне қонаққа барғанда, тізесіне немерелерін, туыстарын алып, маңдайларынан иіскеп отыратын дейді. Марқұм әжем бізге “сендер Абайдың туысқанысыңдар” деп жиі еске салып жүретін. Әкем үйде тұратын «Абай жолы» кітабын міндетті түрде оқыңдар, ол туралы бәрін біліңдер дейтін. Кеңес үкіметі кезінде Абайды, оның шығармаларын оқытпайтын, ол туралы көп айтылмайтын, насихат жүргізілмейтін. Себебі, бәрі қорқатын. Әкеміз де Абай әулетінің ұрпағымын деп айта бермейтін, байдың тұқымдары деп бізге зияны тиіп кете ме деп ойлаған шығар. Заман солай болды ғой. Артық сөз айтуға болмайтын. Бірақ, өз араларында еске алып тұратын. 

— Абайтану ғылымына нендей үлесіңізді қоса алдыңыз?

— Менен гөрі атам мен әкемнің үлесі зор. Жоғарыда айтқанымдай, олар арабша жақсы білетін. Үйде әкеміз түнімен отырып, шамның жарығымен арабша бір нәрселерді жазып отыратын әйтеуір. Жазған қағаздарын ешкімге бермейтін, көрсетпей чемоданына сақтап жүруші еді. Бірде әкем мені ертіп алып, Алматыға жол тарттық. Менің жасым шамамен онда болу керек. Ол жақта бабамыз Мәуленбердінің інісі Ақбердіден тараған Жұматай деген ағамыз тұратын. Соның үйіне барған соң, бірден тағы бір кісінің үйіне қонаққа бардық. Ол кісі бізді құшақ жая қарсы алып, дастархан жайды. Байқасам, әйелі қазақ емес екен. Әңгімелесе отырып, әкем алтыннан да жоғары бағалап, әлгі чемоданына сақтап жүретін арабша жазылған көп қағаздарды үй егесінің қолына ұстатты. Ол парақтап, оқып шығып, алғысын айтып, шығарып салды. Кейіннен білдім, біз жолыққан кісі Мұхтар Әуезов екен. Әкеміз түнімен не жазады десек, Абай туралы ақпараттарды жинап, оның ұрпақтарын, араласқан адамдары, дос-жарандарын зерттеп жүрген екен ғой. Әуезовке жолыққанда ол кісі «мен Абай туралы жаңа кітап жазуды бастап жатқан едім, кітапқа мына мәліметтеріңнің көп көмегі тиейін деп тұр. Кітапқа әкеңіздің, сіздің де аттарыңыз шығады» деп айтқан екен. Сол мезетте арқасынан ауыр жүк түскендей әкем бір қуанып қалған еді. Сонымен кітаптың шығуын әкем асыға, тағатсыздана күтті. Өкінішке қарай, көп ұзамай әйгілі Мұхтар Әуезов өмірден кетті. Кітап сол күйі жарыққа шықпады. Оның ісін жалғастырған да адам табылмады. Сөйтіп жүргенде әкем 53 жасында қайтыс болды. Әуезовтың аяқталмай қалған кітабы мен әкемнің берген мәліметтері қазір мұрағатта, бәлкім бір музейде жатқан шығар. Енді түсініп жүрмін, оның шежірені арабша жазған себебі репрессия мен Сталиннің темір саясаты тұсында ешкім түсінбесін деген ойы екен. Марқұм әкемнің ісін жалғғастыруға менің де ниетім болды, бірақ, арабша түсінбедім, әрі ол кезде тым жас болдым. Бірақ, 1993 жылы «Абай» журналына әкемнің Әуезовке берген шежіресі, өзге де зерттеулер басылып шықты. Журналды көре сала Алматыға барып, редакция ұжымына жолықтым. Сөйтсек, олар мұны мұрағаттан тапқан екен.

— Ал Абайды бүгінгі ұрпақ қаншалықты дәріптеп, ұлықтап жүр?

— Бүгінгі ұрпаққа мен ризамын. Жыл сайын Абайға арнап Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Тек Қазақстан емес, шетелде, соның ішінде Ресейдің жастары Абайды мойындауда. Кез-келген қазақ баласы тым болмағанда Абайдың бір шумақ өлеңін біледі деп айта аламын. Абай тарихта аты қалған ұлы тұлға, сондықтан оның есімі ғасырлар бойы өшпейді деп ойлаймын. 

— Өзіңіз жайлы айта кетіңізші?

— Менің мамандығым инженер-технолог. Зейнет жасыма дейін осы салада қызмет еттім. Екі қызым, екі немерем бар. Үлкенім Астанада, кіші қызым Шымкентте тұрады. 

— Бақыт аға, не дегенмен текті әулеттің ұрпағысыз. Сіздің де ақындық өнеріңіз бар шығар?

— Студент кезімде өлеңді жиі жазып тұратынмын. Ол кезде жалындап тұрған жаспыз, қыздарға ғашық болып, талай өлеңдер шықты. Ішкі тебіренісімнің барлығын өлең арқылы сыртқа шығарып алатынмын. Бірақ, орыс тілінде жаздым. Себебі, орысша білім алғанмын. Кейін отбасылы болып, тіршілік қамымен оның барлығы қалып кетті ғой. Қазір Абайдың, атамның, әкемнің алдындағы парызым ретінде Абайдың сонау Тобықты руынан бастап бүгінгі күнге дейінгі шежіресін жазып жатырмын. 

— Сұхбатыңызға рахмет. Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз! 

Ерболат Төлегенов: «Кемпірдің» сөзін министрлер талқылап жатыр
Сәкен Сыбанбай. Ауруханадағы өмір
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу