Хемингуэйдің өмірін тозаққа айналдырған кім?

Oinet.kz 17-12-2015 1118

Өлмес туындылардың қатарына жататын «Шал мен теңіз» повесінің авторы жазушы Эрнест Хемингуэй өмірінде не көрмеді десеңізші?! Қаншама рет ажал аузында қалып, екі соғысты басынан өткерді. 

image.png

Ол ұзын бойлы, кең иықты, сом денелі болғанымен, бала кезіндегі келбетін көрсеңіз, сүйкімді қыз екен деп ойлап қалар едіңіз. Себебі үлкен әпкесінің сіңілісі болғанын қалаған анасы оны ес білгеннен қыздың киімін кигізіп, қыз балаша тәрбие беріп, тіпті Эрнеста деп атаған. Анасы шіркеуде хор айтқызып,  виоленчельде ойнауға мәжбүрлесе, дәрігер әкесі жолымды қуар деген оймен оны табиғатқа шығарып, өсімдіктіктерді, жан-жануарларды зерттеуге, қамқор болуға әуестендіріпті. Қартайған шағында Эрнест анасын былайша еске алады: «Ол музыканы оқыту үшін мені жылдап мектепке жібермейтін. Қабілетім бар деп ойласа керек. Бірақ менің музыкаға деген ешқандай қызығушылығым да, талантым да болған емес». Есесіне Эрнест әдебиетті сүйді, ата-анасынан жасырынып, кітап оқуды әдетке айналдырды.  12 жасқа толғанда атасы оған аңшы мылтығын сыйлайды. Атасынан, әкесінен аңшылықты, балық аулауды үйренген соң, бұл оның сүйікті ісіне айналды. Содан болса керек,  алғашқы әңгімесін аңшылыққа және әкесінің рухына арнады. Үнемі көңілді жүретін әкесінің өз-өзіне қол жұмсап, өмірден өткені, жастайынан әкесіз жетім қалғаны жазушының жанына қатты батты. 

Ол әскерге баруды армандаған еді, алайда көру қабілеті нашар болғасын, оны әскер қатарына бірнеше рет қабылдамай қояды. Ақырында табандылығының арқасында  Италияда Бірінші дүниежүзілік соғысқа ерікті түрде жүргізуші болып қабылданады.  1918 жылы майданда өз қызметін атқарып жүргенде, жаралы жауынгерді құтқарамын деп, минаның астында қалып қояды. Ауыр жарақаттанғаны соншалық денесіне 237 жерден мина ұшқыны тиеді. Журналистерге берген сұхбатында ол осы жарақаты оны өмір бойы азаптап келгенін айтыпты. 1919 жылдың 21 қаңтарында соғысқа жүргізуші ретінде барған ол АҚШ-қа «батыр» болып оралады. Италияның президенті оны «Ерлігі үшін» күміс медалімен және «Әскери крест» сыйлығымен мараппаттайды. Түрлі басылымдар Италия жерінде жараланған алғашқы ағылшын жауынгері ретінде жан-жақты жаза бастайды. Соғыстан кейін біраз жылын отбасының жанында өткізуді ұйғарады. Тек шығармашылықпен айналысып, әңгіме, романдарын жаза бастайды. Соғыста жараланғаны аз болғандай 1930 жылдың күзінде Эрнест жол апатына ұшырайды.  Әйтсе де жанына батқан сырқатына қарамастан әр елдерге саяхат жасап, әңгіме жазудан жалықпады. 30 жылдардан кейін оның аты көпшілікке жазушы ретінде кеңінен таныла бастайды, тіпті алдыңғы қатарлы жазушының біріне айналады.  

Екінші дүние жүзілік соғыс басталғанда Хемингуэй қырықтан асып қалған еді және Кубада теңіз жағасында өмір сүріп жатты. «Пилар» атты катерімен теңізді шарлап, балық аулап, бар уақытын теңіз үстінде өткізетін. Соғыс басталып, ел дүрлігіп жатқанда, жайбарақат жата алмаған ол соғысқа қатысу ниетімен Кубадағы АҚШ елшілігіне барады. Ол теңіз жағасында неміс тыңшыларының барын, оларды бақылауға алу қажеттігін айтады. Оған тек ресми түрде рұқсат және аз ғана қаражат керек еді. Елшілік оның ұсынысын қабыл алып, сұрағанын береді. Сөйтіп бір соғысты басынан өткерген жазушы екіншісімен күресуге кірісіп кетеді. 25 адамнан тұратын агенттік құрып, бар жоспарды өзі жасап шығарады. Алайда, теңізді ұзақ уақыт бақылауға алғанмен, ешқандай нәтиже шықпайды. Бірде олардың жолы болып, су астынан жаудың сүңгуір қайығын байқап қалады. Оны қуып жете алмағанымен, құзырлы органдарға жедел хабар жібереді. Өкініштісі сол, оның сөзіне сенген бірде бір адам болмапты. Қызық болғанда екі күннен кейін шынында да неміс тыңшыларының сүңгуір қайық арқылы жағаға жеткені туралы ақпар тарайды. 

Барлығынан көңілі қалған жазушы соғыс аяқталғасын қайтадан қаламын серік етеді. 1952 жылы атақты «Шал мен теңіз» повесін аяқтап, кейіпкер арқылы ішкі ренішін, тебіренісін жеткізіп және «мұның өзі кім, сөзі кім» дегендерге жауап қайтарады. Повестегі ешкімге керексіз, жұрт жақтыра бермеген шалдың теңізге шығып, әлі ешкім аулап көрмеген алып балықты жалғыз өзі дауылға да, жыртқыш балықтарға да қарсы тұрып, жағаға алып шығады. Жұрт таң қалып, оның оңай шал еместігіне көздері жетеді. Кейіпкер--қайсар шал Хемингуэйдің өзі екені анық еді. Өкінішке орай, жазушының айтар ойын халық тым кеш түсінді. 

Сенерге дос табылмағандықтан, ел аралап, саяхат жасап, жаһанды кезіп жүргенде 1953 жылы ол  Африкада әуе апатына ұшырап, тағы да қатты жарақаттанады. Денсаулығы нашарлап, жазуға, жалпы өмір сүруге деген құлшынысы төмендеп кетеді. Артынан қауіпсіздік қызметкерлерінің аңдып жүргендігін айтып, көшедегі кез-келген адамды аңдушы ретінде қабылдайтындай жағдайға жетеді. Әрине, оның бұл сөзіне де ешкім сенбеді, сенбек түгілі оны «жындыға» балады. Хемингуэйдің жүйкесінің сыр беруіне гипертония, қант диабеті, пейрафобия (көпшіліктің алдынада сөйлеуге қорқақтық) секілді аурулардың жабысқаны да септігін тигізді. Соңында достары оны АҚШ-тағы Майода орналасқан психиатриялық клиникаға жатқызып тынады. Дәрігерлер оны электрошокпен емдеп, денсаулығын тым нашарлатын жібереді. Көп уақыт өтпей Хемингуэй есін жоғалтып, сандырақтай бастайды. Бірақ клиникада да өзін біреулердің  аңдып жүргендігін айтудан танбайды. Тозақтан кем болмаған жындыханадан шыққан соң ол былай дейді: «Мені электрошокпен емдеген психиаторлар жазушыларды мүлдем түсінбейді. Егер барлық психиаторлар көркем шығарма жазушы үйренсе, жазушы болудың қандай қиын екенін түсінер еді. Менің жадымды жойып, есімді жоғалтқаннан кім не ұтты екен?

Ауруханадан кейін Хемингуэй өз-өзіне келе алмады. Күн сайын өз-өзіне қол жұмсауға әрекет етіп, адам атаулының барлығынан қорқатын болды. Өмірден әдбен қажыған американың атақты жазушысы Эрнест Хемингуэй ақыры 1961 жылы үйінде, ешқандай өлімалды хат қалдырмай, сүйікті мылтығымен өз-өзін атып өлтірген.   

Арада 50 жыл өткеннен кейін қауіпсіздік қызметкерлерінің расында да Хемингуэйдің әр қадамын аңдып отырғандығы анықталды. Тіпті психиатриялық ауруханда да тыңдау құрылғылары орнатылған екен.  Мұның артында кім тұрғанын және Хемингуэйді осыншама азапқа не үшін салғанын   сол күйі жан баласы біле алмады. Сол себепті шығар Хемингуэй өмірінде бірде бір адамға сенбей өтті. Төрт рет үйленіп, балалы-шағалы болса да жан сырын тек ішіне бүгіп, ақ қағазбен ғана ой бөлісті. Бүгінде әлемдік әдебиетте Хемингуэйдің жазу стиліне жететін үлгі жоқ. Оның шығармаларындағы нақтылық пен түсініктілік және көркемдік барлығы керемет үйлесім тапқан. Оның Нобель сыйлығын иемденген «Шал мен теңіз» повесі, «Қош бол майдан!» тағы да басқа туындылары көптеген тілдерге аударылып, миллиондаған оқырманның ықыласына бөленді. 


Болатбек Бөкенов: Шымкенттегі опера театрына Құрманбек Жандарбековтің есімі берілсе...
Ерболат Төлегенов: «Кемпірдің» сөзін министрлер талқылап жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу