Жүсіпбек Қорғасбектың әңгімесі: «Өлмейтін құс»
Есік алдындағы ақ тақырға сабағынан үзіліп түскен алмадай домаланған бір сарыала құс топ етіп қона қалды. Бұлтиған жемсауының жерге топ етіп тигенін Үрмет анық көрді. Әуелгіде тоя жеген жүгері дәніне кептеліп, тырсиған жемсауын көтере алмай құлап түсті ме екен деп ойлап қалған. Балғын бармағы майыса жүгері уатып отырған немересіне еріксіз назары ауып кетіп еді. Кенет басы қалтаң етіп, әлгі сарыала құсқа әуестікпен қайыра жалт қарады.
Бұрын көрмеген, білмеген бөтен құс көкшіл көздері тұздай болып, кәдімгі қиқар Қожағұл құсап шақшиып отыр. Монтақан құс-көз емес, ызбар шашып шақырайған кәдімгі астамшыл адамның көзіндей жайсыз елес берді. "Кіш-кіш" деп, қолындағы иір таяғымен қыртысы ақжемденген ескі құрым етігінің қонышын сарт-сарт ұрды. Сарыала құс оған үрке қойған жоқ, уатып отырған жүгерісін тастай салып, ұшып тұрған қара балаға қылт етіп бір қарады. Содан кейін ғана алға шыға бұлтиған жемсауын қонған кезіндегідей жерге бір соғып, тоңқаң етіп, орнынан тік көтеріліп кетті.
- Ата, бұл қандай құс? - деп қатты таңырқаған немересі, томпиған тоғыз жасар Сардар атасына оқыс жалт бұрылды.
Сексеуілдің топырақ бетіне шығып қалған тамырларындай сала-сала болып тарбайған сіңірлі саусақтарының басы әрең бірігіп, күн сала жоғары қарай берген ол қолын сылқ еткізіп тізесіне тастай салды.
— Қап!.. Қап-әй, ә?!. Сен енді жылайтын болдың ғой, - деді қинала күлімсіреп. — Әрең алдап жүгері уатқызып отыр едім, қап! -деді содан соң қуқыл жүзін төмен сала күбір етіп.
— Не?!. Білмейсің бе?!. - деп тіпті айран асыр қалды немересі көзі бақырайып.
— Білмеймін десем жылайсың, білемін десем өтірік айтқан боламын. Саған қайсысы жақсы өзі? - деді шал жауап тауып кеткеніне қуанғандай көзін сығырайта, әрі немересін сынағандай түр байқатып.
— Әне! -деп шар ете қалды Сардар осы кезде, әлдебір жаманшылықты түйсігімен сезінгендей.
Жаңағындай сарыала құстың тағы бірі топ етіп тақ алдарына құлап түсті. Тез аунап тұрып, кәдімгі бұрау салған темір ойыншықтай зыр қағып, арлы-берлі жортақтай жөнелді. Тұп-тура осы ауланың қожайыны өзі құсап, бұл жерді үйреншікті мекені сияқты көріп, тіпті еркін кезбелеп жүр.
— Апыр-ай, мынау бір қызық құс қой, - деп шал шынымен аң-таң болды. - Құлап түскенде еш жері сынбаған бұл, темір құс па, немене?!
— Ананы қара!.. Ата!.. Әне!.. - деген Сардардың дауысы бағанағыдан да үрейлі қатты шықты.
Сарыала құстар топылдап, бірінен соң бірі қаптап қона бастады. Немересінің қорқып тұрғанын көріп, шал қолындағы иір таяғын құлаштай сілтеп кеп жіберді. Құстар шалды мазақтағандай, торсиған жемсауларын жерге бір иіскетіп, орындарынан тоңқаң ете қалып, дүр көтерілді. Таяқ бес-алтауына қатар тиген сияқты еді, біреуі ғана қанатымен жер сызып, қалбаңдап ұша алмай қалды. Сардар оны ұстап алғысы келіп, тұра жүгірді. Бас салып, ұстай беріп, баж етіп қолын тез тартып алды. Жандауысы шыға шырқырап кері қашты.
Сұқ саусағын оңдырмай шоқып алыпты, қара қошқыл қан дірдектеп ағып тұр. Үйден қалбаңдап етегіне сүріне-қабына шыққан қалақтай қара кемпір Сардарға, орнынан қалталақтап әрең көтерілген шал қанатын сүйреткен жаралы құсқа ұмтылды.
— Таста құрғыр!.. Құртты мынаны!.. - деп бажылдаған кемпіріне де, бақырып жылаған немересіне де қараған жоқ.
Сарыала құс аузын кең ашып, қызыл көмейіне дейін анық көрініп, шаңқылдап айбат шекті. Қанатын сүйретіп, айнала қашып, қорықтың түбіндегі қыстық отынның астына кіріп кетті.
— Бала болып кеттің бе, немене? - деді есін жиған кемпірі енді нықтана сөйлеп.
Сардар да жылағанын қойып, тек өксіп қана тұр еді. Ақ шүберекпен таңылған өз саусағына өзі тіксіне қарайды. Құдай біледі, қорқып тұр.
— Сұмдық болды мынау, - деді Үрмет сабырсызданып. - Адам жейді ғой мына құс.
— Е, құс көрмеп пе едің? Неғылған құс өзі?
Немересін басынан сипап жұбатып отырған кемпірі жайбарақат. Үрмет те кемпірі сияқты жұқа болатын, шоқша сақалы желмен желбіреп, қалқиып қастарына келіп тұрды. Әлгі құс бұлардың бар-жоғын білгісі келгендей, отын астынан өзгеше бір үнмен шақ-шақ етіп дыбыс берді.
Сардар сол жаққа тас атып ойнап, Бағиза сары самауырға жаңқа салып үрлеп, Үрмет таяғының астына шүңірейе қарап ой ойлап, әркім өзімен өзі болып кеткен. Бір кезде үй сыртынан ақ қаншықтың назалана шаңқылдап үргені естілді. Иттің үргені таң емес, алғаш үшеуі де назар аударған жоқ, көшеден біреу өтіп бара жатыр ма деп қана мойын созысқан болды. Бірақ, ақ қаншықтың назаланып үргені үдей түсті де, шал мен кемпір аңырайып бір-біріне қарады.
— Қарашы, Сардаржан. Ана итке не көрінді? - деді Үрмет сонда да аса көп сезік алмай.
Сардар үй айналып томпаңдап жүгіріп кетті. Ақ қаншық қаңсылап үргенін бәрібір қойған жоқ. Үрмет дегбірсізденіп, енді кемпірін жұмсады. Ақ қаншық иелерін арқаланғандай тіпті шабаланып кетті.
— Әй, қырылып қалдыңдар ма түге?! - деді Үрмет ашуланып.
Шыдамай өзі де үй айналып қарап, көзі атыздай болды. Бағиза басы түсіп қалған айырдың сабымен жаңағы сарыала құстың біреуін тезек құсатып тарсылдап тоқпақтап жатыр екен. Жерден тас алып, апама тиеді-ау демей, "Мә!.. Мә, саған!.." деп айғайлап, бір жағынан Сардар да төмпештеп жүр. Сарыала құс қанаты жайылып, мойыны қайырылып, қимылсыз қалыпты. Кемпірінің өлексені осынша еліріп тоқпақтағаны шалға оғаш көрініп кетіп еді.
Бағизаның бір уыс беті әлемтапырық. Жаулығы кейін ысырылып, шашы қобырап бетін жапқан. Ентіге тыныстап тұрып, көзіне түскен шашын жас күніндегідей ернін шүршите үрлеп-үрлеп қояды.
— Сен қақпас, мендегі өшіңді өлген құстан алайын деген екенсің, әттегене, - деді Үрмет кешегі бір болған оқиғаны еске сала.
Ел аузында аты дырдай болып жүрген жалғыз ұл Алматыға концерт қойып келген орыстың бір әнші қызының соңынан еріп кеткелі жыл өткен. Өсек енді басыла бергенде, әлгі қар Алматыға тағы келіпті, мұның жалғызын сахнада кирелеңдетіп билетіп қойыпты. Өмірі қол көтеріп көрмеген еді, осы жолы жалғыз ұлды іздемедің деп пәле салған кемпірінің басына әңгіртаяқ ойнатты. Былтыр намысқа шыдамай асылып өлген келінінің атын атап: "Зүбәрім!.. Зүбіржатым!.. Кешіре ғой!.. Кешір!" - деп еңкілдеп жылады содан соң, таяғын лақтырып тастай салып. Монтиған, томпиған Сардар ғана көңіліне алданыш, әйтпегенде тірідей өліп еді бұл шал.
— Құрып қал! Құры бар!.. - деді Бағиза алқынып.
— Ата!.. Ата!.. Аналар күшіктің біреуін жеп қойды, - деп шыр-шыр етті Сардар.
Үрмет терісі дала-дала болып, жайрап жатқан қарала күшікті енді көрді. Ақ қаншық кеше ғана күшіктеген. Төрт күшіктің үшеуі ақ, біреуі қарала болып туған. Желкесінен шымшып ұстап көтеріп көріп: "Осы қарала кейін мықты ит болады", - деген Сардарға.
Ақ қаншықтың бауырына тығылып қалған үш күшіктің көздері ғана жылтырайды. Сарыала құстар болса, қораның маңдайшасында қаптап қонып отыр. Бұлар қазір кетсе, қазір бас салатын сияқты қысқа мойындарын қылт-қылт созып қояды.
— Мылтығымды әкел! - деді Үрмет Бағизаға.
Кемпірден бұрын үйге Сардар жүгірді. Бағиза жетем дегенше, ол үйге кіріп те кетті. Қосауызды сопаң еткізіп алдынан алып шықты.
— Атаңа апар, - деп Бағиза есіктің жақтауына сүйене бере алқынып қолын сермеді.
Үрмет қосауызды көлденең ұстап, томпаңдап жүгіріп келе жатқан немересін көріп:
— Оғы қайда? Оқты әкел! - деп қатты ақырып жіберді.
Сардар қорқып кетіп, мылтықты тастай салды. Ол кері шапқанда бұрыштан оқшантай белбеуді сүйреткен Бағиза көрінді. Шойнаңдап Бағиза келіп, бұл жерде жатқан мылтықты көтеріп алды, ортасынан қақ опырып, оқ салып болғанша да бірталай уақыт өтті. Сарыала құстар ақ қаншыққа бірінен соң бірі әлденеше рет шүйлігіп барып қайтты. Үрмет мылтығын кезей бергенде барлығы дүр етіп ұшты да кетті. Мылтығын шошайтып біраз күтіп еді, қайтып келген жоқ.
Үрмет пен Сардар ақ қаншық пен оның кішкентай күшіктерін қашан қас қарайғанша төңіректеп жүріп күзетті. Қара ала күшікке бір түрлі іші ашыды. Сардар да томсарып, қорық сыртындағы күшікті лақтырып тастаған шұқырға қарағыштай берді.
— Иә-ә, кемпір, - деді Үрмет кешкі тамақтың үстінде. - Біздің баланың талантында шәк жоқ, кеудесінде оты бар болатын. Біреулер көре алмай алжастырды білем. Сенде не жазық бар? Өкпелеме маған, - деп әр сөзін анық-анық айтып кешірім сұрағандай болды.
— Жарығым... Не түлен түрткенін... Күшті ғалым болады деп...Іздеп те бармадық... Не көрінгенін біліп өлсек арман жоқ еді... - деп сықсыңдай бастады әрең отырған Бағиза.
— Жә болды. Жетер, - деп тұйықтала қалды Үрмет.
Түнде жайсыз ұйықтады. Түнімен шым-шытырық түс көрді. Көбін жадына тұтып қала алмады. Таңға жуыққы түсі ғана айқын есінде қалды.
Ақ қаншық жаңа күшіктеп жатыр екен дейді. Бірінші сол қарала күшік туыпты. Сарыала құстар оны бас салып жеп қойыпты. Одан соң ақ қаншық тағы бір аппақ күшігін өмірге әкепті.Ол байқұс көзін ашар-ашпаста тағы да сарыала құстарға жем болыпты. Үшінші туған ақ күшікті де бұтын бұт, қолын қол ғып жан-жаққа жұлмалап талап жатыр екен дейді. Со замат ақ қаншық тағы да бір аппақ күшік туыпты да, сарыала құстардан бұрын өзі бір қауып тістеп, толғап-толғап қылғып қайыра жұтып салыпты. Құстарға жем болғанша, өзімнің ішімде жатсын дегені болуы керек.
Үрмет шошып оянып, бірден мылтығына жармасты. Жалаң аяқ, жалаң бас делеңдеп әп-сәтте сыртқа шыға келді. Сол қалпы табанынан сыз өткенін де білмей, енді бір сәтте аман қалған күшіктерін бауырына басқан ақ қаншықтың қасында қалқиып тұрды.
Сарыала құстар содан қайтып келген жоқ. Үрмет шалдың айтқан әңгімесіне де ешкім сенген жоқ. Сардар да атасының сөзін расқа шығаратындай ештеңе айтқан жоқ. Тек ауылда бұрын көрмеген қызыл қанат үнді құстарының қаптап кеткені рас болатын. Не кезіксе соны талғамай жайпап жұта беретін бұл үнді құстарын отырса да, тұрса да жұрт көп әңгімелеп жүрді. Кейін ол құстар да өзінен өзі жоқ болып кетті.
Сол жылы күзде Үрмет: "Ішім қыза береді", - деп мазасызданып, ақыры қатты ауырып, құсадан өлді. "Талантты, өнерлі" деп, жұрт мақтаған баласы оның сүйегіне де келмеді. Бағиза талып қалып, сүйек шығарарда Сардар ғана боздап жылап тұрды. Сардарға қосылып бүкіл ел жылады. Өйткені, сарыала құстар туралы әңгіме өтірік болғанымен, әкесі өлгенде баласының келмей қойғаны шын болатын...