Ала доп аңыздары. Марадона

Oinet.kz 11-12-2014 1254

Футболдан ХХ әлем чемпионатының басталуына бір-ақ апта қалды. Әлем футболының 10 үздік майталманы туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз. Бүгінгі кейіпкерлер – Диего Марадона мен Роналдо.

Screenshot_2.jpg

«ХХ ғасырдың үздік футболшысы – Пеле» екені белгілі. Алайда, бұл пікірмен келіспейтіндер де көп. Қайбір жылғы интернет-сауалнамада көпшіліктің дауыс беруімен әйгілі аргентиналық дарабоз Диего Марадона футбол королінен озып та шыққан. Рас, Пеленің ойынын көне таспалардан болмаса, көзімізбен көре алған жоқпыз. Ал Марадонаның қандай майталман екеніне, ол қатысқан төрт әлем чемпионатын да тамашалағандықтан, әлдеқашан көзіміз жеткен. «Пеледен Марадона мықты» деп дауыс беріп жүргендер де сол біздің замандастар болса керек. Ал бүгінгі бозбаладан пікір сұрасаң, әлде Мессиді, әлде Криштиану Роналдуды атауы әбден мүмкін.Дегенмен, Диегоға көшелік. Ойыны, допты қалауынша билететін техникасы, алаңдағы ахуалды көз қиығымен-ақ қапысыз бақылайтын сұңғылалығы, кез келген ойыншыны алдап өте алатын дриблингі, айып добын дәл соғатыны, әріптестеріне ыңғайлы, қарсыластарына қолайсыз пас шығарып бере алар шеберлігі, қажет кезде өзі де мергендік таныта білуі – футболдағы қасиеттерінің барлығы жағынан ол Пелемен тайталаса алады. Спортқа әуес жасөспірімдерге үлгі болатын-ақ футболшы. Алайда, оның даңқты бразилиялықпен салыстыруға да келмейтін тұсы – жасыл алаңның сыртындағы тіршілігі. Егер футбол королі доп тебуді қойған соң да, өзін бизнес, музыка, кино, мемлекеттік қызмет салаларында жақсы қырынан көрсете алса, Марадона, керісінше, есірткіге тәуелділікке ұшырады, ұстамдылық танытпай, талай жерде БАҚ өкілдерімен ұстасты, қайбір жылы тіпті оларға қаратып оқ та атты! Пеле қартайса да, еңсесін тік ұстайды, бойында артық май жоқ. Диего оған бұл тұрғыдан да ілесе алмайды...

...Төрт қыздан кейін дүниеге келген тұңғыш ұлдың (бұдан кейін тағы 2 ұл, 1 қыз бар) болашақта бүкіл әлемге әйгілі футбол жұлдызы болатынын әкесі Диего мен анасы Дальма сезді деймісіз. Екеуіне шиеттей бала-шағаның қарнын тойғызудың өзі әжептәуір уайым еді. Қолы босай қалса, доп тебуге әуес кішкентай Диегоның қызығушылығына дұрыстап көңіл бөлуге де мұршалары болған жоқ. Марадона алғашында мектеп командасында ойнап жүрді. Жасы онға толғанда оның қимылына «Архентинос Хуниорс» клубына талантты жас жеткіншектер іздеп жүрген маман Ф.Корнехо назар аударады. Осындай жасөспірімдердің басын қосқан ол балаларға теңбіл доптың қыр-сырын үйретіп, жас командалар арасындағы додаға қатыстырады. Сол кездері Оңтүстік Америкадағы ең мықты балалар ұжымы саналатын «Ривер Плейтті» бұлар 7:1 есебімен талқандайды, оның 5 голын Марадона соғады. «Диего сол кездің өзінде футболдың барлық қыр-сырын білетін. Ол бір ағаш қуыршақ сықылды еді, қалай итерсең де құламай, қайта түзеліп, жүгіріп кете беретін» деп еске алады Корнехо. Кейін негізгі құрамға алынған Д.Марадона «Архентинос Хуниорс» сапында 166 матчқа қатысып, 116 гол соққан.

1979 жылы Аргентинаның жастар құрамасы әлем чемпионы болды, Диего Оңтүстік Американың үздік ойыншысы атанды. Келер жылы да солай танылған Марадонаны 1981 жылы «Бока Хуниорс» 3,6 миллион долларға сатып алды. Оның сапында футболшы ел чемпионы болды. Сосын Диего испандық «Барселонада» 2 жыл, итальяндық «Наполиде» 7 жыл ойнады.

Ұлттық құрамаға Марадона 18 жасында, 1978 жылы-ақ шақырылған болатын. Алайда, бас бапкер Менотти жас талантты өз елінде өтетін әлем чемпионатына қатысар 22 үздіктің қатарына қоспады. Оның әлемдік доп додасындағы тұсаукесері 1982 жылы болды. Алайда, Аргентина бұл жолы топтық кезеңнен өткенімен, жүлделі орындарға іліге алмады, ал Диего бразилиялықтармен кездесуде Батиштаның ішінен теуіп, алаңнан қуылды.

Марадонаның бағын ашқан 1986 жылғы әлем чемпионаты еді. Осы додада ол тамаша ойын көрсетіп қана қоймай, нағыз капитан ретінде Италиямен, Уругваймен болған қиын кездесулерде команданы алға жетеледі. Ал оның келесі матчтардағы ерлігі жанкүйерлердің әлі жадында. Ширек финалда Диего ағылшындар қақпасына екі гол соқты. 51-минутта ол әуелеп келген пасқа бойы жетпеген соң, допты қақпаға қолымен енгізіп жіберді. Мұны бәрі де көрді, бірақ тунистік төреші Бен Насер байқамай қалды. Баспасөз мәслихатында Диегоның журналистерге «бәлкім, гол қолмен соғылған да шығар, бірақ ол менің қолым емес, құдайдың қолы болатын» деп жауап бергені әлі күнге жыр болып жүр. Ал арада төрт минут өткенде, өз қақпасы маңынан әріптесі Энрикеден доп алған Марадона бес бірдей ағылшынды алдап өтіп, бүгінге аңыз боп жеткен ең даңқты голын соқты.

Жартылай финалда тағы да Марадонаның қос добының арқасында Аргентина Бельгиядан басым түсті. Финалда да шешуші доп Диегоның тамаша пасынан соң соғылды. Екі дүркін әлем чемпионы, аргентиналық шабуылшы Хорхе Вальданоның осы орайда: «Мексикада біз қалайша жеңіске жеттік, білесіздер ме? Өйткені, 21 дені сау ойыншының арасында бір жынды болды. Сол жынды бізге чемпионатты ұтып берді!» – дегені бар. 

Марадона бұдан кейін де екі рет әлем чемпионатына қатысты. 1990 жылы күміс жүлдені иеленсе, 1994 жылы ешқандай табысқа жете алған жоқ. Керісінше, кезінде нашақорлығы үшін ұсталып, жазаға тартылған ойыншы тағы да өз командасын қиын жағдайда қалдырды. Нигериямен ойыннан (бұл – оның финалдық турнирлердегі соңғы, 21-матчы еді) соңғы допинг-тестте оның бойынан тыйым салынған медпрепарат – эфедрин табылды. Сөйтіп, Марадона чемпионатқа мүлде қатыстырылмайтын болды. Ол соңғы ойынын 1997 жылы 25 қазанда «Бока Хуниорстың» құрамында өткізді.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Әке өнегесі
Жүсіпбек Қорғасбектың әңгімесі: «Өлмейтін құс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу