Өмір сабақтары

Oinet.kz 11-11-2019 1035

өмір сабақтары.jpg

Кісінің күні кісімен екендігін көрсететін бірнеше мысал әңгіме. Қаперде жүрсін.

1. Еден жуушы адамның атын біліп жүр

Институттың екінші курсында оқып жүргенде бір профессор жазбаша тест жазғызды. Тым жақсы оқитын едім. Сондықтан соңғы сұрағынан басқасына лезде жауап жаздым. Соңғы сұрақ: «Институттағы біздің корпусты жуатын әйелдің аты кім?» еді.

Әзілі ме деп ойладым. Ол әйелдің еден жуып жүргенін бірнеше рет көргенмін. Шашы қара, елуден асқан әйел. Оның атын сұрау ойға келіпті ме? Тестімді тапсырдым. Бұл сауалға жауап жазбадым. Тест тапсыру уақыты таяу қалғанда бір студент соңғы сұраққа жауап берудің баға қоюға әсері бола ма деп сұрады. «Әрине» деді профессор. «Сендер қандай жұмысқа тұрсаңдар да, көп адаммен араласуға тиіс боласыңдар. Олардың арасында маңызды емесі болмайды. Әрбіріне назар салып, қамқорлық танытып, күнделікті амандасып отыру міндеттерің болады» деді.

Осы сабақты өмір бойы ұмытпадым. Еден жуушы апайдың аты Айсара екенін біліп алдым.

2. Адамды жауын астында қалдырма

Бір күні бір қария әйел жол бойында тоқтап тұрды. Жауын құйып тұр. Көлігінің дөңгелегі жарылып, жүруге жарамай қапты. Ол өзі қатты асығыс еді. Қол көтеріп басқа көлікті тоқтатпақ болып еді, бір демде малмандай су боп шыға келді.

Бір уақта ескілеу көлік тоқтап, ішінен жас жігіт шықты. Ол әйелді керек жеріне жеткізіп салып, ары қарай жүруіне такси шақырып берді. Үстін кептіруге жағдай жасады. Әйел өте асығыс болса да жігітке алғысын жаудырып кетті. Аты-жөнін сұрап, қайда тұратынын біліп алды. Жеті күннен кейін жігіттің есігін делдал қағады. Есік алдында үлкен теледидардың қорабы тұр екен. Оған хат жапсырылыпты. Хатта «Өткенде жол бойында көмектескенің үшін көп рақмет. Сол күнгі жауын киімімді ғана емес, үмітімді де малмандай су қылып кетті. Сол сәтте өзің келе қалдың. Сіенің арқаңда ажал аузында жатқан күйеуіммен бақұлдасып үлгердім. Есесіне ештеңе тілеместен, шын ниетіңмен көмектескенің үшін алғысым шексіз. Құрметпен, Жамал апайың».

3. Қызмет көрсеткен жандарды естен шығарма

Кішкентай бала шағын дәмханаға кіріп, есік жақтағы үстелге отырды. Даяшы қыз жанына барып, не қалайтынын сұрайды.

- Жаңғақ қосылған шоколадты балмұздақ неше тұрады? – деп сұрайды бала.

– Елу теңге, - деп жауап береді даяшы қыз.

Бала қалтасынан тиындарын шығарып санай бастайды.

- Ештеңе қосылмаған, жай балмұздақ неше тұрады? – дейді бала.

Өзге үстелдерде отырған қонақтар даяшының ашулана бастағанын байқайды:

- Жиырма бес теңге, - деп ол қысқа әрі қатқыл дауыспен жауап қатты.

Бала тағы да ақшасын санамалап шығады.

- Мен жай балмұздақ жеймін, - деп шешеді ол.

Даяшы қыз оның балмұздағын әкеп берді. Үстелге чекті тастай салды да өзі кетіп қалды. Бала асықпай балмұздағын тауысты. Сосын кассаға барып ақысын төледі де шығып кетті. Бала кеткен соң даяшы қыз үстел үстін жинауға қайта келді. Келді де бос қалған ыдыстың жанына әдемілеп жиналған жиырма бес теңгені көріп, көзі шарасынан шықты. Тамағына өксік тығылды. Жиырма бес теңге – даяшыға деген құрмет. Даяшының еңбек ақысы.

Адамның әрекетін көрмей тұрып ол туралы жаман ойлама.

4. Жолыңдағы кедергіні жең

Баяғы заманда аты беймәлім бір патшалықтың ханы үлкен жолдың ортасына дәу тас қойдыртып қойыпты. Өзі жол жиегіне жасырынып, не болар екен деп қарап жатады. Алдымен хан сарайында қызмет ететін бірнеше нөкер мен бай көпестер пәуескелерін дүрсілдетіп, тасты айналып өте шығады. Не деген шаруаға икемі жоқ хан, жолдан тасты алып тастаса қайтер еді, деп ханның өзін сөгіп кетеді. Бірақ ешбірі бөгеліп, тасқа көңіл бөлуді ойламады да.

Олардан кейін жол бойында шаруа кісі төбе көрсетті. Арқалап алған бір қап көкөнісі бар екен. Дәу тастың жанына келгенде арқасындағы қапты жерге қойды. Тасты жалғыз өзі ары-бері қозғалтты. Сөйтіп, икеміне қарай жолдың жиегіне тасты әрең дегенде домалатып шығарды. Біраз әуреленсе де, тасты жолдан алып тастады. Көкөніс тола қабын қайта иығына салып жатқанда тастың орнында жатқан әмиянға көзі түседі. Әмиянның іші тола алтын екен. Оған қоса осы алтынды тасты қозғалтқан адамға сыйлайтыны жазылған ханның хатын тауып алады. Хатты оқыған шаруа көп адам түсіне бермейтін бір ақиқатты түсінеді. «Әр кедергі – жағдайыңды түзетуге берілген мүмкіндік» екен.

5. Керек кезде көмек қолын соз

Көп жыл бұрын ауруханада волонтер болып көмек көрсетіп жүрдім. Ол жерде Дана атты кішкентай науқас қызбен таныстым. Ол өте сирек кездесетін аурумен ауырды. Оны емдеудің бір ғана мүмкіндігі болды. Осы аурумен ауырып тұрған бес жасар ағасының қанын құю керек-ті. Ағасы ауырып тұрғандықтан қанында антиденелер қалыптасқан екен. Дәрігер ағасына мән-жайды барынша түсінікті қылып жеткізеді. Қарындасына қан беру қажеттілігін айтады. Ол бір сәтте ойланбастан: «қарындасымның өмірін құтқаруға дайынмын» депті.

Қан ауыстыру жүріп жатқанда ол қарындасының сұлық жатқан денесіне, бет-жүзіне қан жүгіргенін біз сияқты байқап жатты. Содан соң түсі бұзылып, дәрігерден: «Ал, мен қашан өлем?» деп сұрады. Балақай дәрігердің қан құю дегенін қарындасын құтқару үшін өзі өлуі тиіс екен деп түсініпті.

Аударған Шынар Әбілдә

Әр адамда осындай періште бар
Александр Вампилов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу