«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Дүние есігін ашпас бұрын сәби Құдайдан сұрапты:
- Ертең мені Жерге жібереді екенсің. Мен сияқты әлжуаз, қорғансыз нәрестені қалай қиып Жерге түсірмексің?
Құдай оған:
- Сені Жерде күтіп алып, қамқор болатын періштеңді қоса жіберемін, - депті.
Сәби ойланып қалады. Сосын былай дейді:
- Көкте жүргенімде ән салып, жүрегім жарыла күлгеннен басқа жұмысым жоқ еді. Бақытты болуыма осы да жеткілікті емес пе?
Құдай оған:
- Періштең аялы алақанына салып, әлдилеп, ән салып, үнемі бетіңе күліп қарайтын болады. Сен оның ерекше сүйіспеншілігін сезінесің. Сезінген сайын бақытың күшейе береді.
- Солай ма? Періштенің тілін білмесем, оны қалай түсінемін? – деп сұрады сәби Құдайға тура қарап. – Егер Жерге түскен соң өзіңмен сөйлескім келсе, қайтпекпін?
Құдай сәбидің басынан сипап, былай дейді:
- Періштең қолыңды жайып, дұға жасауды үйретеді.
Сәби тағы бір сұрағын қояды:
- Жер бетінде зұлымдық бар деп есіттім. Мені кім қорғайды?
- Өз жанын құрбан етсе де, сені жер бетіндегі бар кесапаттан қорғайтын періштең бар.
- Сені енді көре алмайтыным қандай өкінішті. Сені сағынамын ғой...
- Періштең саған мен туралы көп әңгіме айтып береді. Маған келер жолды да нұсқар. Алаң болма. Мен әрқашан сенің жаныңдамын.
Осы сәт Жерден дауыстар естіле бастайды. Сәби апыл-ғұпыл тағы бір сұрақ қояды:
- О, Құдай, менің періштемнің аты кім екенін айтпаймысың?
- Оның аты маңызды емес. Сен оны жай ғана Ана деп атайсың...
Аударған Шынар Әбілдә