Сен үйреттің!
(Ерекше балаға арналған)
Анна Маклеллан – 1998 жылдың наурызы
Сен маған төзімді болуды үйреттің. Өзге жұрт «солай болуға тиіс» деп қабылдайтын кішкентай жеңістерге шаттануды үйреттің. Сен маған сабырлы болуды үйреттің. Сенің келешегің басқалардың келешегінен өзгерек екенін түсінуді үйреттің. Сен жетер биіктің бәрі де құрметке лайық екенін түйсіндірдің. Маған батыл болуды үйреттің. Жаныңда ешкім қалмағанда сен үшін күресуім керектігін үйреттің. Сен маған қайсар болуды үйреттің. Енді шыдай алмаспын деген сәтте алға жетеледің. Сен маған кешірімді болуды үйреттің. Ештеңені өзгерте алмайтынымды қабылдауым керектігін үйреттің. Үнемі сенің жаныңда қала алмайтынымды, үздіксіз қолдап жүрмейтінімді түсіндірдің. Сен маған риясыз жақсы көруді үйреттің. Мүлде басқа деңгейге көтерілдім. Бұлай жақсы көру мүмкін екені ойым түгілі таназарыма да кірмепті. Мен сені жақсы көрем, балам. Бар болғаныңа, рақмет! Өміріме ризамын!
Аударған Шынар Әбілдә