Төрт әйелі бар саудагер
25-07-2022
Нәзіктік әр түрлі болады. Кейде түрі үлбіреп тұрса да, онымен бір үйде тұру мүмкін еместей әйелдер кездеседі. Ондайда сыртына қарап неткен сұлу, неге жалғыз екен деп тон пішетіндер көп болады. Неге екенін оның күйеуі ғана білер. Бар сұлулығына қарамастан үйдің берекесін қашыратын мінезі болуы ықтимал. Үнемі тәжікелесіп, жоқ жерден жанжал шығаратыны, ешкімге қызмет еткісі келмейтін жосықсыз мінезі тағы бар боп шығады.
Сондықтан бүтін нәзіктік туралы айтсақ дейміз, бұл мақалада мен оны есті нәзіктік деп атадым. Оны тану үшін адам өмірінің төрт деңгейін қарастырамыз.
Деңгейлер:
Тәни деңгей, тәнге қатыстының бәрі соған байлаулы.
Көңіл күй деңгейі, қарым-қатынаспен байланыстының бәрі осында.
Зияткерлік деңгей, білім, дағды, менталды құлшыныстар топтастырылады.
Рухани деңгей, Құдайды тану, өмірлік бағыт, өмірдің мәні.
Егер нәзіктік туралы сөз етсек, оған кешенді түрде келген жөн. Барлық төрт деңгейді түгел тану шарт.
1. Тәни деңгейдегі нәзіктік
Ең алдымен әйелдің түр-әлпеті қандай болатыны сипатталады. Мұндағы құрамдас бөлшектер өте көп. Қандай киім киеміз, ол киім біздің нәзік болмысымызды қаншалықты аша түседі? Киіміміз қаншалықты жабық, не ашық? Әйелдің нәзіктігін қаншалықты сақтап тұр? Әлде көз зинаға шақырып тұр ма, бойымызға жинаған күш-қуаттың бәрін текке шашып алған жоқпыз ба? Терінің күйі нешік? Қаншалықты күтініп жүрсіз? Сұлулығымызды косметикамен көркемдей алдық па? Шаштың қалы қалай? Жылтырап тұр ма? Жинақы ма? Әшекей, аксессуарларыңыз бүтін бе? Соның бәрін дұрыс тағып, өз бейнемізді бүтіндей алдық па? Қандай аяқкиім киіп жүрсіз? Тозып кеткен бәтіңке ме? Сүйкімді туфли ме? Нәзіктік тек бізөкшеге тірелмеген. Түрлі балетка, туфлилер баршылық. Денсаулығымыз жақсы ма? Әсіресе, әйелдерге қатысты денсаулық? Сымбатымызға күтім жасаймыз ба? Әлде баяғыда түкіріп қол қойдық па? Әйелдің бойындағы ең нәзік мүше бел екен. Яғни, өзін сүйген әйелдің бәрі қыпша бел болғаны абзал. Қыпша белсіз бе? Қалай қозғаламыз? Жүрісіміз қандай? Қимыл-әрекетіміз жұмсақ па? Қалай сөйлесеміз? Біздің дауысымыз қаншалықты жағымды? Өзімізге, өзгеге жаға ма?
Айналамыздағы кеңістікті қалай жасаймыз, нені жасай алмаймыз:
Тамақ пісіре аламыз ба, асты махаббатпен пісіріп жүрміз бе? Үйдегі көңіл күйді игеріп кеттік пе? Жақсы көңіл күй сыйлай аламыз ба? Ұсақ-түйектен қарапайым жайлылық жасай алдық па? Өміріміздегі қоқыстан дер кезінде қоштаса алдық па? Тазалық пен тәртіпті лайықты деңгейде сақтай аламыз ба? Кез келген табыс кезінде теңдей үйлесімділік жасай алдық па?
2.Нәзіктіктің көңіл күй деңгейі
Мұнда бәрі қарым-қатынасқа тірелетіндіктен әңгіме өте көп:
Өзімізді түсіне алдық па? Нені қалайтынымызды білеміз бе? Жақындарымызбен сөйлесе аламыз ба? Өзгелерді дұрыс түсіне аламыз ба? Әлде тек өзімізді ғана ойлаймыз ба? Өзгенің тілек, қалауы болуы тиіс дегенді қалай түсінеміз? Ет жақындарымыздың қалауын көре алдық па? Тілек пен қалаудың айырмашылығын қалай түсінеміз? Жақындарымызға қажетін бере алдық па? Қарым-қатынастан ләззат ала аламыз ба? Қарым-қатынаста өзгеге ләззат сыйлай алдық па? Жақындарымызға қызмет ете алдық па? Әлде мұны абыройымызға нұқсан келтіру деп қабылдаймыз ба? Өзгелерден қызмет қылуын талап етеміз бе? Кешіріп жүрміз бе? Әлде өкпе-ренішті жылдар бойы жүректе сақтап қоямыз ба? Жаман естеліктермен жүректі жаралаймыз ба? Әлде оның бәрін ұмытып, жаңа өмірге есік ашамыз ба? Кешірім сұрай білеміз бе? Әлде тым тәкәппармыз ба? Бұл өзгелерге зиянын тигізсе де, қарым-қатынасымызға көлеңкесін түсірсе де ақырына дейін өзіміздікі дұрыс дей береміз бе? Қарым-қатынасқа үлес қосамыз ба, әлде ала берсем дейміз бе? Ет жақындарымызды бар кемшілігімен қабылдай алдық па? Шығармашылықпен айналысамыз ба? Түйткіл жағдайларды шығармашыл оймен шеше аламыз ба? Жақындарымызды, әсіресе, ер азаматымызды қолдап, шабыттандыра аламыз ба? Әлде қысым жасап, бопсалауды, талап етуді ғана білдік пе? Қателікті кешіріп үйрендік пе? Өзіміздің? Өзгенің? Айналамыздың? Сыртқы әлеммен қарым-қатынасты қалай құрамыз? Махаббатқа лайық болуға тырысамыз ба? Әлде жұрттың бәрі бізге берешек дейміз бе? Өзгелерді айыптаймыз ба, шағымданамыз ба, сынаймыз ба? Дүниедегі жаманатты көбейттік пе? Әлде жақсылықты еселедік пе? Ата-анамызбен ішкі қарым-қатынасымыз мықты ма? Әлде оларға ренжи береміз бе? Жек көреміз бе, кек сақтаймыз ба? Олардың өмір бергеніне, қолдан келгенше жағдай жасағанына ризамыз ба? Баламыздың бойынан жеке тұлғаны көреміз бе? Әлде олардың арқасында өзіміздің орындалмай қалған арманымызды орындап, солардың есебінен өзіміздің менімізді өсіргіміз келе ме?
Ата-бабамызбен, шыққан тегімізбен, текпен берілетін күш-қуатпен байланысымыз бар ма? Әлде бәріне ренжіп, бар туыспен байланысты азайттық па? Жеті атамызды білеміз бе, оларға ризалығымызды айта алдық па? Жалпыда ризашылығымызды қалай айтамыз? Өзгенің сыйлығын қабылдай аламыз ба? Мақтау сөз айтып, рақмет айтуды әдетке айналдыра алдық па? Алған бергеннен де маңызды екенін ұмытпайық. Ет жақындарымызға жан жүрегімізді аша алдық па? Өз сезіміміз жөнінде өзгенің жүрегін ауыртып алмай айта аламыз ба? Сезімге ырық бере аламыз ба? Сезімнің өн бойымыздан өтуіне рұқсат еттік пе? Әлде жүрекке құлпы салып, жауып тастадық па? Әлде кім көрінгенге жүрек аша саламыз ба? Не сезінетінімізді дұрыс түсіне алдық па? Жүрекпен өмір сүреміз бе, әлде ақылмен бе? Тоқтаусыз ойлай береміз бе, әлде арасында сезінеміз бе? Сүйе білеміз бе? Сүйгенімізді сүйіктіміз сезіне ме? Шын сүйген жанның сезімін қабылдай аламыз ба? Бізбен сөйлескен, араласқан соң елдер қандай күйде болады? Олардың бар қуатын сорып аламыз ба? Өзгені жамандап ләззат аламыз ба? Әлде рухтандырып, шабыт сыйлаймыз ба? Сенім береміз бе? Нәзіктікті не үшін жетілдіргіміз келеді? Өзіміз үшін бе? Ешкім үшін гүлдей жайнап, жұпар аңқып? Әлде арайлы махаббатымызбен өзгенің өмірін сәулелендіру үшін бе?
3. Зияткерлік нәзіктік
Зият пен нәзіктік сәйкесетін дүние ме? Әйелдер неғұрлым ақымақ болса, соғұрлым бақытты болады деген ұғым қалыптасқан. Бірақ бұл өтірік. Шынайы нәзіктік парасатты келеді. Яғни, әйелдің білімі қолданбалы мінезге сай. Әйел нені, қалай жасауды біліп қана қоймаы, ол бәрін жасай біледі. Нені қалай айтуды біледі. Кімге, қашан айтуды да біледі. Солай кете береді.
Жақсы әдеттер. Шынайы нәзіктік көпшілік ортада өзін лайықты ұстай біледі. Бұл жай бетперде емес, солай етуге тырысу емес. Ол басқаларға ыңғайсыз сұрақ қоймайды. Бейпіл сөйлемейді. Біреуге зияны тисе, кешірім сұрайды. Еріне бағынады. Басында әкесін тыңдайды. Сосын күйеуін тыңдайды. Сосын есейген ұлының тілін алады. Сенім мен жауапкершілікті артқанды біледі, шешім қабылдағанға араласпайды. Сөйлегенде тыңдай бергің келеді. Сөз байлығы мол. Дөрекі, боқтық сөзі жоқ. Дауласпайды. Дауда шындық жоқ. Дауласу қарым-қатынасты бүлдіреді. Дауласу бекершілік екенін түсінеді. Мағынасы жоқ нәрсе. Бекер дүниеге уақыт пен күш шашудың қажеті қанша? Ақылгөйсімейді. Көп оқығандығын мақтан етпейді. Білімін қажет жерінде пайдаланады. Өзгелерге шындықты дәлелдемейді. Өзгелерге өзгеше болуға рұқсат етеді. Әйелге тән өнерді үйренеді, әйел ретінде дамуға барын салады – сұлулыққа, үй тірлігін меңгеруге, шығармашыл болуға, отбасыдағы рөлін жүйелі жүргізуге тырысады. Өмірдің заңдылығын зерттейді. Қалай өмір сүру керектігін түсінуге тырысады. Өзіне арнап жеке ойынның ережесін бекітпейді. Текпен берілген заңдылықтарды мойындайды. Зерттейді, сараптайды. Ата-бабасынан үйренеді. Іштей дамуға нүкте қоймайды. Қазіргісінен де артық болуға күш жұмсайды.
4. Рухани нәзіктік
Біз бір бүтіннің бөлшегі екенімізді түсінеміз бе? Әлде бар бақытты өз қолымызбен жасадық деп ойлаудан артылмаймыз ба? Жамандықтың бәрі өздігінен басқа түсті деуге бола ма? Тәңір берген күш-қуатқа разылығымызды айттық па? Әлде қайта-қайта сұрамсақтана бердік пе? Тағдырымызды Тәңірге табыстай алдық па? Бізге нені, қашан беретінін ол жақсы білетінін түсіне алдық па? Әлде үнемі күресіп, өзімізге басқа бір бақытты іздеп сарсылып жүрміз бе? Шын ниетпен дұға жасай аламыз ба? Жүрегімізді Жаратқан Иемізге аша алдық па? Ет жақындарымыз үшін дұға жасай аламыз ба? Осыны үздіксіз жасаймыз ба? Біреу үшін алаңдағанша дұға жасағанның жөн екенін біле алдық па? Осындай дұғаға жүрегімізде жомарттық бар ма, дұға жасауға шешім қабылдай алдық па? Ең лайықсыз кезінде адамдар махаббатқа зәру екенін білдік пе? Оларды осындай кезінде сүйе алдық па? Ауырғанда, кедей кезінде, қайғының қара бұлты басқанда, қателік жасағанда? Айналамыздағы адамдарға көмектесеміз бе? Жаратқан пенденің қолымен көмектесетінін түсіндік пе? Жақындарымызға көмектесіп, қолдап отырайық. Қандай салада қайырымдылық жасайсыз? Ара-тұра болса да? Мен үшін бұл тізімде жасайтын жұмыстарым көп. Өсу керек. Өсе береміз. Есею қажет. Есеюге талпыныс жасайық. Жүректі ашып, сый жасауды үйреніп, махаббаты қабылдап...
Шала-шарпы нәзіктікке сенбеймін!
Бөлшектенетін нәзіктікке сенбеймін. Нәзіктік тек бүтін болады. Ешбір сенімге селкеу түсірместей. Барлық төрт деңгейде үйлесімді боп тұрады. Қалғаны – суррогат. Ашық-шашық киінген, тәнін жұртшылықтың назарына қойған нәзіктікке сенбеймін. Біреудің күйеуін отбасынан ажыратып алатын нәзіктікке сенбеймін. Жұрттың бәріне бірдеңе дәлелдеп, үнемі түсініксіз нәрсені үйрететін нәзіктікке сенбеймін. Ұзақ уақыттан бері жанында азаматы жоқ нәзіктікке сенбеймін – ғажап гүлдің ешкімге керек болмауы мүмкін емес. Тек өзі үшін нәзік болатындарға сенбеймін. Бала туғысы келмейтін, ұрпақ сүйгісі келмеген нәзіктік нәзіктік емес. Ақша мен карьера үшін уақытын сарп ететін нәзіктік болады дегенге де сенбеймін. Өз отбасында қысым жасап, ұрысып-таласып, көзге шөп салып іргесін ыдырататын нәзіктікке де сене алмаймын. Өзгенің қайғысына немқұрайлы болатын нәзіктік жоқ. Әлде басқа жанға қатыгездік танытатын нәзіктік бар дегенге де сене алмаймын. Ештеңе үйренгісі келмейтін таяз адамда нәзіктік бар дегенге де сене алмаспын. Бар игілікті тек ақшамен есептейтін адамдардың нәзіктігі да жалған. Аборт жасайтындардың нәзіктігіне сенбеймін. Күйеуін дегеніне көндіріп жұмсайтындардың нәзіктігіне де сене алмаймын. Құрбан болғысы келетіндердің, уайымшыл жандардың, шағымшыл әйелдердің, инфантильді пенделердің нәзіктігіне де сенбеймін. Жұрттың бәріне нәзіктігін дәлелдеуге құмар адамдардың нәзіктігіне сенбеймін.
Сенбеймін. Себебі, шынайы нәзіктік күмән тудырмайды. Кім қараса да, кіммен сөйлессе де – ол әйел бірдей ықыласқа ие болады. Оның бойынан әйелді көресіз. Жылап қалса да, көңіл күйі болмаса да ғажап әйелді көресіз. Қателік жасап, шалыс басса да, дұрыс жасап үйреніп жүреді, оны бірден танисыз. Өмір жолын енді бастап, тар жол тайғақ кешуді енді біліп жатса да... Төрт деңгейде қатар жетіліп бастаған әйел ғана бүтіндікке, үйлесімге, есеюге қол жеткізеді.
Ольга Валяева
Аударған Шынар Әбілдә