Күлкі – жанның шипасы
1 сәуір – Күлкі күні. Қазақстанда аталмыш дата ресми мереке болып саналмаса да, халық арасында аталып өтіп жатады. Негізінде бұл күнді тойлау Францияда бастау алған деседі. Ежелгі римдіктер де ақпанның он жетісінде «ақымақтар мерекесін» атап өткен. Шығыс Үндістанда наурыздың отыз бірінде «қалжыңдау салты» ежелден етек алған. Ал Кеңес дәуірінде қалыптасқан күлкі күнінің бастауы мына бір оқиғамен байланысты. Бірде таңертең Петербор тұрғындары әдетте өрт шыққанда ұрылатын қатты дабылдың даусынан оянады. Әбігерге түскен халық өрт ошағын көре алмайды. Сөйтсе, бұл әзілкештердің ойыны екен. Әзілкештердің бұл әрекеті сәуірдің біріне тап келді. Сол кезден бастап, бұл ойын халық қолдауына ие болды. Әр елде мерекенің атауы түрлі болғанымен мазмұны бір. Адамдар бір-бірімен қалжыңдасып, көңіл көтеріп, күлкі сыйлайды.
Әзіл-қалжыңға бір табан жақын қазақ халқы да бүгінде күлкі күнін ескерусіз қалдырып жатқан жоқ. Бұл күні қағытпа қалжыңның «құрбанына» айналғандар да, достарын алдаудың арбауына түсіріп жатқандар да бар. 1 сәуірдің қызықтары туралы әзіл әлемінің серкелері айтып берсін.
Мұхтар Шерім, сатирик:
Ағылшын мен француз тілін ажырата алмадым
Жеке басым өзгелерді алдауға құмар емеспін. Бірақ өзім үнемі алданып жүремін. 1 сәуір күні мені «қатырып» кететіндер көп. Студент кезімде оқытушының менімен әзілдескені есімде. Мұғалім менің білімімді тексерейін деді ме, қайдам, әйтеуір қолдыма бір газетті ұстатты да: «Мынау Брежневтің ағылшын тілінде жарық көрген мақаласы. Ал мынау аудармасы. Аударманы түсініп оқып, жақсылап көшіріп әкел» деді. Шетелдің әріптері сықиған газетке бір қарадым да, берілген тапсырманы орындауға көштім. Сәлден соң оқытушыға келдім де, тапсырманы орындағанымды айттым. Ол «қалай, ағылшын тілінің аудармасын жақсылап жасадың ба?» деді. Басымды изедім. Сол сәтте ұстазым қарқылдап бір күліп алды. Сөйтсем мақала ағылшын тілінде емес француз тілінде жазылған екен. Ал мен «ақымақ» ағылшын мен француз тілін ажырата алмадым. Сонда барып мен 1 сәуір күні алданғанымды білдім.
Қазіргі таңда жұртты күлдіру оңай болып қалды ғой. Әзіл-сықақ театрларының әртістері сахнаға шығып, аузына келгенін айтып жатады. Болмашы әзіл, кейде анайы қалжыңдарға көрермендердің ішек-сілесі қатып күліп жатады. Еркектердің қыздың киімін киіп алып аруларды, аналарды мазақтағанына шапалақ ұрып, мәз боламыз. Бұл көрерменнің деңгейінің түсіп кеткендігін білдірсе керек. Есесіне әдебиеттік сатирада халықты күлдіру өте қиын шаруа. Онда іс-қимыл болмайды. Сатирада жұртты күлдіретін сенің қаламың. Оқырман сатираны оқып отырып езуіне күлкі үйіріліп, әсер алу керек. Оқиғаның мән-мағынасын түсінуі керек.
Күлкі мен әзілдің құны түсіп бара жатқан қазіргі заманда бұл мереке қоғамға аса қажет. Кеңес заманында сатира басты қару болатын. Қазір де солай. Сатира арқылы қоғамның көлеңкелі жағын әшкерелейсің, сынайсың, мінейсің. Сыннан нәтиже шығарып жатқандар да бар. Бүгінгі қоғамдағы ең басты қорқыныш күлкі болып қалмау.
Мәди Төреқұлов, «Нысана» театрының актері:
Нағашымды әбден күттіргенмін
Аталмыш мерекенің қайдан, қашан шыққанынан бейхабар екенмін. Біреулер әйтеуір, мұсылман қауымның мейрамы емес деп жатады. Бірақ біз ес білгелі бұл күні адамдар бірін-бірі алдап, қалжыңдасып жатады. Ел арасында 1 сәуір күні ешкімше сенбе деген қағида қалыптасқан. Мерекенің тарихы қайдан шықса да бұл қоғамға қажет дата деп есептеймін. Себебі адамдарға күлкі қашанда керек.
Бірде нағашыммен әзілдесейін деп шештім. Ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Абай деген ауылында тұрады. Ал әке-шешем Сарыағаштың өзінде. Мен болсам Шымкенттемін. Мереке күні таңертең нағашыма хабарласып: «Жетісайға баратын таксиге зат салып жіберген едім. Жол-жөнекей үйге тастап кетуге шопырдың есінен шығып кетіпті. Кері қайтуға уақытысы жоқ. Жетісайдан Сарыағашқа басқа көлікке салып жіберіпті. Сол затты Сарыағаштан күтіп алатын адам болмай тұр. Ағатай, мүмкіндігің болса өзің күтіп ала салшы. Такси қазір барып қалады» дедім. Аңқау нағашым сөзімді екі етпей «мақұл» деді. Арадан жарты сағат өткен соң телефоныма хабарласып «Мәдижан, көлік қашан келеді?» деп сұрап қояды. Мен «міне, міне, Сарыағашқа кіріп келе жатыр. Тұра беріңіз» деп өтірікті шындай сапырып тұрмын. Содан телефоныма тыныштық жоқ. Әр он минут сайын звандап жатыр. «Келе жатыр» деп жұбатып қоямын. Ақырында телефонның арғы жағынан шыдай алмай айғайлап күліп жібердім. «Нағашы, бүгін 1 сәуір ғой. Жиенге неге сенесіз?» дедім. Бір жарым сағат босқа күткен ол бұл қалжыңыма ренжіген жоқ. Тек жұмыстан кешігіп қалғанын бетіме басты.
Мұрағаттан, 2017 ж