Қарт адамның дұғасы

Oinet.kz 08-11-2019 929

қарт адамның дұғасы.jpg

Бұл дұғаны күнде таңертең жазушы Юрий Герман оқып тұрған. «Қарт адамның дұғасы» деген хатты әкеме жазушы, ғалым Даниил Данин жіберген. Ол өте жан-жақты, парасатты адам еді. Екі университетті тамаша бағамен бітіреді. Сталиннің қырғыны басталғанда ол экспедицияға кетіп қалды. Сын көзден сырт болайын дегені ғой. Сталин өлгенше дала кезіп жүрді. Жылымық кез келгенде оны шетелге шақыра бастайды. Ол ағылшын тілін үйренбек болады. Ағылшын тілін «Үш торай» бойынша жаттады. Ақыры тілді үйренді. Ағылшынша журнал, газет оқитын болды. Бірде сол ағылшынша газеттен осы дұғаны оқыпты. Өзі аударып, әкеме жазып жібереді. Содан бері әкемнің жазу үстелінің үстінде ілініп тұрды. Әкем қартаймастан дүниеден өтті.

«О, Жаратқан ием, менің түбі қартаятынымды сенен артық кім білсін?! Өмірдегі әр жағдайға қатысты өз пікірімді білдіруге тиіспін деген жаман әдеттен сақта мені.

Әркімнің ісіне араласып, жағдайын дұрыстайын дейтін тыраштықтан сақта. Ойлауды үйрет, бірақ беймаза қылма. Пайдалы қыл, озбыр етпе.

Не нәрсені де егжей-тегжейлі түсіндіретін құмарпаздықтан сақта. Осал қалпымда да дегеніме жеткізетін қанат бітір. Сырқат туралы айтқым келгенде аузыма құлып сал. Дерт меңдегенде бүге-шігесіне дейін сөз ету рақаты күн өткен сайын тәтті боп барады.

Жадымды жақсарт деп сұрауға дәтім жетпейді. Менің жадым өзгенің жадымен тайталасқа түскенде адамды жақсы көретін төзім бер, өзімшілдігімді ауыздықтай гөр.

О, Жаратқан ием, менің де қателесетінімді дәлелдеп, сабақ бергің келген сәтте – аяма мені.

Өмірге шын қуана білген кезім болса, сол қасиетті жүректен өшірме. Мен әулие болайын деп отырғам жоқ: жақын аралассаң, олардың да кісі сүйер қылығы жоқтары кездеседі. Алайда тетір мінезді адам да – шайтанның қолы тиген жаратылыс екенін ұмыттырма.

Ешкім күтпеген жерде жақсылық жасауға баулы. Өзгенің бойындағы дарынды тануды үйрет».

Алексей Герман

Аударған Шынар Әбілдә

Өз адамыңды ізде
Егер сені сатып кетсе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу