Егер сені сатып кетсе
Егер басыңа күн туғанда сатып кетсе – бұл жақсылыққа бастайтын жол. Қиындықтан тезірек құтылып, рухани өсуге мүмкіндік мол.
Кейде бізді ең қиын сәтте сатып кетеді – басқаның көмегіне қатты мұқтаж кезімізде. Қарасаң, жаныңда тек бір адам қалады. Егер қалса... Ешкім қол ұшын созуға құлықты бола қоймайды. Мұндай адам мүжіліп кетеді деп ойлайсыз ба? Олай бола қоймас. Адамды адам ететін түйсік іске қосылады. Адам кез келген жағдайдан аман қалудың жолын табады.
Бір дәрігер маған науқастарын бақылап жүріп мынадай қызықты байқағанын айтып берді. Ешкім күтім жасамаған науқастар тез жазылады екен. Ешкім апельсин, ананас тасып, тамағын төсегіне жақындатып отырып, қасықтап аузына тоспайтын адам тез сауығады. Ондай адам өзі тұрып асханадан барып тамақ ішеді. Не төсегіне отырып, қасықты өз қолымен ұстайды. Қарын аш қой қайткенде. Тезірек дертімнен айықсам деп ойлайды – ауырып қалу тым қымбат. Тезірек жұмысқа шығу қажет. Себебі, бұл адамды бағатын басқа ешкім жоқ. Өйткені, үй-іші бұған қарап отыр. Бала-шағаны асырау керек. Не қарт ата-анасын бағады. Не мысығы үйде жалғыз қалды.
Осындай пациенттер тез сауығып, тез қатарға қосылады. Оларға дәрігер назарын аз бөлсе де, бәрінен бұрын аяққа тұрып кетеді. Өйткені, олар үшін ешкім ақы төлемеді, сыйлық сыйламады. Бірақ олар қамқорлықтан көз ашпайтын бай-манаптарға қарағанда тез жазылады. Байларға теледидар қосып, әуе шарларын іліп, жылы көрпе жауып, үйден бәліш тасиды. Қастарында күтушілері отырады. Сонда да олар ұзақ ауырады.
Кейде дәрігерлер ереуілге шыққанда ел ішінде адам өлімі күрт азаяды екен. Қызық. Бірақ шындық. Ешкім ауырмай, ешкім өлмейді екен. Ел іші оларға ешкім көмектеспейтінін біледі. Сонда организмнің қосымша күш-қуаты қосылады. «Өз-өзін құтқару» басталады.
Адам өте қызық жаратылыс. Құпия жаратылыс. Жаман оқиға біреудің көңілін аулауға, қамқорлығын сезінгенше жалғасады. Тіпті сырқаты күшейе түседі. Ал сенетін адамы болмаса – адам қалтыраған аяғына тұрып, асханадағы сорпаны ішуге барады. Не әжетханаға. Сосын ауруханадан шығады. Не қиын жағдайдан шығады. Діріл қаққан әлсіз қолдарына қарамастан, бозарып-көгеріп жүрсе де өзіне өзі келеді. Оны елдің бәрі тастап кетсе де, ол аяғына нық тұрады. Ешкім көмектеспесе де өзінің өмірін жалғастырады. Сырқаттанғанда, бақытсыздыққа тап болғанда, күн туғанда тірі қалу үшін адам оргнизмі неше түрлі ресурстарды қосады. Сенісетін адамың жоқ болған соң өзіңе сенесің. Өзіңнен жақын ешкім жоқ. Періштеңе сенесің. Ақырындап Робинзон Крузо құсап ес жиясың. Ол да тірі пенде жоқ аралда ауырып қалып, өзін өзі емдеп, бар қиындықты жеңіп шыққан.
Сатып кеткендер қайтып келеді – әдетте солай. Қайтадан деніміз сау боп, жетістікке жеткенде табысамыз. Ал біз – бізді шын жақсы көрген, біз жоқта жылаған, уайым кешкен, қатты күткен адамдарға ораламыз. Есіктің алдында отырып дұға тілеген адамдардың барын білеміз. Кейде жалғыз қалып, ес жиясың. Тірі қалатыныңа сенім оянады. Өмірді басқаша бағалайсың. Біраз инвентаризация жасайсың.
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілдә