Некені бұзатын негізгі жеті себеп
08-04-2021
«Тілек», «арман», «махаббат» және осы тектес сөздердің жалпы алғанда мағынасы ұқсас. Бұлардың арасында ең мағыналысы ықтияр деген сөз. Себебі, ықтияр деген өмірдің өзі. Інжілде Құдайды махаббат деп атайды. Қай мағынадағы махаббат? Ықтияр есебіндегі махаббат. Жаратушы ғаламды немен жаратты? Махаббатпен? Ықтиярмен. Махаббат содан соң келді. Махаббат деген ықтияр. Ықтиярлықты көрсету арқылы махаббатқа айналдырамыз. Демек басында ол ықтияр болған. Аградағы Тадж Махал ұлы ғибадатхана делінеді. Ұлы қағанның сүйіктісіне арнап салған сыйы. Егер осы мәселеге терең мән берсек, Тадж Махалды махаббаттың көрінісі деуге келіңкіремейді. Яғни, оны ықтиярлықтың феномені деуге болмас. Оны салдыртқан рухқа, импульске қарап, іргесі қалана бастаған шақта оны қағанның ықтиярлық феномені деуге болар. Ал біткен соң қағанның махаббатының көрінісіне айналды.
Адам «мен армандаймын», «осыны қалаймын» дегенде – ырықсыз ықтиярлық туады. Ол өз күшін сезінбейді. Әлі нені қалайтынын нақты түсінбейді. Оны арман, тілек деп атайды. Егер адам «мен солай болғанын бұйырамын» десе, болмай қоймайтынын білдіреді. Осылай дей алмайтын адамда ықтияр болмағаны.
Бұдан шығатын қорытынды ықтиярлық деген – барлық құбылыстың қайнар бұлағы мен бастауы. Үнділер әлемнің жаратылысын Брахманың, Жаратушының түсі деп атайды. Алайда түс деген – бейсаналық ықтиярдың феномені, ол автоматты түрде әрекет етеді. Ықтиярлық – жанның әрекеті. Жанды «Мен» деп атаса да болады. Олардың айырмашылығы адам және оның әрекеті арасындағыдай. Терең ойланатын адам қиялы шексіз адамнан басқа болады. Олардың айырмашылығы бірі ықтиярлықпен ойласа, бірі ықтиярсыз ойланады. Адам ықтиярының құнын түсінгенде әлемде одан қымбат ештеңе жоқ екенін пайымдайды. Ойлы адам: «Менің ықтиярым бар ма? Менің ықтиярым күшті ме, әлсіз бе?» деп ойланады. Жауабы мынада: ықтиярсыз ешкім тірлік ете алмайды, әр адамның ықтияры бар. Мидың автоматты жұмыс істеуі қиялды жетілдіреді, оның құны мидың дамуына бағынады; егер ми жоғары деңгейге ұмтылса, онда қиял жоғары деңгейде болмақ; егер ми биік деңгейге тырысса, онда қиял да биік деңгейде болады. Қиялдың өзінің мақсаты мен қолдану өрісі болады. Ол қай кезде маңызды? Жүрек тым жоғары деңгейді алса, қиял жұмақтан басқа жерге түспей қалуы ықтимал. Махаббатқа, үйлесім мен сұлулыққа тұнған жүрек ешбір пәрменсіз автоматты түрде жүзеді. Осы автоматты қозғалыста ол әрекеттескен әр нәрсеге әсер етеді. Немесе басқа бір пішінде көрініс табады. Сызық, түс, дыбыс ретінде көрінсе, онда өнер туындысы туады. Көркем сурет, музыка, немесе поэзия. Мұндай кезде қиялдың құны өте бағалы. Ал бизнес, ғылым және күйбең тірлікке қатысты басқа дүниелерге келсек, онда қиялды шетке ысырып қойып, ойлануға мән берген дұрыс.
Күн мен түн, демалыс пен жұмыс қандай керемет теңгерім болса, сол секілді ойлану мен қиялдың да өмірде өз қолданыс аясы бар. Мысалы, егер ақын ықтиярмен қиялын бағыттаса, ол нақты ойға айналып, нәтижесі қатқыл шығады. Ақынның ақылы нені түйсінсе де, санасы еркін жүзіп, жүрегі қалағанын тудырғаны абзал. Содан шыққан нәтиже – шабыт болмақ. Бірақ адам бизнеспен айналысса, онда көңіліне ұшып-қонып жүруіне жол бермеуі тиіс. Ол тірлікті ойлап, әр адамға қамқор болуы керек.
Осыдан кейін барып ықтиярлықты қалай сақтап, жетілдіру керегін ойластырамыз. Біздің сүретін өміріміздің табиғаты үнемі ықтиярдан айыра береді. Өмір бойы жан-жақтан сезінетін қысым, өзіміздің «меніміздің» жасайтын кедергісі бар, ойымыз, арманымыз, тілегіміз, құлшынысымыз ықтиярымызды жоқ қылады. Жан дүниеміз Біртұтас ықтиярлықпен қалай байланысатынын білетін адам өмірлік уайым-қайғы деген өз ықтиярымызды кемітіп, тарылтып, шектеп тастайтынын түсінеді. Қуанышымыз да қайғы секілді ықтиярлықты азайтады; ләззат алу мен жан дерті; ықтиярлықты нығайтудың жалғыз жолы – оның табиғатын зерттеу, талдау, адам болмысында басқа сезімдерден басқа ықтиярлықтың барын түсіну.
Құлшыныс ерік-жігерді ұлғайтып жатқандай көрінуі ықтимал. Алайда ақырында сол ерік-жігерді сорып қойып жатқанын түсінеміз. Құлшыныс – зияттағы көлеңке. Құлшыныс зорайған сайын жан да биіктей бермек. Құлшыныс мықты болған сайын адам да мықты болмақ. Құлшыныс идеалдан төмен болса, бұл адамның құлағаны, сүрінгені. Құлшыныс адамның идеалымен қатарлас болса, онда адам биіктейді. Айналаны бағалау кеңдігі құлшыныстың кеңдігіне сәйкес. Адамның күші де құлшынысының қуатына сай нығаяды.
Оның үстіне ағылшын мақалында: «Адам болжайды, Құдай жасайды» деген сөз бар. Біз үнемі өзіміздегі қуаттан да зор қуатпен бетпе-бет келеміз. Әрі ол ылғи біздің тілегімізді қолдай бермейді. Ықтиярлығы өзінікінен де зор күшпен тірескен тұлға ерте ме, кеш пе беріліп, ерік-жігерінен айырылудың әсерін сезінуі керек. Бұл бір ғана мысал. Адам өз еркінен тыс ырқынан қалай айырылатыны туралы мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Белсенді болу, не шешім қабылдай алу ықтиярлықты нығайтады деп есептеледі. Ал пассив болу ықтиярлықты жояды делінеді. Бірақ олай емес. Шайқаста шабуыл бар, шегіну бар. Шегініп бара жатып, жеңілмейсіз. Ал шабуыл үнемі жеңіске жеткізе бермейді. Ықтиярын ылғи қолданып, шаршата берсе, адам оны тез-ақ тауысып қояды. Мұныңыз қолыңызда ұстап тұрған жіп құздағы тасқа егеліп жатқан кездегідей сенім боп қалмақ. Ырық-ықтиярым зор дейтін адамдардың тез шаршап қалатынын көріп жүрміз. Ал олай айтпайтындар шаршамайды. Ықтияр мен даналық арасында үнемі күрес жүріп жатады. Істеуге тиіс ең бірінші әрі дұрысы – даналық пен ықтиярды үйлестіру. Егер адам: «Мен мұны жасағым келеді, мен осыны істеймін» десе, - сезімі оған: «Жоқ, сен олай жасай алмайсың, олай жасама» деп шығады. Сондықтан қанша жерден ерік-жігері мықты болса да, ол істегісі келгенін істей алмай қалады. Не өзінің даналығына қарсы жұмыс істейді. Бұл бізге өмірді басқа қырынан танытады: көреген адам бола тұра ықтияры осал болса, бұл адам ықтияры боп тұрып даналығы жоқ адам сияқты әлсіз болғаны. Даналығын мақтан етіп, ықтиярды асыра пайдалану жөн емес; ықтиярды алға шығарып, даналықты кейінге қалдыру да дұрыс емес. Екеуін де бір нәрсеге айналдыру маңызды. Адам тартылатын әр құбылысқа екеуін бірдей саналы түрде қолдану өте өзекті. Мұны күнделікті өмірде пайдалануға болады. Ұнайтын заттарға жоқ дейсіз. Егер адам ұнатқанының бәріне қол жеткізе берсе, ол күмәнсіз ықтиярын шектен тыс қолданғаны, себебі, мұндай кезде оның қарсы әрекеті болмайды.
Егер біреу қалағанынан бас тартса, ықтиярға құлшыныс беріледі: мұндай сәтте ықтиярлық өзін-өзі сезінеді. Тіріледі. Неге сол дүниеге қол жеткізбеу керегін түсінгісі келеді. Мысалы, адам шабдалы ағашының бұтағын сындырып алмақшы, сол сәтте шабдалының гүліне көзі түседі. Гүлдің әдемілігі туралы ойланып, сол кезде неге гүлді ағашта қалдырмасқа деп ойлайды. Ықтияры шешім қабылдап, гүлді ағашта қалдырады. Бұл адамға керемет құлшыныс береді. Себебі, бірінші тілегі гүлге ие болу еді, сосын сезім араласты; үйкелгеннен жарық қалай пайда болса, ықтиярлық та үйкелгеннен пайда болады.
Ықтиярдың күші бақылауда; қиял, керісінше бақылаусыз әрекет етеді, себебі, оны қадағалағысы келгендер бүлдіріп тастар еді. Дүниеде ештеңе ақыл мен тән аясында ықтиярсыз бола алмайды. Алайда бірінде ықтиярлық толық қадағаланса, екіншісінде автоматты түрде әрекет етеді. Ықтиярлықтың бір дұшпаны – тілектің қуаты. Кейде ол ықтиярлықты күшінен айырады. Кейде тілектің кереғарлығының арқасында күшейеді. Інжілде айтылатын өзіңнен бас тарту, безіну – әдетте тілектің күйреуін білдіреді. Бұны принцип ретінде емес, тәсіл деп түсінген абзал. Безінуді принцип деп түсінетіндер – барын жоғалтады, ал оны белгілі бір үдеріс деп түсінетіндер – барын еселейді.
Сезімнің, даналықтың дұшпаны – ақылдың сабырсыздығы. Тыныш күйінде ақыл дұрыс ойлануды дамытады, даналық қайнар бұлақ сияқты еркін ағады. Сопылар бұны сіңіру үшін түрлі дене жаттығулар мен медиативті тәсілдер жасатады. Сонда ақылда даналық жетіле бермек. Мазасыз теңізде емес, тыныш қалыпта ғана судан өз сұлбаңды анық көруге болады. Адамның жүрегі де су сияқты. Ақыл тұнық болса, даналық өздігінен шыға береді. Демек, даналық ықтиярмен біріксе, жетістікке жеткізеді. Ықтиярды жүйелі түрде жетілдіру тәнді жаттықтырудан басталады. Тән алдын ала айтылған бір қимылда отыруы тиіс. Тұр деген жерде тұрсын. Тән істе дегенді істеуге шамасы келмей, шаршап қалмасын. Адамның міндеттеген нәрсесін істеуі қажет. Сопылар тәнді жаттықтырып бастағанда, бұған дейін оның қаншалықты бейберекет болғанын түсінеді. Өзімнің тәнім деп есептеген денесі кімнің ыңғайына қарай икемделіп өткенін біледі. Осы уақытқа дейін тәні дұрыс емес, ештеңеге бағынбай, дінсіз өткенін бағамдайды.
Содан соң ақылды жаттықтырады. Мұны зейіннің арқасында жасайды. Егер ақыл бос болмай, ал сіз басқа бірдеңе ойлағыңыз кеп тұрса, онда ақыл мазасызданып кетеді. Бір орында тұрғысы келмейді. Себебі, ешқашан тіл алғыш болмаған. Жаттықтыра бастағанда асау аттай шапшиды. Зейін салу кезінде қиындықтар орын алады. Ақыл ары-бері секіре береді. Салмақ түспеген кезде жайбарақат бола қалады. Ақыл деген ерекше жаратылыс. Ол да жылқы сияқты сезімтал. «Неге мен сен үшін мазасыздануым керек?» Алайда ақыл деген ләм демейтін малай болуы тиіс. Дене де өмір тәжірибесін өтуге ыңғайлы құрал болсын. Егер бұлардың ахуалы дұрыс болмаса, біз қалағандай әрекет жасамаса, онда бақытан, ыңғайлы өмірден үміт жоқ. Ықтияр тәнді басқарып, оны жетілдіре алатындай мықты бола алады. Онда ажалды қалай түсіну керек деп сұрар біреу... Ажал ықтияр үшін бөтен емес. Ажалдың өзін ықтияр шақырады. Адам ажалды мен шақырмадым дер, шынында да солай көрінеді. Дегенмен, оның ықтияры кеміп, Ұлы ықтиярлық әлсіз ықтиярды түсініп қалып, оны өзіне қайтарып алады. Себебі, әлсіз ықтиярдың бәрі Ұлы ықтиярлықтың еркінде. Біріншіні сопылар Қадыр деп атаса, екіншісін – Қаза деп атайды. Қаза өз пәрменін Қадырға жасатады. Қадыр бейсаналы түрде бәрін орындайды. Өмірде адам әлі де өмір сүргім келеді десе де, жан дүниесінің түкпірінде ол ажалды мойындап қояды. Егер адам ажалды мойындамаса, ол өлмейді. Өмірін алмай тұрып адам өзі ажалды мойындап қояды, соның дегеніне көне кетеді.
Адам ықтиярының Ұлы ықтиярға бағынуы шын өлім боп шығады. Өлімнен кейін қайта туу бар. Бұған Құдайдың қалауындағы ізденіс арқылы жетуге болады. Егер ізденіс басталып кетсе, жету қиын емес. Адам ештеңеге талпынбаса, ол Құдай нені қалайтындығынан мақұрым қалады. Сопылар бұдан басқа да сабақтар өтеді: ет жақындарына қамқорлық таныту – адам әдеттегі өмірінде бас тартатын нәрсе бұл. Ол ендігі жерде Құдайдың қалауындағының бәрін жасауға ынталанады. Тек жақындарыңа жақсылық жаса десе, бас тартады. Дегенмен, бірінші және екінші жағдайда да адам Жаратушының қалауын орындауға тырысқаны. Адам мойынсұнудан бастайды. Өмірде көнбістікке үйренгенде Ұлы Жаратушының ықтиярына көнеді, оған мойынсұну керек емес боп қалады. Себебі, оның өзінің ықтияр Ұлы ниетке, Ұлы нығметке айналады.
Хазірет Инаят Хан
Аударған Шынар Әбілдә