Өзіңді жетілдір

Oinet.kz 07-11-2019 1294

өзіңді жетілдір.jpg

Өзіңе қамқор бол. Күйеуге емес. Үйлесімді қарым-қатынастың бәрі үйлесімді әйелден басталады. Өзгені өз ырқына оңай көндіретіндіктен я құпия бір тәсілдерден емес. Жігітті қалай өзіне бағындыру, қалай үйлендіру керек дейтін амалдарды қолданғаннан емес. Жоқ. Жанында үйлесімі бар әйел ғана үйлесімді қарым-қатынас құра алады. Нүкте. Басқа жол жоқ. Егер әйел оңашада рақаттана алса, жалғыздықтан қорықпаса, өзінің көңілін өзі аулай алатындай бір іспен айналысса, өзін лайықты бағаласа, құрметтесе, өзін жақсы білетін, қалауын жақсы түсінетін, көңілі тоқ, сабырлы болса, нені қалайтынын анық түсінсе, ендеше қарым-қатынас бір ізге түседі.

Алайда көбінесе әйелдер:

*Ер адамнан тірек іздейді, балдаққа сүйенгісі кеп тұрады;

*Үнемі күйеуін азғырып отырады, с ебебі іштей махаббат пен бақытқа өзін лайықсыз сезінеді;

*Не қалайтынын өзі де білмейді, сосын ерінің арман-мақсатына сай өмір сүруге көшеді, ақырында бұдан да түк шықпайды;

*Ерін психотерапевт ретінде пайдаланады;

*Қашып құтыла алмайтын, өзінің мені жоқ жабысқаққа айналады;

*Ерінен айырылып қалуға қорқады, сондықтан әр қадамын бағып, аңдып отырады;

*Өзінің еркіндігін әркімге дәлелдеп әуреге түседі, соның кесірінен үнемі жалғыз;

*Сене алмайды, етене жақындыққа жүрегін аша алмайды, сол себепті сезімнің бәрін суррогатпен алмастырады;

*Ерінің есебінен әкесі салған жан дертін емдейді;

*Еркектен өзіне керек бірдеңе жасауға барын салады, оның қадір-қасиетіне, болмысына, қалауына мән бермейді;

*Қолға түскен еркекке жабысады, әйтеуір жалғыз қалмасам болды дейді;

*Өзін кемсіте беретін қарым-қатынасқа көз жұмып қарайды, бұл екеуіне де зиян екенін түсінгісі келмейді;

*Күйеуін ұрыс-керіске азғырып отырады, себебі іші толған күйік, өшін кімнен аларын білмейді;

*Ұстауға болмайтын (Ұстау деген не сөз? Еркек не ту ма ұстап жүретін?) адамның шаужайына жармаса береді.

*Ерте ме, кеш пе бұ бақытсыз бейбақты байқап, бақытты қылар деп үміт қылады;

*Өзіне қызығушылығы жоқ, оңашада ұзақ отыра алмайды;

*Ер адамды өзінің материалды не тән қалауы үшін ғана қолданады;

*Қартаюға, семіріп кетуге және т.б. нәрселерден қорқады, әйтпесе күйеуім тастап кетеді деген үреймен өмір сүреді, неше түрлі ота жасатады, укол салдыртады;

*Сырттай махаббатты күтеді, оны жан дүниесінен алуға қауқарсыз. Тағысын тағылар...

Бұл әйел затының қарым-қатынаста істейтін істерінің бір парасы ғана. Бұлардың ешбірі әйелді қалағанына жеткізбейді. Себебі, әйел өзгені емес, өзін жетілдірумен айналысуы тиіс. Ерін жетілдірумен емес. Өзін. Ең алдымен өзіңізбен қарым-қатынасты реттеп алыңыз. Содан соң өзгелермен аралас-құраласты орната бересіз.

Себебі, жан дүние тыныш, сабырлы болса, өзгеден көмек сұрау оңай, жылы сөз айту жеңіл. Балық аулауға жіберу де оп-оңай. Алайда осының бәрін жасау сіз үшін апаттан да қиын десеңіз, оған адалдықты тек тәнмен емес, ақылмен де сақтау қажет деп түсінбесеңіз, оны бар болмысымен қабылдап, жеке кеңістік қалдыру дегенді баланың ермегі десеңіз, бұл белгі.

Оны ойлауды доғару керек деген белгі. Оны өзгертуді доғару, оның жүзінен сіздің бар тілегіңізді орындайтын сиқырлы тетікті іздеуді доғару. Бұлай жалғаса берсе, қарым-қатынас бұзылады. Махаббаттың түбіне жетесіз.

Бар ынтаңыз бен екпінді күйеуіңізден не жігітіңізден бұрып, өзіңізге түсіріңіз. Егер күйеуге шыға алмай жүрсеңіз, онда еркек атаулыны ойлауды тіптен доғарыңыз. Өзіңізді ойлаңыз. «Некені қалай құтқарады?», «Онымен қарым-қатынасты қалай жақсартсам?» дегенге бас қатырмаңыз. Бұл мәселелер приоритет болуға лайық емес. Тіпті «қашан күйеуге шығам?» деп те алаңдамаңыз. Алдымен өзіңізге өзіңіз қызық әрі маңызды болып үйреніңіз.

Өзіңізді таныңыз. Өзіңізге уақыт бөліңіз. Жақсы көріңіз. Көңілдің мазасын қашырған дүниелерге мән беріңіз. Жан дүниеңізді тыныштыққа бөлеңіз. Өзіңізге не керегін біліңіз. Махаббат, қамқорлық, әуестік, құлшыныс – бәрі өз ішіңізде. Ішкі сұранысқа сай өзгеру. Көкөніс өсіруге ұқсайтын нәрсе. Алдымен топырағын даярлайды. Топырағы дайын болса, дән егеді. Суғарып, баптау оңай. Топырағы дайын болмаса, ештеңе өнбес.

Ольга Валяева

Аударған Шынар Әбілдә

Тәкаппар байды орнына қойған Қожанасыр
Ықтияр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу