Өмір-ойын
Сенің өмірің бір-ақ сәтте өзгеріп кете салуы ықтимал. Айналамызда біз байқай қоймайтын есепсіз мүмкіндіктер құжынап тұр. Біз тек әдемі сөздерді қайталағанды ұнатамыз. Әлдебіреудің жетістікке жеткені жөнінде кітаптар оқимыз, киносын көреміз. Ал өзіміз шарттылықтар қашан туады, қашан өзгеріс болар екен деп күтеміз. Сонда қалағанымыздай өмір сүретін боламыз деп армандаймыз
Көп жыл бойы сылтау іздеудің кәнігі шеберіне айналдың. Сәл-пәл шыдасам, сабыр етсем қалаған биігіме жетем, арманымдағы адамыма айналамын, жалақым өсер, осы соңғы рет күткенім, ақырғы қайғыруым болсын дейміз... Осылай деу әділетті көрінеді. Басқаша қалай? Ойлашы, адам орнынан тұрды да өз қалауынша өмір сүріп кете салды. Миға сыймайды. Қалай? Өзгелерді сұмдық ыңғайсыздықта қалдырды ғой. Сен жай ғана басқаша ойлағаннан біраз адамның тынысы тарылары сөзсіз.
Осы уақытқа дейін мен әрекет пен жетістік арасындағы айырмашылықты байқамай келіппін. Әйтеуір, бір жаққа талпына беру керек деп ойлаппын. Өмір деген – қозғалыс деппін. Мақсаттан мақсатқа алып-ұшып жүгіре беріппін. Тауға шығатын альпинист құсап, бір биіктен келесі биікке асығыппын. Қазіргі сәтке зейін салмаппын. Тек биікке ұмтылыппын. Алда тағы бір шың бар деп өзімді қанаттандыра беруші ем.
Жоғары шығу үшін аяқ қояр жер іздей бересің. Келесіде аяғыңды қайда тірейсің дегенді есте ұстайсың. Мұның бәрінен бір сәтте құтылдым. Күтуден шаршадым. Саналы өмір туралы көп оқыдым. Жағдайдың өзгере беретіні туралы. Ақылды адамдардың сұқбатына араласып отырушы ем. Бұның бәрі ақылдың қулығы екен. Мен ешқайда асығудың қажеті жоқ дегенді түсінуді кейінге қалдырып келіппін. Ешқайда талпынудың да керегі жоқ. Дәл қазір кімсің, қай биіктесің – маңызды емес. Жайбарақат тыныста. Өмірді өн бойыңнан өткіз.
Бұл әрекетті сөзбен сипаттаудың түк қажеті жоқ. Күнделікті өмірде оның қалай көрініс табатынын ғана сипаттауға болар. «Жақсы кездерді» күтуді доғарасың. Неғұрлым ыңғайлы жағдайға ұмтылмайсың. Кездейсоқ дәл қазір бақытты болу үшін бәрі бар екенін түсінесің. Өмір ағысын бақылайтын мүмкіндігің, осы ойыннан ләззат алу ғажабың. Ойынның мағынасы сан алуан түрлі мүмкіндіктерді бір-біріне кіріктіре отырып керемет шарттарға жол ашу. Сен ештеңе істеп әуре болмайсың. Сенің бар міндетің өн бойыңнан өтіп жатқан өмір қалай өзгеретінін бақылау.
Оптикалық линзаны метафора етіп алайын. Оның жұмысы не? Ішінде не болып жатыр? Адамдарға да өн бойынан өтіп жатқан өмір ағыстарын түсіну үшін дұрыс пішін мен қалыпқа ену керек. Айналамызға тек өз пішінімізді өзгерту арқылы ғана әсер ете аламыз. Қоршаған ортаға өз ілтипатымызды өзгертіп қана әсер етеміз.
Дәл қазір қолда не бар? Сонымен жұмыс істе. Өзіңнің түсінігіңе кіріктір. Қажетті контекстті тудыр. Әр адамды әрекетке құлшындыратын оймен сәулелендір. Ойын деген осы. Импровизация. Ол үшін ешқайда асығудың, биікке ұмтылудың қажеті шамалы. Ештеңені күтпе де. Ойын үшін керектінің бәрі жүрегіңде бар.
Назарыңа не түсетінін анықта. Нені қалайтыныңды өзіңнен сұра. Соған жету үшін не істей алатыныңды есепте. Соған жетудің ынтасы жүректе, ақысы белгілі, не істеу керегін ғана анықта. Қалағаныңа қол жеткізіп, қуанышпен өмір сүр. Неғұрлым қарапайым, еркін шешімдерді ізде.
Армен Петросян
Аударған @shinarabelda