Қызылордада 32 науқасқа тиісті дәрілері мүлдем берілмеген
Қызылорда облысы Жалағаш ауданы прокуратурасымен 30-дан астам науқастың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылмағаны анықталды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.
"Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету" ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, 8 495 науқастың 3 230-на (38,0%) емдеуші дәрігермен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар алуға тегін рецептілер жазылған. Соған қарамастан емдеуші дәрігерлермен дәрілік зат алуға рецептілер жазылған 32 науқасқа тиісті дәрілері мүлдем берілмеген. Мысалы, науқас Б-ға "Артериялық гипертензия" нозологиясы бойынша дәрі-дәрмектерді алуға 4 тегін рецепт жазылғанымен, ол бұндай дәрілік заттарды мүлдем алмаған", - делінген таратылған ақпаратта.
Аудандық аурухананың бұл әрекетіне аудан прокуратурасының ұсынуы негізінде заң бұзушылыққа жол берген қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 32 науқас дәрілік заттармен толық қамтылып, заңмен қаралған құқықтары қорғалды.