Перзентін қоқысқа тастаған көкек ана ұсталды
Жаңа туған нәрестесін қоқыс контейнеріне тастап кеткен оралдық көкек ана ұсталды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 6 қазан күні таңертең Құрманғазы көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында қоқыс контейнерінің жанынан қара түсті сөмке табылған. Оның ішіндегі целлофан пакетте жаңа туған шақалақтың өлі денесі болған. Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласының 1988 жылғы тұрғынын анықтап, ұстады. Оқиға орнынан сөмке, жамылғы, 2 пакет, 2 есік кілті, домофон кілті табылды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 100-бабына сәйкес (жаңа туған баланы анасының өлтіруі) тергеу амалдары жүргізілуде.
Нәрсетесін қоқысқа тастаған әйелдің бұдан басқа төрт баласы бар. Шақалақтың қалай өлгені сараптама қорытындысына сәйкес анықталатын болады. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоқыс контейнерінен шақалақтың мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.