Көне Отырар шаһарының тұрғындарына адалдық құндылықтары дәріптелді
Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына кері әсер етіп, ел экономикасы мен әлеуетіне кедергі келтіретін қауіпті індет. Сол үшін де, бүгінгі күні қоғам дертімен қарқынды күресу – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі болып отыр.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Г.Төлегенқызы Түркістан облысына қарасты көне шаһар Отырар ауданында болып, сыбайлас жемқорлық мәселелерінің алдын алу бойынша ауданның барлық ұжымының қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Түсіндіру шаралары барысында ауданда орналасқан 14 мекеме, оның ішінде мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, аудан әкімі аппараты мен оның дербес бөлімдері, мемлекеттік кірістер және статистика, кәсіпкерлер мен төтенше жағдайлар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Жастар, дін және этно-мәдени бірлестігі, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталығы, мектеп директорлары мен ата-аналар, сондай-ақ әскери бөлім мен медицина саласы қамтылды.
800-ге жуық тыңдаушыны қамтыған жиында басты құндылықтар, яғни адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарының қасиеті қазбаланып, бүгінгі күні басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға аударылғаны барлығына ескертілді.
Сондай-ақ, әрбір азаматтың осы індеттің алдын алуда орны ерекше екені атап өтіліп, қоғаммен кері байланыс орнату үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «WhatsApp» желісіндегі арнайы байланыс сымтетігі мен Агенттіктің 1424 Call-орталығының сенім телефоны таныстырылды.
Жиын соңында тыңдаушылар назарына тиісті ақпараттар слайд арқылы ұсынылып, құқықбұзушылық фактілері бойынша арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.