«Адам мәйітінің еті климаттық өзгерістерден құтқаруға көмектесер еді»
Стокгольм экономика мектебінің профессоры Магнус Содерлунд адам мәйіті климаттық өзгерістерден құтқаруға көмектесетінін айтты. Ол үшін адам мәйітінің етін тағамдық мақсатта қолдануды ұсынған. Бұл туралы ол Швеция астанасында өткен Gastro ғылыми симпозиумында мәлімдеген.
Осылайша ол каннибализмге қарсы кертартпа тыйымдарды өзгерту мүмкін екендігін айтты.
Адам етіне деген өзінің пікірін ол: «Аздаған тартыншақтықты сезінемін. Алайда шектен тыс кертартпа пікірде емеспін... Мен, тым болмағанда, оның дәмін татып көруге дайын болар едім», - дей отырып, бұл идеяға ашық екенін айтты. Сонымен қатар швециялық ғалым балама ретінде үй жануарларын немесе жәндіктерді жеуді ұсынды.
Бұл туралы жариялаған New York Post басылымында профессордың ойын жүзеге асыруға каннибализмнің адам денсаулығына төндіретін қаупі кедергі болуы мүмкін екендігі туралы жазылған. Мысалы, Папуа-Жаңа Гвинеядағы аборигендер 1960 жылдарға дейін адам мәйітін жеп келген. Соның салдарынан куру немесе «күлетін өлім» ретінде белгілі ауру індеті тараған.
АҚШ-тың Ұлттық медициналық кітапханасының мәліметі бойынша, аталған дерт адамның бас миының зақымдалған тініндегі ақуыздың салдарынан туындайды.