Байдуалиев емдеу мекемелерін аралап, жұмыстарымен танысты
Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау мекемелерін аралап, жай-күйімен танысты.
Басқарма басшысы «Абай» Келес аудандық орталық ауруханасы болды. Ол аурухананың қабылдау бөлімінен бастап, бейінді бөлімдерді және мамандандырылған емхана бөлімдерін, аурухананың сыртқы ғимараттарын аралады. Аурухананың басшысы Бекзат Сланов ауруханада жасалып жатқан оталар, заманауи медицинаның озық техникаларын қолдана отырып, көрсетіліп жатқан көмектер мен қолданыстағы жаңа алынған медициналық құрал-жабдықтармен таныстырды. Алдағы уақытта аудан тұрғындарына медициналық қызметтің сапалы көрсетілуі үшін медициналық құрал жабдықтар қажеттілігін атап өтті. 2023 жылғы аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарын талқылап, сметалық құжаттары және аудан көлеміндегі емдеу мекемелерінің жай күйі мен , сонымен қатар салынуы қажет нысандарға талдау жасады. 120 мыңға жуық тұрғын дәрігерлік қызмет жүгініп, дертіне дауа, еміне шипа іздеген «Абай» Келес аудандық орталық ауруханасында медициналық қызмет түрлерін жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Емдеу ұйымының басты мақсаты халыққа бейінді және мамандандырылған медициналық көмек қызметін көрсету, аурудың алдын алу және анықтау, сапалы емдеу болып табылады. Бүгінгі таңда штаттық кестеге сәйкес 191 дәрігер мен 870 орта буын медицина қызметкері еңбек ететін аудандық орталық медициналық ұйым құрамында 18 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Ал, басты ғимараты 297 төсек орынға арналған аурухана жыл сайын медициналық құрылғылармен толықтырылып, таяуда тағы да бірқатар жабдықтармен қамтылмақ. Жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келе жатқан емдеу мекемесінде науқастарға сапалы қызмет көрсету бағыты басты назарда тұр.
Жалпы Келес ауданында 12 ауылдық округ тұрғындарына 71 медициналық мекеме қызмет жасайды. Оның 2-еуі бастапқы медициналық-санитарлық орталық, 18-і дәрігерлік емхана, 25-і фелдшерлік амбулаториялық бекет, 11-і медициналық пункт, 4-еуі ауылдық аурухана және аудан орталығындағы орталық аурухана. Осы медициналық мекмелердің барлығында 1,5 мыңға жуық медицина маманы елге қызмет етеді. Аталған мекеме жалпы аурудың алдын алуға, профилактикалық жұмыстарға басымдық береді. Өйткені ауруды емдегеннен гөрі болдырмау маңызды. Сондықтан осы бағытта тұрғындарды медициналық тексерулерден өткізіп, ауруды анықтау, табылған ауруды ерте сатысында асқындырмай емдеу, сауықтыру, оңалту шараларын жүргізуге ұмтылады.
Асхан Байдувалиев аурухана жұмысын жандандыруға қатысты ойларын айтып, мекеме ұжымына тапсырмалар жүктеді. Іссапар соңында аудандағы денсаулық сақтау саласының мамандары басқарма басшысымен медицина саласының маңызды мәселелерін талқылап, мәжіліс өткізді. Басқарма басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бере келе, медицина саласына облысымызда баса назар аударылып жатқанын атап өтті. Аса жауапкершілікпен, ұйымшылдықпен жоғары деңгейде медициналық көмек көрсету үшін аурухана ұжымына сәттілік тілеп, қолдайтынын жеткізді.
Бұдан соң басқарма басшысы облыстық психикалық денсаулық орталығына барды. Мекеме басшысы Әмірхан Сәлімбеков Асхан Мархабайұлына орталық жұмысын таныстырып, биылғы жоспарларымен бөлісті. Кездесуде басқарма басшысына мекемеде қолға алынған жаңа жобалар туралы мәліметтер беріліп, науқастармен жұмыс істеудегі жаңа әдіс-тәсілдер жайлы айтылды. Айта кетейік, 2022 жылы аталған мекемеде 22083 науқас диспансерлік бақылауда болды, оның ішінде 4056 психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар. 4856 бала мен 147 жасөспірім диспансерлік бақылауда болды, олардың 122-сінде аутизм диагнозы қойылды.
Балаларды емдеуге арналған монтессори бөлмесі ашылды. Мұнда монтессори әдісі арқылы ортаға бейімдейді. Монтессори әдісі – дидактикалық дайындалған ортаға сүйене отырып, бала өз бетімен дамытуға негізделген педагогикалық жүйе. Монтессори әдісінің идеясы баланың психологиялық, әлеуметтік және физикалық дамуына негізделген. Орталық 720 төсек орынға есептелген. 130 төсектік үш «жедел» ерлер бөлімшесі, екі «жедел» әйелдер бөлімі, екі наркологиялық бөлімше бар. Оның ішінде 60 төсек – ерікті, 70 төсек – міндетті. Сонымен қатар бізде 35 төсектік невротикалық бөлімше бар, онда невротикалық аурулары мен бұзылулары бар науқастар қабылданады. Мұнда 45 төсектік балалар бөлімі бар. «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы 30 төсектік медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімі ашылды. Оңалту психикалық ауытқулары бар адамдарға қоғамда өз бетінше жұмыс істеудің оңтайлы деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. 2022 жылы психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 88 науқас медициналық-әлеуметтік оңалтудан өтті. Оның 45-і психиатриялық, 43-і наркологиялық, 11-і балалар бөлімшесінің пациенттері. Сондай-ақ, Сарыағаш пен Кентау қалаларында әрқайсысы 60 төсектік екі бөлімше бар, оларда жақын маңайдағы науқастар емделуде. Облыста 19 психиатриялық кабинет бар.
Асхан Мархабайұлы ең басты құндылық – медициналық білікті мамандар, оларды қолдау және оқыту керектігін, ең бастысы оларды қорғау керектігін айтып сапарын әрмен қарай жалғастырды. Ол былтыр Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өзі Астанада өткен «Дені сау ұлт» медициналық саммитінде салтанатты түрде «Үздік көпбейінді облыстық аурухана» атағын берген Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына барды. «ALTYN SHІPAGER» сыйлығының иегері атанған емдеу мекемесінің құрамында 844 төсектік 27 клиникалық, 27 төсектік 2-анестезиология және реаниматология бөлімшелері, 5 емхана, оның ішінде онкологиялық орталық және параклиникалық бөлімшелері бар. Ауруханада 1899 қызметкер жұмыс істейді, оның 329-ы дәрігер. Күн сайын 17 ауданға, облыстық маңызы бар Түркістан және Кентау қалалары, сондай-ақ үшінші мегаполис Шымкенттің тұрғындарына қызмет көрсететін емдеу мекемесі барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Отандық медицинаға өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай шәкірт тәрбиелеген марқұм Мұқан Егізбаевтың аталмыш аурухананы дамыту мақсатындағы бастамалары мен игі істерін Марат Пашимов жалғастырған болатын. Бүгінде кешенді аурухананы кәсіби хируруг Жанболат Ділдәбеков басқарады.
Бұдан соң басқарма басшысы «ALTYN SHІPAGER» сыйлығының тағы бір жеңімпазы – «Ең үздік босандыру ұйымы» атанған №1 облыстық перинаталдық орталығын аралап көрді. Күрделі жөндеуден өткен орталықта жыл сайын 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келеді. Рахима Нәлібаева басқаратын орталықта төсек-орын қоры – 300, 600-ден астам қызметкер еңбек етеді. Соңғы екі жылда бірде-бір ана өлімі тіркелмеген орталықта ауруларды ерте диагностикалау, туылмаған баланы медициналық қолдау, перинаталды тексеруді жетілдіру шарасына басымдық беріліп келеді. Орталықта сәбилерге, шала туған нәрестелерге ерекше күтім жасалуда. Нәрестелер өлім-жітімі көрсеткіші төмен мекемеде жүкті әйелдердің қауіпсіз босануы мен балалардың денсаулығын қадағалау үшін барлық жағдай жасалған.
2020 жылы – «Жылдың үздік медициналық мекемесі» номинациясын жеңіп алған орталықта хирургиялық және диагностикалық лапароскопия қолданылады. Босанғаннан кейінгі қан кетулер кезінде ағза сақтаушы оталармен сонымен қатар метропластика бойынша ота жүргізілуде. 2018 жылдан бастап орталықтың медициналық генетика бөлімшесінде хромосомдық патологияны жүктілік кезінде анықтау үшін FІSH тәсілімен инвазивтік пренаталдық диагностика енгізілген. Орталықта 18 төсек орынға арналған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімшесі бар. Онда аз салмақпен, мезгілінен ерте, туа біткен ақаулары бар, ауыр сырқатпен туылған нәрестелер жатады. Жағдайлары тұрақталғаннан кейін нәрестелерді күтудің екінші сатысы – нәрестелер патологиясы бөлімшесіне ауыстырылады. Аталған бөлімше 60 төсек орынға арналған. Бөлімше әкімшілігі мен қызметкелерге ана мен баланың бірге болуы үшін бар күштерін салады. Реанимация бөлімшесінде жатқан нәрестелердің аналарына жақын жерден палаталар қарастырылған. Олардың күні-түні нәрестелерінің жанында болу мүмкіндігі бар. Бөлімше қызметкерлері оларды қолдарын дұрыс өңдеуге, нәрестелерін зонд арқылы тамақтандыруға, жөргектерін ауыстыруға және жай ғана сөйлесу, сонымен қатар денесі арқылы сезініп байланысқа түсуге көмектеседі. Шала туған нәрестелерді қолдау және дамыту күтімінің тәсілдеріне үйретеді. Орталықта нәрестелердің өлім-жітімін 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін Кенгуру тәсілі кеңінен қолданылады. Нәрестелер патологиясы бөлімшесінде барлық сәбилер анасымен бірге болады.
Асхан Мархабайұлы арнайы барған №2 Түркістан облыстық перинаталды орталығы да өмір қауіпсіздігін ерекше қажет ететін жүкті аналарға дәрігерлік көмек көрсетеді. Білікті дәрігер Элмира Қожахметова жетекшілік ететін орталықта Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтарал, Сайрам, Бәйдібек аудандарынан келген ерте босану қаупі бар не болмаса денсаулығында қандай да бір кінәраты бар келіншектер, бірінші жүктіліктегі болашақ аналар босанады. Бүгінде елімізде дүние есігін уақытынан ерте ашатын шалабайлардың саны көп-ақ. Орталықта шала туылған балалардың күтімі бөлімшесінде 42 төсек-орын бар. Орталықта жалпы 120 төсек орын бар. Оның ішінде босандыру бөлімі, әйелдер патологиясы бөлімі, балалар жан сақтау бөлімі, гинекология бөлімі бар. Шыны керек, орталық ғимараты ескілеу болғанымен, дәрігерлер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қыз-келіншектерге жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Басқарма басшысы жұмысымен танысқан Түркістан облыстық тері-венерологиялық диспансерін замана көшінен қалмай жаңарып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп отырған үздік мекемелердің бірі деуге болады. Ұлттық жобаға сай ұлттың денсаулығын жақсартуға үлес қосып отырған Бүгінде тері аурулары кең таралған және түрі де көп. Қазіргі медицина көптеген тері ауруларын емдеудің жолын тапқан.
Десе де қоғамды алаңдатқан витилиго дерті көпке дейін ғалымдар мен ақ халаттыларды тығырыққа тіреді. Себебі ақтаңдақтың емі табылмады. Елімізде де бұл дертті емдеу қиынға соқты. Әйтсе де көп жылдық ізденістің арқасында Қазақстанда алғаш болып дәл осы мекемеде «Витилиго мектебінің» ашылуы отандық медицина үшін үлкен жаңалық болды. 2006 жылы ашылған мектепте ультракүлгін кабинаның сатып алынуы ақтаңдақты емдеуге жол ашты. Кейіннен диспансер базасында «Витилиго» орталығы құрылды. Оның құрамына физиотерапиялық бөлімше мен «Витилиго» мектебі кірді. Содан бері бүгінге дейін орталықта қаншама науқас витилигодан айықты. 2016 жылдан бастап білікті мамандардың өздері витилиго трансплантациясына ден қоя бастады. Витилиго бойынша тері трансплантациясы сол кезде Қазақстанда тек Шымкентте жасалды. Осының өзі-ақ диспансер дәрігерлерінің деңгейі қандай екенін аңғартса керек. Түркістан облысында ғана емес республикадағы үздік мекемелердің бірі – тері-венерологиялық диспансерінің мамандары бұл күнде науқастың құлан-таза айығуына бар жағдайды жасап отыр. Білікті басшы Гүлмира Нұрмағамбетова басшылық жасайтын медициналық ұйым заманауи технология, медициналық құрал-жабдықтар арқылы ауруды дер кезінде анықтап, алдын алатын жағдайға жетті. Сирек оталарды да жасап жүр. Шетелдік мамандармен тұрақты тәжірибе алмасып тұрады. Басқарма башысы барған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарын толық қамтитын Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының жетістіктері тіпті таңқаларлық.
Жұмыстарының нәтижесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрімен емдеу тиімділігі кем болмауы тиіс деп белгілеп берген стандартынан да жоғары. – Түркістан облысында 2022 жылы туберкулезден аурушандық 100 мың халыққа шаққанда 27,5-тен 26,3-ке, яғни 4,4 пайызға төмендеді. Шымкентте 2,5 пайызға, туберкулездің таралуы 2,3 пайызға төмендеді. Түркістан өңірінде балалар арасындағы аурушандық көрсеткіші 11,3 пайызға, өлім көрсеткіші 25 пайызға азайды. Шымкент қаласында өлім көрсеткіші 47,1 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, науқастардың арасында емдеу тиімділігі де жақсарған. Дәріге сезімтал туберкулез ауруларының ем тиімділігі 89,1 пайызды құрады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты бойынша 85 пайыздан кем болмау тиіс. Ал, дәріге тұрақты туберкулез ауруларының ем тиімділігі 88,7 пайызды құрайды. Тағы да ДДҰ стандартына сүйенсек, бұл көрсеткіш 75 пайыздан кем болмау тиіс. Бұл дегенімініз, Түркістан облысының көрсеткіштері әлем стандарттарынан да жоғары деген сөз. Мұнда біздің орталық мамандарының сіңірген өлшеусіз еңбегі бар деп анық айта аламын, – дейді Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының басшысы Р.Бектұрғанов.
Тағайындалған күннің ертеңіне-ақ демалыс күндерін де өңірдің емдеу мекемелерінің жұмыстарымен танысуға арнаған Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев іссапарын облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қорытындылады. Аурухананың материалды-техникалық базасын аралап көріп, бөлім меңгерушілермен кездесу өткізді. Жаңа басшы Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы мамандарының қызмет көрсету сапасы көрсеткіштері жақсы екенін атап өтіп, осы деңгейді ұстау үшін негізгі бағыттарға тоқталды. Ең бастысы – кадр мәселесіне жеткілікті көңіл болу, медицина қызметкерлерінің кәсіби білімдерін жүйелі түрде стратегиялық жоспарлау. Кадрларды мекемелерде тұрақтандыру, оларға жағдай жасау. Асхан Мархабайұлы орта буын медицина қызметкерлерімен ерекше жұмыс жүргізу туралы айтып өтті, олардың білімін арттыру, әр мейірбикенің қабілеттігіне қарай жұмыс орнына қою, ата-аналармен тіл табысу үшін коммуникативтік дағдыларына көңіл бөлу туралы атап өтті.
Облыстық балалар ауруханасы 427 төсек орынға арналған құрамында 31 педиатриялық бейінді төсектері бар ірі балалар ауруханасы. Басымды бағыттары болып саналатын балалар кардиохирургиясы, неонатальды хирургия, нейрохирургия, жарақат және травматология, офтальмология. балалар хирургиясы (торакальды хирургия, урология, оториноларингология, бет-жақ хирургиясы), кардиология және ревматология, эндокринология мен аллергология және т.б. бейіндер бойынша жоспарлы және шұғыл түрде МӘМС аясында көрсетіледі. Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасы – балаларға мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрлері шоғырланған, сондай-ақ балалар кардиохирургиясы, нейрохирургия, неонаталдық хирургия, травматология және ортопедия, офтальмология бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін 427 төсек орынды ірі көпбейінді стационар. Аурухана Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің және Шымкент қаласының медицина колледжінің клиникалық базасы болып табылады. Облыстық балалар клиникалық ауруханасы жаңа туған нәрестелер хирургиясының аймақтық орталығы мәртебесінде 10 жылдан астам уақыт бойы Қызылорда және Жамбыл облыстарын қоса алғанда, бүінде Түркістан облысы мен қатар республикалық қала мәртебесін алған Шымкент шаһарының да түрлі даму кемістігі бар балаларына жоғары мамандандырылған медициналық және мамандандырылған хирургиялық көмек көрсетіп келеді.
2021 жылы «облыстағы үздік медициналық ұйым» номинациясымен марапатталған облыстық балалар клиникалық ауруханасын бүгінде білікті дәрігер Алтын Досанова басқарады.