Полицейлер көршісінің атынан несие рәсімдеген жас жігітті анықтады
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс біреу оның атынан 900 000 теңгелік «iPhone» ұялы телефонына тауарлық несие шығарып алған. Яғни жәбірленуші банктен хабар келгенде, өзге біреудің несие алғанын біледі. Содан жергілікті тұрғын тез арада жетісайлық тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Жетісай ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтады. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің телефонын уақытша сұрай тұрып, тауарлық несие шығарған. Содан оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өз қажеттілігне жұмсаған. Қазіргі таңда жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.
Өз кезегінде жәбірленуші әйел полицейлерге алғысын жаудырды: «Несиеге қатысты мәселе туындағаннан полицейлерге арыздандым. Мұндағы балаларым іздестіру жұмыстарын жақсылап жүргізіп, соның нәтижесінде күдіктіні анықтады. Осыған байланысты аналық жүрегіммен рақметімді айтамын! Жұмыстарың алға баса берсін, Алла разы болсын!»-деп атап өтті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі